Өткен 11 тамыздан бастап электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) кілттерін алу тәртібі өзгерді. Бұған дейін жұртшылық ЭЦҚ кілттерін онлайн не болмаса халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚКО) барып алатын. Енді бұл қызмет толықтай онлайн форматқа көшті. ХҚКО-ға жүгіну тек биометриялық сәйкестендіру жүйесі тұлғаны растай алмаған жағдайда ғана мүмкін болады.
ЭЦҚ кілттерін алуға пайдаланушы eGov.kz» порталында немесе Ұлттық куәландырушы орталықтың «pki.gov.kz» сайтында өтінім беріп, бет-әлпетті тану жүйесі арқылы биометриялық сәйкестендіруден өтуі қажет. Биометрия сәтті өткенде ЭЦҚ кілттерін онлайн аласыз. Ал егер жүйе сәйкестендіруді орындай алмаса – мысалы, базада фотосурет болмаған жағдайда не техникалық ақау туындаса – пайдаланушының қайталау мүмкіндігі бар. Қысқасы, биометриялық тексерістен бес рет өте аласыз. Осыдан кейін ғана ХҚКО арқылы ЭЦҚ алуға өтінім беруге және оператор арқылы жеке басын растауға жол ашылады. Ең маңыздысы – биометриядан өтпей ХҚКО-ға өтінім беру мүмкін емес. Оператор ЖСН бойынша ақпаратты тексереді. Сондай-ақ интернетке немесе компьютерге қолжетімділігі жоқ азаматтарға ХҚКО-дағы өз-өзіне қызмет көрсету аймақтарында биометриядан өту мүмкіндігі қарастырылған. Егер пайдаланушы сол жерде сәйкестендіруден сәтті өтсе, кілтті онлайн алады.
Азат ЕСЕН