Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Қазақстанның банк жүйесінде шамамен 8 трлн теңге артық өтімді ақша жиналып қалғанын, артық ақшаның 3,5 трлн теңгеге дейінгі бөлігін, яғни 40%-дан астамын, ең төменгі резервтік талаптарды (ЕРТ) қатаңдату тетігі арқылы алуды жоспарлап отырғанын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Қалған өтімділік несие беруге және жобаларды жүзеге асыруға толық жеткілікті. Сондықтан бұл қадам қарыз беруге әсер етпейді. Сонымен бірге біз айтарлықтай антиинфляциялық әсер күтеміз, өйткені экономиканың шамамен 3 трлн теңгесін алып тастай аламыз», деді Сүлейменов.
ҰБ төрағасының айтуынша, монетарлық, монетарлық емес және аралас түрлері бар. Ал ЕРТ – монетарлық инфляциямен күрес құралдарының бірі. Бұл жолғы шешім сараптамалық талдау, пікірталастар және банктермен кеңесулер нәтижесінде жан-жақты қарастырылып қабылданған.
«Әрине, банктер бұл шешімді қол соғып қарсы алған жоқ, бірақ жалпы конструктивті түрде қабылдады. Олар жоғары инфляция экономиканың, өздерінің және халықтың басты тәуекелі екенін түсінеді. Біз инфляцияны қалыпты деңгейге неғұрлым тез қайтарсақ, бұл банктер үшін де соғұрлым пайдалы болады», деп атап өтті Ұлттық банк төрағасы.
Ұлттық банктің шілдедегі деректеріне сәйкес, елдегі ақша массасы (экономикада айналыста жүрген барлық ақша) 47,2 трлн теңгені құрады. Осылайша, артық ақша жалпы ақша массасының 12,7%-на тең болып отыр.