Кейінгі жылдары телефон мен түрлі гаджеттерсіз өмірді елестету мүмкін емес. Әр адамның қолында кем дегенде бір смартфон бар, ал кей отбасында бірнешеуінен қатар жүреді. Бұған қоса әрбір шағын аудан мен қалада сымсыз желілер орнатылған. Бірақ техника көбейген сайын оның адам ағзасына тигізетін ықпалы туралы сұрақ та жиілеп отыр. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті арнайы түсініктеме берді, деп жазады Egemen.kz.
Комитеттің мәліметінше, радиожиілікті электромагниттік өрістер – қоршаған ортаға әсер ететін негізгі факторлардың бірі. Бүгінде ұялы байланыс пен электрондық құрылғылардың кең қолданылуы нәтижесінде адамдардың өмір сүру ортасы осы өрістермен толығып жатыр. Қарапайым тілмен айтсақ, біз күн сайын түрлі деңгейде электромагниттік сәулеге ұшыраймыз.
Ғалымдар мұндай сәулелердің артуы ағзаға әртүрлі жолмен ықпал етуі мүмкін екенін айтады. Мәселен, ұзақ уақыт әсер еткен жағдайда иммундық жүйе әлсіреп, эндокриндік жүйенің жұмысы бұзылады. Сондай-ақ адамда шаршағыштық, ұйқысыздық, ашушаңдық сияқты психоэмоционалды мәселелер пайда болуы ықтимал. Әсіресе, сәуле деңгейі қалыпты нормадан асып кеткен кезде түрлі аурулардың туындау қаупі жоғарылайды.
«Мысалы, қазір Қазақстандағы елді мекендердің 90%-дан астамы байланыс операторларының сымсыз желісімен қамтылған. Әр отбасында кем дегенде бір смартфон бар, яғни біз тәулік бойы толқындардың ортасында жүрміз. Бұл – заман талабы. Бірақ ұялы байланыс пен интернетке сұраныс артқан сайын, жаңа базалық станциялар көбейіп жатыр. Ал бұл – сәулелену көздерінің де артуы деген сөз», дейді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті.
Мәселенің күрделілігі сонда, ұялы телефон мен басқа да құрылғылардың адамға әсері әлі толық зерттеліп бітпеген. Дегенмен ғалымдар электромагниттік өріс ұзақ уақыт бойы әсер етсе, иммунитет әлсіреп, жүйке жүйесіне салмақ түсіп, ұйқы мен көңіл-күйге де әсер етуі мүмкін екенін айтады. Сондықтан мемлекет бұл бағытты қатаң бақылауда ұстап отыр. Денсаулық сақтау министрлігі арнайы гигиеналық нормативтер бекіткен. Онда адам үшін зиянсыз деңгейлер белгіленген, ал операторлар сол нормадан асып кетпеуі тиіс. Яғни, бізді қорғайтын заң да, талап та бар.
Осыған байланысты комитет халыққа бірнеше қарапайым кеңес те береді:
«Электромагниттік сәуледен мүлде қашып құтыла алмаймыз. Бірақ зиянын азайтуға болады. Мысалы, телефонды құлаққа жабыстырып ұзақ сөйлеспей, құлаққап қолданған жөн. Компьютер мен ноутбук алдында көп отыра бермей, арасында үзіліс жасау керек. Сондай-ақ антеннасы бар құрылғылардың қасында ұзақ тұрмаған абзал. Қарапайым тілмен айтқанда, өрістің бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Бірақ ол бізді шаршатып, әлсіретпеуі үшін дұрыс пайдалануды үйренгеніміз жөн».
Айта кету керек, электромагниттік сәуледен қатты қорқатын адамдарды «радиофобтар» деп атайды. Қазақстанда мұндай жағдай жиі талқыланып жүр. Мәселен, бұрынғы Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин елордадағы интернеттің әлсіздігіне тұрғындардың радиофобиясы себеп болып отырғанын айтқан еді. Оның сөзін вице-министр Асқар Жанбакин де растаған болатын. Себебі кей тұрғындар сәуле денсаулыққа зиян тигізеді деп, үйлеріне байланыс стансаларын орнатуға қарсы шығады.