Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында Алатау қаласын заманауи цифрлы орталыққа айналдыру жөнінде бастама көтерді. Бұл тұжырымдама ғылыми ортада кеңінен талқыланып отырған «смарт қала» моделіне сәйкес келеді. Мұндай шаһарларда жаңа технологиялар көлік жүйесін жеңілдетіп, энергияны үнемдеумен ғана шектелмейді, сонымен бірге адамдардың күнделікті өміріне де ықпал етеді. Айталық қауіпсіздік күшейеді, қызметтер қолжетімді бола түседі. Бірақ бұнымен қатар құпиялылық пен әлеуметтік теңсіздік сияқты жаңа мәселелер де күн тәртібіне көтерілуі мүмкін. Сондықтан цифрлы қаланың шынайы мүмкіндіктерін, оның қоғамға беретін пайдасы мен тудыратын қатерлерін зерделеп көрдік.
Ақылды қаланың артықшылығы
«Смарт қала» ұғымы бүгінде көптеген елдердің даму стратегиясының өзегіне айналды. Бұл – тек заманауи технологияларды енгізу ғана емес, сонымен бірге қалалық өмірдің жаңа сапалық деңгейін қалыптастырудың тәсілі. Мұндай модельдің басты артықшылығы көлік пен байланыс жүйесінде байқалады. Интеллектуалды бағдаршамдар, ақылды тұрақ жүйелері, деректерге негізделген қоғамдық көлік кестесі кептелістерді азайтып, уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді. Мәселен, Сингапур нақты уақыттағы деректерді пайдалану арқылы көлік қозғалысын реттеп, мегаполистің басты түйткілдерінің бірін шешіп отыр. Бұған қоса, көлік тиімділігі артқан сайын экологиялық ахуал да жақсарады, өйткені артық отын шығыны мен ауаға бөлінетін қалдықтар азаяды.
Қауіпсіздік саласы да қам-қарекетсіз қалмайды. Жиналған деректерді талдау арқылы апат қаупін алдын ала болжау, полицияның патрульдеу бағытын тиімді құру қылмыстың алдын алуға мүмкіндік береді. Сеулде енгізілген осындай тәсілдер қылмыс деңгейін айтарлықтай төмендетті.
Ал коммуналдық қызметтерді басқаруда саласында смарт технологиялар тиімділігін көрсетіп отыр. Ақылды есептегіштер суды, газды, энергияны нақты көрсетіп, ысырапты азайтады. Барселонада іске қосылған ақылды су жүйесі тұтынуды 25 пайызға дейін қысқартуға жол ашты. Мұндай тәжірибелер экологиялық тұрақтылықпен қатар, экономикалық табыс әкеледі.
Бұдан бөлек Қытайдың бірқатар қалаларында ауа сапасы қауіпті деңгейге жеткенде мектептердің уақытша жабылуы тұрғындардың денсаулығын қорғауға сеп болып отыр. Ал телемедицина қызметтері адамдарға дәрігерге бармай-ақ кеңес алуға мүмкіндік береді. Экономикалық тұрғыдан алғанда, смарт қала инновацияны тартып, жаңа жұмыс орындарын ашып, инвестициялық тартымдылықты күшейтеді. Шэньчжэньнің әлемдік электроника өндірісінің орталығына айналуы – соның айқын мысалы. Айта кетейік, дәл осы Шеньчжень құрылысына қатысқан компаниялар Alatau city жобасын жүзеге асыратын болады.
Кемшілігі де жоқ емес
Смарт қаланың әлеуеті қаншалық жоғары болса, оның қауіп-қатері де соншалықты күрделі әрі жан-жақты. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, технологияны жаппай енгізудің салдары тек техникалық салада ғана емес, әлеуметтік және саяси кеңістікте де айқын сезіледі. Ең әуелі құпиялылық мәселесін атап өту қажет. Бейнебақылау, бет-әлпетті тану жүйелері немесе азаматтардың қозғалысын деректер арқылы қадағалау бастапқыда қауіпсіздікті күшейткенімен, жеке өмірге қол сұғылуы мүмкін. Қытайдағы әлеуметтік рейтинг жүйесі осының нақты мысалы. Азаматтың әрбір іс-әрекеті тіркеліп, әлеуметтік ұпайға айналғанда еркін таңдау мүмкіндігі тарылып, қоғамда сенімнен гөрі бақылау психологиясы үстем бола бастайды. Мұндай үрдіс азаматтық белсенділікті төмендетіп, шығармашылық бастамалардың дамуына тосқауыл қоюы ықтимал.
