Президент Жолдауда заманауи технологияларды, әсіресе жасанды интеллект пен цифрландыруды мемлекеттік басқару мен салалық экономикаға терең енгізу қажет екенін нақты атап көрсетті. Бұл – еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру жолындағы маңызды қадам.
Сондай-ақ ол өз сөзінде ауыл шаруашылығы саласының стратегиялық маңыздылығына тоқталды. Яғни Қазақстан аграрлық әлеуеті жоғары мемлекет ретінде ішкі нарықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етіп қана қоймай, халықаралық нарыққа да экспорттық әлеуеті мықты елге айналуға тиіс екенін баса айтты. Бұл орайда салаға цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу қажет.
Мен жұмыс істеп жатқан ауыл шаруашылығы саласы үшін бұл Жолдауда айтылған басымдықтар нақты бағдар әрі тікелей тәжірибелік мәнге ие дер едім. Агроөнеркәсіп кешенін жетілдіруде технологиялық жаңғырту, әсіресе өндірісті цифрландыру, шешім қабылдаудың дәлдігі мен тиімділігін арттырады. Жасанды интеллект өнімділікке қатысты болжамдар жасауға, өсімдік аурулары мен зиянкестерді ерте анықтауға, сондай-ақ нақты деректерге негізделген оңтайлы аграрлық шешімдер қабылдауға жол ашады.
Дрондар, сенсорлар, смарт-фермалар және интеллектуалды суару секілді цифрлық шешімдерге негізделген дәлме-дәл егіншілік жүйелері ауыл шаруашылығында автоматтандыруды қамтамасыз етіп, ресурстарды ұтымды пайдалануға негіз болады. Сонымен қатар фермерлерге арналған онлайн сервистерді дамыту, мемлекеттік қолдау мен субсидиялардың ашықтығын қамтамасыз ету – ауылдағы еңбек адамын қолдауға бағытталған тиімді шара.
Оған қоса экологиялық таза әрі органикалық өнім өндіру негізгі басымдықтардың бірі ретінде айқындалды. Президенттің айтуынша, жасанды интеллект пен цифрландыру ауыл шаруашылығында өнімділікті арттырып қана қоймай, ресурстарды үнемдеуге, өнім сапасын жақсартуға, қауіпсіздікті нығайтуға және халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік береді. Бұл еліміздің орнықты дамуы үшін де аса өзекті.
Парламент палаталарының бірлескен отырысына қатысып, Президент айтқан бастамалардан ерекше серпін алдым. Енді жаңа мақсат пен жоспар кәсіби қызметіме де жаңаша қарқын беретіні анық.
Алтынай ЖАҚАТАЕВА,
PhD