«Қоғамды жаңғырту үшін әлі де көп шаруа атқаруымыз керек». Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында айтқан осы сөзі – әрбір саналы азаматтың жүрегіне жетіп, ел алдындағы жауапкершілікті сезінуге үндейді.
Біз күн сайын ел экономикасының негізін құрап отырған өндіріс саласында, еліміздің байлығын халық игілігіне айналдыру жолында еңбек етіп жүрміз. Қоғам жаңғыруы үшін еңбек адамының санасы, болмысы да жаңғыруы керек. Бізге тек мұнай өндіріп қоймай, технологиялық тәртіпті, экологиялық жауапкершілікті, қауіпсіздік мәдениетін де бірге дамыту міндеті жүктеліп отыр.
Президент Жолдауда реформалардың салмақты әрі сапалы түрде жүзеге асырылуы керектігін баса айтты. Бұл сөздер біздің салада да өте өзекті. Мұнай-газ – күрделі әрі үнемі жаңарып отыруды қажет ететін сала. Сондықтан біз де жаңа тәсілдермен жұмыс істеуге бейімделіп, цифрлық шешімдерді меңгеріп, қауіпсіздік пен тиімділікті бірінші орынға қоюымыз керек.
Сондай-ақ Президенттің өскелең ұрпақ бақытты және берекелі өмір сүруге тиіс деген сөзі мені ерекше толғандырды. Өйткені біз еңбек етіп жүрген өндіріс тек бүгінгі күн үшін емес, ертеңгі ұрпақ үшін жұмыс істеп келеді. Бүгінгі біздің табанды еңбегіміз – болашақтың іргетасы.
Елде жаңа өндіріс орындары ашылып, инфрақұрылым дамып, инвестиция тартылып жатыр. Біз бұл жұмысты тек сырттай бақылаушы емес, тікелей атқарушы ретінде қабылдаймыз. Әрбір баррель мұнай, әрбір инженерлік шешім – ел дамуына қосылған нақты үлес.
Президентіміз Жолдауда «Жұмысымыз қаншалықты күрделі болса да, біз міндетті түрде табысқа жетуіміз керек. Басқа жол жоқ. Себебі бұл – еліміздің болашағы, халқымыздың тағдыры», деп атап өтті. Бұл – жай сөз емес, бұл – нағыз еңбек адамына арналған үндеу. Сол үндеу аясында біз ел игілігі үшін адал еңбек ете береміз.
Осы орайда Мемлекет басшысы жұмысшы мамандықтарына деген құрметті арттыра түсу – мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі екенін де алға қойды. Шын мәнінде, бұл – өндіріспен тікелей айналысып жүрген біз секілді еңбек адамдары үшін үлкен қолдау әрі жаңа мүмкіндіктер кезеңі. Мемлекет тарапынан көрсетілетін мұндай назар жұмысшы мамандығының мәртебесін көтеріп, келешек ұрпақты еңбекке деген құрметпен тәрбиелеуге ықпал етеді. Сондықтан жұмысшы еңбегін бағалау, жастарды нақты өндіріс саласына тарту, оларды тұрақты қолдау – барша қоғамның, әсіресе еңбек ұжымдарының алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі.
Гүлшара ОҢДАШЕВА,
«Ембімұнайгаз» АҚ «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ
Мұнай-газ кен орнын игеру және геология бөлімінің геологі