«Қазгидромет» РМК 2025 жылғы 9 қыркүйекке арналған ауа сапасы бойынша болжамын жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Хабарламаға сәйкес, сол күні Орал, Атырау қалаларында, сондай-ақ түнде Астана қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар күтіледі.
Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар — атмосфералық ауаның беткі қабатында зиянды (ластаушы) заттардың шоғырлануына ықпал ететін қысқамерзімді метеофакторлардың (тымық ауа райы, жеңіл жел, тұман, инверсия) жиынтығы.
«Қазгидромет» мамандарының айтуынша, мұндай жағдайларда елдімекендердегі атмосфералық ауаның сапасы нашарлауы ықтимал. Халыққа, әсіресе тыныс жолдарына сезімтал адамдарға, сыртта ұзақ болмауға кеңес беріледі.