Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Екатерина Смышляева тұрғын үйді басқару сапасына қатысты Үкіметке депутаттық сауал жолдады. Оның айтуынша, бұл мәселе әрбір қазақстандықты толғандырады, себебі саладағы қателіктер тұрғындар үшін бірден байқалады, деп жазады Egemen.kz.
Депутат жаз айларында әріптестерімен бірге барлық өңірлерде тұрғындармен, пәтер иелерінің кооперативі мен меншік иелерінің бірлестігі өкілдерімен, басқарушы компаниялармен кездескенін атап өтті. Сол кездесулерде көтерілген басты мәселелердің бірі – кәсіби басқарушылардың жетіспеушілігі.
«2020 жылы тұрғын үйді басқарушылар нарығы туралы заң қабылданды. Алайда бес жылға жуық уақыт өтсе де, нақты нәтиже жоқ. Реттеуші органдарда нарықтың жағдайы туралы толық мәлімет жоқ, қанша компания жұмыс істейтіні, олардың құқықтық формасы қандай, кәсіби мәртебе алған мамандар саны қанша екені белгісіз», деді депутат.
Смышляеваның айтуынша, 2023 жылға дейін басқарушыларды «Атамекен» ҰКП аккредиттеген оқу орталықтары даярлап келген. Сол уақытта 25 оқу орталығы ашылып, 10 облыс пен үш қалада мамандар оқытылды. Алайда кейіннен бұл салаға қосымша талаптар енгізіліп, кәсіби басқарушыларды сертификаттау құқығына тек арнайы аккредитациядан өткен орталықтар ғана ие болды. Қазіргі таңда мұндай орталықтар елде жоқ.
«Бұл жағдай көптеген басқарушы компаниялар мен ПИК жұмысына қауіп төндіреді. Аккредитация миллиондаған теңге тұрады, сынақтың құны да 100 мың теңгеге дейін жетеді. Оның үстіне, тәжірибелі басқарушылардың бәрі бірдей онлайн-тестілеуден өте алмай қалуы мүмкін. Нәтижесінде біз мамандарды жоғалтып, тұрғындар үйлерін басқарусыз қалдырады», деді ол.
Депутат бірқатар ұсыныстар айтты. Атап айтқанда:
тұрғын үйді басқару нарығына жедел түрде сандық және сапалық баға беру;
аккредитация орталықтарын елдің барлық өңірінде ашып, монополияға жол бермеу;
тестілеу бағасын қолжетімді ету және оны мамандардың жас ерекшеліктеріне бейімдеу;
қазіргі уақытта берілген сертификаттардың барлығын заңды деп тану.
Смышляева орталық және жергілікті атқарушы органдар бұл мәселеден шет қалмауы керегін ерекше атап өтті.