• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 09:26

Министр Ұлытау облысының денсаулық сақтау саласымен танысты

60 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Ұлытау облысына жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында министр алдымен Жезқазған және Сәтбаев қалаларындағы бірқатар денсаулық сақтау нысанын аралап, мекемелердің материалдық-техникалық базасымен танысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жұмыс сапары аясында министр кардиохирург, білікті маман Юрий Пямен кездесіп, аталған профессордан жүректеріне ашық ота жасаған науқастардың қазіргі жағдайын білді. Министр бұл отаның өңірдегі денсаулық сақтау саласындағы үлкен жетістік екендігін атап өтті. Аралау жұмыстары барысында министр Ақмарал Әлназарова білікті кадрларды тартуды, оның ішінде онколог мамандарын шақыру жұмыстарын күшейту қажеттігін атап өтті.

Жұмыс сапары аясында Ұлытау облысының денсаулық сақтау жүйесіне қатысты кеңес өтіп, Ұлытау облысы әкімдігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі және «Қазақмыс» корпорациясы арасында 2026-2029 жылдарға арналған өңірлік бағдарламаны әзірлеуге бағытталған үшжақты меморандумға қол қойылды. Құжат медициналық ұйымдарды білікті кадрлармен қамтамасыз ету, денсаулық сақтау инфрақұрылымын жетілдіру, саланы цифрландыру, медициналық техникамен жабдықтау деңгейін арттыруды көздейді.

Ұлытауға жұмыс сапарының екінші күні Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова өңірдің медициналық жұртшылығымен кездесті.

Ведомство басшысы денсаулық сақтау саласындағы заңнамадағы негізгі өзгерістер туралы айтты. Ол медициналық көмектің бірыңғай пакетін енгізуге, МӘМС шеңберінде тегін медициналық көмек пен қызметтердің кепілдік берілген көлемін ұсынудың жаңа тәсілдеріне толығырақ тоқталды. Медициналық көмектің сапасын бақылау бөлігінде министр биылғы 15 қыркүйектен бастап Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне қадағалау функциялары берілетінін, бұл көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздігін бақылауды күшейтуге мүмкіндік беретінін еске салды.

Өңірде онкологиялық қызметті дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Министр ерте диагностика, пациенттерді уақтылы жіберу және жоғары технологиялық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету онкологиялық аурулармен күресте негізгі фактор болып табылатынын атап өтті. Медицина қызметкерлері кадр тапшылығы, медициналық көмекті ұйымдастыру және инфрақұрылымның жай-күйі тақырыптарын көтерді. Сондай-ақ, медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру тетігі қызығушылық тудырды, ол пациенттердің құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуі, дәрігерлер үшін заңды қауіптерді төмендетуі және даулы жағдайларды шешуге көмектесуі керек.

Кеңес қорытындысы бойынша министр өңірде арнайы жұмыс тобының құрылғаны туралы хабарлады. «Келесі аптадан бастап Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы жұмыс тобы жұмыс істей бастайды. Оның міндеті – ағымдағы жағдайға егжей-тегжейлі талдау жүргізу, инфрақұрылымның жай-күйін бағалау, жүйелік проблемаларды анықтау және медициналық көмектің сапасын жақсарту бойынша нақты шаралар әзірлеу», деп түйіндеді министр.

Сапар соңында министр Ұлытау облысының тұрғындарымен кездесіп, азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Сондай-ақ жергілікті БАҚ үшін брифинг өткізіліп, өңірдің денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған жұмыстар туралы мәлімет берілді.

Ұлытау облысы