Мемлекеттік орталық музейде қазақ бейнелеу өнерінің дара тұлғасы, көрнекті суретші Молдахмет Кенбаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған «Жарқын бояулар шебері» атты көркемөнер көрмесі есік ашты.
Қазақ бейнелеу өнерінде айшықты із қалдырған дәулетияр дарын иесі – ХХ ғасырда ұлт өнеріндегі жаңа көркемдік дәуірдің бастауында тұрған, ұлттық бейнелеу өнерінің негізін қалаушылардың бірі. Ол отандық сурет әлемінің қалыптасуына жол ашып, тұтас бір буын суретшілеріне ұстаз бола білді.
Кенбаевтың шығармашылығы тек кескіндемемен шектелмейді. 1960–1980 жылдар аралығында елімізде қоғамдық ғимараттарда мозаика өнерінің дамуына айрықша үлес қосты. Оның монументалды шығармалары бүгінде Қазақстан сәулеттік келбетінің ажырамас бөлігіне айналған.
Музей ұжымы көрменің басты мақсаты ұлт руханиятына сүбелі үлес қосқан көркемөнер шеберінің бай мұрасын ұлықтап, келешек ұрпаққа насихаттау екенін айтады. Экспозицияда халық суретшісінің 100-ге жуық таңдаулы туындысы ұсынылған.
Іс-шараға Алматы қаласы әкімдігі, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері, мәдениет пен өнер қайраткерлері, сондай-ақ Молдахмет Кенбаев шығармаларына құрметпен қарайтын өнер жанашырлары қатысты. Көрменің ашылу салтанатында сөз алған Мемлекеттік орталық музейі директорының міндетін атқарушы Сержан Саров даңқты суретшінің мұрасы өнертанушылар үшін өрелі қазына екенін айтып, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтауын жеткізді. Сондай-ақ Кенбаевтың ұлттық өнердегі орны мен музей қорындағы туындыларының тарихи маңызын ерекше атап өтті.
«Кенбаев шығармаларында ұлттық сарын ерекше басымдыққа ие. Оның әрбір туындысынан қазақ халқының салт-дәстүрі, дүниетанымы мен рухани болмысы айқын аңғарылады. Суретші тарихи тақырыптарды, халықтың өмір салтын, тұрмыс-тіршілігін шебер бейнелеп, ұлттық өнерде өзіндік өрнегін қалыптастырды. Оның кескіндемелік туындылары мен мозайкалық паннолары – ұлт мәдениетінің шынайы айнасы іспетті. Кенбаев үшін бейнелеу өнері – тек эстетикалық құндылық қана емес, сонымен қатар, қазақтың рухын танытатын, ұрпаққа жол сілтейтін мәдени мұра» дейді Сержан Саров.
Салтанатты кеште өнертану кандидаты, доцент, «ARK» көркемөнер галереясының негізін қалаушы әрі директоры, КСРО Сәулетшілер одағының лауреаты Елизавета Малиновская мен Қазақстан Суретшілер одағы хатшылығының мүшесі Әсия Хайрулина, Алматы қаласы Мәдениет басқармасының орынбасары Арман Халбеков суретші шығармашылығы хақында жылы лебіздерін жеткізді.
«Молдахмет Кенбаевтың қолтаңбасында философиялық күш жатыр. Ол халқының арман-мұратын өнердің заманауи үдерістерімен үйлестіре алды. Халық суретшісі атақ-даңққа бірден жете салған жоқ. Оның өмірі мінезі мен шеберлігін шыңдаған қиындықтар мен сынақтардан тұрады. Шығармашылық жолының ең алғашқы күнінен бастап туындыларының басты тақырыбын қазақ мәдениеті мен ұлтының рухани бейнесіне арнады», дейді өнертанушы Санжар Сырғабаев.
Көрменің ұйымдастырушысы әрі әке өнерін жалғастырушы Алпамыс Молдахметұлы жиналған қауымға шынайы алғысын білдіріп, әкесінің шығармашылық жолы мен рухани мұрасы туралы естеліктерімен бөлісті. М.Кенбаевтың «Целина» атты туындысы суретшінің отбасы атынан Мемлекеттік орталық музей қорына сыйға тартылды. Бұл шығарма музейдің кескіндеме топтамасын толықтырып, ұлттық бейнелеу өнерінің алтын қорын байыта түспек.
Сонымен қатар Кенбаевтар отбасы Орталық музейге суретшінің ұлттық бейнелеу өнері саласындағы жетістіктерін дәлелдейтін дипломдарын, марапаттары мен сертификаттарын сыйға тартты. Бұл заттар шебердің жеке музейлік кешенін қалыптастырып, Кенбаевтың көркем мұрасын сақтау, қорғау және насихаттау жұмыстарына да зор септігін тигізетіні анық.
АЛМАТЫ