2025 жылғы 9 қыркүйекте Алматыда жаңа мәдени кеңістік Almaty Museum of Arts есігін айқара ашты. Бұл бастаманың авторы кәсіпкер, меценат әрі өнер жанашыры Нұрлан Смағұлов, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің хабарлауынша музей қазіргі заманғы өнерді насихаттау, оның даму үрдістерін зерттеу және әлемдік мәдениеттегі орнын айқындауды мақсат етеді. Қорында Қазақстан мен шетелдік авторлардың 700-ге жуық туындысы жинақталған. Музейдің көркемдік бағыты мен бағдарламасын өнертанушы Меруерт Қалиева жасақтайды.
Ашылу рәсімінде «Қонақтар» атты музей коллекциясынан көрме және суретші Алмагүл Меңлібаеваның «Мен бәрін түсінемін» атты ретроспективалық жұмыстары ұсынылған.
Іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, музейдің негізін қалаушы Нұрлан Смағұлов және өнер қауымдастығы өкілдері қатысты.
Аида Балаева өз сөзінде жаңа музейдің өнерді, инновациялық технологияларды, мультимедиа шешімдері мен креативті индустрияны тоғыстырған ерекше мәдени жоба екенін атап өтті. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы ойларды еске салып, қазақстандық жастар үшін патриотизмнің басты белгісі – шығармашылық пен жаңашылдық екенін жеткізді. Сондай-ақ министр Нұрлан Смағұловтың қоғамға сіңірген еңбегін үлгі ретінде атады.
«Бұл музей тек өнерді тамашалау алаңы емес, шығармашылық ойдың, жаңа идеялар мен халықаралық диалогтың орталығына айналатынына сенемін. Музей Алматының мәдени өмірін байытып, Орталық Азия өнерін халықаралық деңгейде дамытуға зор үлес қосады», деді министр.
Жалпы аумағы 10 мың шаршы метрден асатын ғимаратты британдық Chapman Taylor сәулет бюросы жобалаған. Бірінші қабатта «Ұлы дала» және «Сарыарқа» атты кең көрме залдары орналасқан. Негізгі атриум – Art Street, ол Шарын шатқалының табиғи бейнесінен шабыттанған. Сонымен қатар музейде арнайы қор сақтау орны, реставрациялық шеберхана және «Шеберхана» атты креативті алаң бар.
Музей қорының басым бөлігі ХХ ғасырдағы қазақстандық әйгілі суретшілердің еңбектері. Олардың қатарында Жаңатай Шәрденов, Тоқболат Тоғызбаев, Мақым Қисамединов және Шаймардан Сариев бар. Бұдан бөлек, заманауи өнердің танымал тұлғалары Рүстем Хальфин, Сауле Сүлейменова және Саид Атабековтің шығармалары қойылған. Алдағы уақытта музей коллекциясын кеңейтіп, Қазақстан мен Орталық Азия өнерін әлемдік аренада таныстыруды жалғастырады.
Жаңа мәдени кеңістік 2025 жылғы 12 қыркүйектен бастап өз жұмысын бастайды.