Алдағы уақытта елімізде жалпы өнім көлемін екі есе ұлғайту көзделіп отыр. Бұл мақсатқа егін алқаптарын әртараптандыру, суды көп қажет ететін әрі монодақылдарды қысқарту, жоғары рентабельді дақылдар көлемін арттыру, отандық тұқыммен қамтамасыз ету деңгейін көтеру, сондай-ақ техниканы жаңарту арқылы қол жеткізуге болады. Бұл туралы бізге берген сұхбатында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов айтты.
– Салалық министрліктің агроөнеркәсіпті дамытуға қатысты қандай жоспары бар?
– Негізгі міндет – агроөндірісті технологиялық жаңғырту, ғылым мен қайта өңдеуді дамыту, экспортқа бағдарлану, кооперация мен суды тиімді пайдалану. Сонымен қатар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін фитосанитарлық және ветеринарлық жүйелерді нығайтуға ерекше назар аударылады. Министрлік жүргізіп отырған іс-шаралар еңбек өнімділігін 2020 жылмен салыстырғанда кемінде 2,5 есе арттыруға бағытталған. Алдағы жылдары ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу үлесін жалпы өндірістің 70%-ына жеткізу жоспарланған. Бұл қосылған құнның артуы мен шикізаттық экспортқа тәуелділіктің төмендеуіне ықпал етеді.
Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша жалпы егіс алаңы 23,6 млн гектар, бұл өткен жылғыдан 322,8 мың гектарға артық. Оның қатарында дәнді және дәнді-бұршақты дақыл егіс алаңы биыл 16 млн гектарды құрады, бұл былтырғыдан 629,9 мың гектарға аз. Қысқарған алқаптар есебінен әлеуметтік маңызы бар және жоғары рентабельді дақыл егіс алаңы ұлғайды. Майлы дақыл көлемі 1 055,5 мың гектарға кеңейіп, 4 млн гектарға жетті. Мемлекеттік қолдау шараларын іске асырудың арқасында минералды тыңайтқыштарды енгізу көлемі биыл 1 920 мың тоннаға, келесі жылы 2 350 мың тоннаға жеткізіледі. Элиталық тұқым үлесі биыл 10,5%-ға, алдағы жылы 11,7%-ға артады.
– Агроөнеркәсіптің дамуына негізінен диқандар мен шаруалар мүдделі екені мәлім. Әйтсе де диқандардың өндірген азығы мен шаруалар баққан малдың сапасы тиісті стандартқа қаншалықты сәйкес келеді?
– Алдағы қыстауға дайындық шеңберінде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктеріне 24,5 млн тонна шөп, 1,7 млн тонна пішендеме, 4,6 млн тонна сабан, 5,6 млн тонна құрама жем мен 2,0 млн тонна сүрлем дайындауға индикаторлар жеткізілді. Қазір республика көлемінде 19 447,7 мың тонна шөп немесе жоспардың 79,3%-ы, 1 512,8 мың тонна пішендеме немесе 88,9%-ы, 1 280,1 мың тонна сабан немесе 27,6%-ы, 364,1 мың тонна сүрлем немесе 17,9%-ы, сондай-ақ 615,4 мың тонна құрама жем немесе 11,0%-ы дайындалды. Аталған көлемдегі дайындалған мал азығы жануарларды толыққанды азықтандыруды, жоспарлы өнім мен төл алуды, сондай-ақ мал басының жалпы сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
– Агроөнеркәсіп дамуы үшін өндірілген өнімін еркін сататын нарық керек. Осы нарық мәселесі қалай болып жатыр? Елдегі сауда желілері отандық өнімді сатуға қаншалықты құлықты?
– Отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында өнімнің өзіндік құнын төмендету арқылы министрлік бірқатар шараны қабылдады. Оның қатарында инвестициялық жобаларды (СҚО тәжірибесі бойынша 200 млрд теңге) субсидиялау мен жеңілдетілген несиелеу бар. Бұл ет-сүт пен балық өнімдерін өндіруді, сондай-ақ өсімдік шаруашылығы өнімін өндіру үшін айналым қаражатын жеңілдетілген несиелеуді (700 млрд теңге) – жемшөпті арзандату мақсатында қамтиды. Биыл өңдеуші кәсіпорындардың айналым қаражатын жеңілдетілген несиелеуге 43 млрд теңге қарастырылған.
Ал отандық өнім үлесін мемлекеттік сатып алуда ұлғайту мен отандық өндірушілерді қолдауды қамтамасыз ету мақсатында осы жылдың 2 сәуірінде министрлік бұйрығымен 39 азық-түлік тауарының, соның қатарында 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының ұлттық режімнен шығарылуы бекітілді.
– Аграрлық саладағы техника мен технологияны жаңарту мен жаңғырту шарасы туралы не айтасыз?
– Жыл басындағы жағдай бойынша елдегі ауыл шаруашылығы құрылымдарында 139 мың трактор, 31 мың комбайн, 5,6 мың дана егіс кешені, 71 мың дана тұқым сепкіш, 141 мың дана топырақ өңдейтін құрал бар. Өткен жылдың қорытындысында техника паркін жаңарту деңгейі 5,5%-ды құрады (2023 жылы – 4,5%). Ал жыл сайынғы қажеттілік – трактор – 10,0 мың бірлік, комбайн – 1 200 бірлік, басқа да тіркемелі және аспалы техника – 20,0 мың бірлік. Техникалық қайта жарақтандыру мақсатында, министрлік бірқатар істі қолға алды.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Нұрбай ЖОЛШЫБАЙҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»