Әрбір Жолдау – ел дамуының жаңа кезеңіне бастайтын маңызды құжат. Оның негізінде нақты іске асатын жауапкершілік жүктелген міндеттер мен бастамалар жатыр. Сондықтан жыл сайынғы Жолдауды ұйым мүшелерімен және рухтас әріптестерімізбен бірге жаңа саяси кезеңге жасалатын жоспарлар мен басым бағыттарды айқындайтын маңызды қадам ретінде қабылдаймыз.
Жасанды интеллект арқылы жаңа басқару формаларын енгізу, мемлекеттік қызмет пен қоғамда цифрландыруды тереңдету, сондай-ақ нақты нәтижелерге жұмыс істеу Жолдаудағы негізгі месседждердің бірі болды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы азаматтардың қаржылық сауатын арттыру қажеттігіне ерекше тоқталды. Бұл бағытта жүзеге асырылып жатқан «Amanat» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасын әрі қарай жалғастыру маңызды екенін айтты.
Партиялық жоба аясында күні бүгінге дейін 845 мың адам қаржылық сауатын арттырып, заңгерлік көмек алды. Мұндағы басты мақсат – халықтың қарызын азайту ғана емес, азаматтардың табысының тұрақтылығын қамтамасыз ету. Аталған жоба еліміздің түкпір-түкпірінде халықтың қаржылық білімін кеңейтіп, экономикалық тұрғыдан өмір сапасын арттыруға жол ашты. Бұл бағыттағы іс-шаралар кешенін «Amanat» партиясы қарқынды жалғастырады.
Сондай-ақ партия тарапынан «Цифрлық қоғам» жобасы іске қосылды. Ол түрлі әлеуметтік топты қамтиды. Цифрлық ортадағы қауіпсіздік пен білім әр адамға қолжетімді болуы керек. Партиялық жоба аясында жастар мен азаматтардың ақпараттық кеңістікте еркін әрі қауіпсіз болуына жағдай жасалады.
Президент эко-сана мен суды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру жайында да сөз етті. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасын жүзеге асырып, атсалысып жүрген жастарға ерекше алғысын жеткізді. Тұрақты іс-шараға айналған «Таза Қазақстанға» рухтастардың қосқан үлесі ерекше. Былтырдан бері Жастар қанаты экологтер, еріктілермен бірлесе ауқымды жұмыс атқарды. 1 200 шақырымды қамтыған Road-эстафета, әр бейсенбі өтетін тұрақты тазалық акциялары мен түрлі экологиялық іс-шара қоғам белсенділігін арттырып, қоршаған ортаға деген жауапкершілікті тереңдетуге зор ықпал етіп жатыр. Бұл бастамалар экологиялық тәрбиенің үлгісіне айналып, ел болашағы үшін маңызды мәдени өзгерістерге жол ашады.
Мемлекет басшысы жастарға үлкен сенім, жауапкершілік артып отыр. Осы үдеден шығып, жастардың қоғамға пайдалы болуы – жауапты әрі маңызды іс. Жаңашылдық, жасампаздық, отаншылдық қасиеттерді алға тартып, біз де өз тарапымыздан жүйелі жұмыс істейміз.
Ақерке ИСКАНДЕРОВА,
«Amanat» партиясы жанындағы «Жастар рухы» қанатының төрағасы