• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 08:20

Зерендідегі зәулім спорт кешені

40 рет
көрсетілді

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың тікелей ұйытқы болуымен қайтарылған активтер есебінен Зеренді ауылында сәулетті спорт ғимараты бой көтерді. Жалпы құны 2 млрд 132 млн теңге тұратын ғимарат осындағы Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебінің иелігіне берілді. Спорт мектебі 1 млрд 633 млн теңгенің құрал-жабдығымен, тұрмыстық заттармен қамтамасыз етіліпті.

Манат Мусин басқаратын «УКСтрой» компаниясы құ­ры­­лыс жұмысын өте сапалы ат­­қарыпты. Осы мекеме әпер­ген спорт­тық құрал-жаб­дық­тар да көздің жауын ала­ды. Рес­­пуб­ликаның ірі қалала­рын­­­дағы спорт ғимараттарын кө­ріп жүр­міз. Зеренді спорт ке­шені сән-салтанаты мен құрал-жаб­дығы жағынан елорда және Алматы ғимараттарынан кем соқпайды.

Бұл кешеннің уақтында әрі ойдағыдай салынуын облыс әкімі Марат Мұратұлы қатаң назарда ұстаған екен. Мамандандырылған мектепте спорттың 7 түрінен жаттығу өтеді: қазақ күресі, еркін күрес, бокс, шаңғы, самбо,фут­бол, спорттық туризм. Алдағы уақытта грек-рим күресі, ауыр атлетика, биатлон бөлімдері ашы­лады. Әзірге ұжымдағы 24 бап­кердің қол астында 807 спортшы шеберліктерін шыңдап жүр.

Күрес залына кірдік. Аумағы – 24 х 12 метр. Төбесінің биіктігі алты метр еңселі залдың төрінде екі күрес кілемі жарқырап жа­тыр. Тынысы кең залда бір мез­гілде 29 балуан жаттыға алады.

Бокс залының аумағы – 18 х 12 метр. Су жаңа ринг құрулы тұр. Жаттығуға қажетті құрал-жаб­дықпен толық қамтамасыз еті­ліпті. Мұнда бір мезгілде 25 спорт­­шының жаттығуға мүмкін­дігі бар.

Бұдан басқа аумағы атшаптырым 2 тренажер залы бар. Бірі­нің көлемі 70,40 шаршы метр, екіншісі 86,00 шаршы метр. Екеуінде бір уақытта 24 адам емін-еркін жаттыға алады.

Тұмса табиғат аясындағы, жан-жағын жасыл желек қор­ша­ған мектепте оқу-жаттығу жиы­нын өткізу үшін 48 орын­дық жатақхана бар екен. Маман­дар мен спортшылардың ас-су мәселесі де ойластырылған.

Осындай сәулетті ғимарат­тың ауыл орталығында са­лын­ғаны тамаша болған. Көп­теген ауылдардың халқы қалаларға көшіп, қазақтың қарашаңырақтары құлазып, бос қалып жатқанда облыс әкімдігінің мына қадамы көңіл­ге қуаныш сыйлады. Себебі ауыл – қазақтың берекесі, құт­ты ошағы. Ел болуымыздың не­­гіз­гі ұйытқысы да қараша ауыл­дар. Туған тіліміздің тамыры да ­ауылда. Салт-дәстүріміздің орда­сы да ауыл. Сондықтан қазағы басым Зерендідегі ғажап спорт кешені сондағы қараша халық­тың көзқуанышы, несібесі әрі арман қуған қарадомалақтарды шыңдайтын мәдени ұстахана. Мұндай ғимаратта жаттыққан балалар ертең Токио мен Дубай­дың спорт кешендеріне еркін кіре­тін болады. Мұндай ғимаратта еңбек еткен қазақ маманы жер шарының кез келген түкпірінде алшаң басып жүреді.

Қоштасарда Зеренді спорт мектебінің басшысы Қайырбек Әміржанұлына «Мекемеңіз чемпиондар ұстаханасына айналсын!» деп тілек айттық.

 

Қыдырбек Рысбек,

журналист