• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Жасанды интеллект Бүгін, 09:00

Жасанды интеллект – уақыт сұранысы

30 рет
көрсетілді

Жолдауда ел дамуына қатысты жаңа міндеттер айқындалып, басты назар цифрландыруға, жасанды интеллектіні енгізу мен экономиканы тұрақты дамытуға бағытталды. Президент айтқан саяси өзгерістер, инвестиция тарту мен инфрақұрылымды жаңарту жайы да өзекті. Алматы қалалық Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауындағы міндеттердің жүзеге асу бағдары талқыланды.

Алматы қаласы Азаматтық альянсының төрағасы Қайыржан Абдыхалықов Президент кезекті Жолдауында елдегі барлық саланы қамтитын үлкен жоспар ұсынғанын, әсіресе, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін жетік меңгеру барлық салаға серпін беретінін алға тартты.

– Жолдауда Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру ұсынылды. Бұл министрлік цифрландыру ісін үйлестіріп, ауыл шаруа­шылығы, білім беру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен су ресурстары сияқты бірнеше салаға жауапты болмақ. Бұл еліміздегі цифрлық трансформация үдерісінің жаңа кезеңге аяқ басқанын білдіреді. Жасанды интеллект – уақыт сұранысы. Еліміз осы мүмкіндікті дер кезінде пайдаланып, халықаралық бәсекеде өз орнын нақтылай алуы керек. Ол үшін кадр даярлау, инновациялық экожүйе қалып­тастыру, ғылым мен өндірісті ұштастыру басты басым­дық болмақ. Бүгінде ЖИ тек техноло­гиялық құрал емес, ұлттық қауіпсіздік, экономи­калық өсім, денсаулық сақтау, білім беру, тіпті өнер мен мәдениеттің де тірегіне айналды. Озық елдердің бәрі ЖИ-ді дамытуға триллиондаған қаржы бөліп отыр. Өйткені кім осы саланы меңгереді, сол ел болашақты қалыптастырады. Осы орайда Президент өнер­кәсіптің дамуына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, жаңа технологиясыз экономиканы әртараптандыру мүмкін емес. Ауыл шаруа­шылығында да өзгеріс болады. Ғылыми орталықтар базасында агротехнологиялық хаб құрылып, су ресурстарын бақылау үшін цифрлық жүйелер енгізілмек. Мұның бәрі уақыт талабынан туған шешімдер, – деді Қ.Абдыхалықов.

Саясаттанушы Нұрлан Асқарұлы әлемдік тәжірибе ЖИ-дің қаупінен бұрын, берер мүмкіндігі мол екенін көрсетіп отырғанын, бірақ бұл технология адамзат игілігіне жұмыс істеуі үшін этикалық, құқықтық және адами бақылау маңызды екенін айтады. Сарапшының айтуынша, Президенттің министрлік құру туралы ұсынысы – осы үдерісті бақылауда ұстап, ұлттық мүдде тұрғысынан дамытуға бағытталған ұтымды шешім.

– Бүгінде ел азаматтары шетел­дік платформалар мен сер­вис­тер­ді кеңінен пайдаланады. Бұл – бір жағынан ыңғайлы болғаны­мен, екінші жағынан деректер қауіпсіздігі тұрғысынан алаң туғызады. ЖИ министрлігі ұлттық өнімдерге басымдық беріп, елдің цифрлық егемендігін қамтамасыз етуге ықпал етеді, – деді ол.

Жолдауда айтылған көлік пен логистика саласының болашағы, коммуналдық жүйелерді жаңарту, энергия үнемдейтін жаңа технологиялар енгізу, жол-көлік қауіпсіздігі мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Жолдау тек тапсырмалар жиынтығы емес, ел үміті мен болашағының бағдары екенін айтқан сарапшылар кезекті құжатта ел дамуына бастайтын негізгі басымдықтар қамтылғанын атады.

 

АЛМАТЫ