Киберқауіпсіздік те басты сын-қатерлердің бірі болып тұр. Смарт қаланың инфрақұрылымы толығымен цифрлық жүйеге сүйенетіндіктен, кез келген кибершабуылдың салдары өте ауыр болуы мүмкін. Эстонияда 2007 жылы болған шабуыл кезінде мемлекеттік порталдар мен банктік жүйелер істен шығып, бүкіл қоғам өмірі тоқырауға ұшырады. Смарт қала жағдайында мұндай соққы көлік қозғалысының тоқтауына, энергия жүйесінің үзілуіне немесе денсаулық сақтау саласының жұмыссыз қалуына әкелуі мүмкін. Яғни бір ғана осалдық миллиондаған адамның тұрмысын күйретуі ықтимал.
Вендорлық тәуелділік те күрделі қауіптің бірі. Қала инфрақұрылымы белгілі бір компанияның жабық платформасына негізделген жағдайда, болашақта бұл компаниядан тәуелсіз даму мүмкін болмайды. Жүйені жаңарту немесе кеңейту жұмыстары қымбатқа түсіп, стратегиялық деректердің қауіпсіздігіне де қатер төнеді. Латынамерикалық кейбір елдерде смарт инфрақұрылым толығымен шетелдік вендорға тәуелді болып, кейін ұлттық деректердің сыртқа шығуы мәселесін тудырғаны белгілі.
Иә, смарт қала жобалары миллиардтаған қаржыны талап етеді, ал мұндай шығындарды тек мемлекеттік бюджеттен жабу мүмкін емес. Жеке инвестиция тартылмаған жағдайда жоба тоқырап қалуы ықтимал. Дубайдағы Масдар сити мысалы – осының айқын дәлелі. Бастапқыда «болашақ қаласы» ретінде кеңінен жарнамаланғанымен, шығынның тым жоғары болуына байланысты ол толық жүзеге аспай, тек жартылай ғана жұмыс істеп тұр. Бұл экономикалық өміршеңдікті алдын ала есептемей іске кірісудің нақты сабағы.
Сарапшылардың айтуынша, смарт қаланың кемшіліктері тек техникалық деңгейдегі кедергілер емес, ең алдымен қоғамның сенімі мен әділеттілігіне, мемлекеттің дербестігіне және азаматтардың негізгі құқықтарына қатысты мәселелер болып отыр. Егер бұл қатерлер ескерілмесе, смарт қала қоғамды дамыту құралы емес, керісінше, жаңа теңсіздіктердің ошағына айналуы мүмкін.
Әлемдік тәжірибеден нені ұғамыз?
Біздің жағдайда смарт қала моделін енгізуде дайын үлгілерді көшіріп алу жеткіліксіз екенін ақылмен аңғаруға болады. Оның табысты болуы жергілікті жағдайға бейімделген шешімдерге, заңдық, әлеуметтік және экономикалық негіздердің мықты құрылуына байланысты. Алдымен деректердің құпиялылығы мен азаматтардың жеке құқықтарын қорғау мәселесі нақты жолға қойылуы тиіс. Смарт жүйелердің тиімді жұмыс істеуі үшін деректер ашық әрі қолжетімді болуы қажет, алайда олар бақылау құралына айналмауы керек. Бұл ретте заңдық тетіктер мен қоғамдық сенім ерекше рөл атқарады. Ең маңыздысы – мұндай жобалардың өлшенетін нәтижелерінің болуы. Смарт қала артықшылығы тұрғындар үшін нақты көрінгенде ғана сенім қалыптасады. Кептелістердің азаюы, энергияның үнемделуі, қызметтердің қолжетімділігі сынды көрсеткіштер нақты сезілуі қажет. Ал мұндай нәтижелер болмаған жағдайда, жоба қымбат әрі формалды бастамаға айналып, қоғамда күткен сенімге ие бола алмайды.