Футзалдан келесі Еуропа чемпионаты 2026 жылғы 20 қаңтар мен 7 ақпан аралығында үш мемлекетте – Словения, Латвия, Литвада өтеді. Осы жарысқа жолдама алуға еліміздің ұлттық құрамасының да мүмкіндігі мол.
Шыны керек, биыл жерлестеріміздің іріктеу турнирінен еш іркілмей өтетініне күмәніміз жоқ еді. Бірақ бәрі біз ойлағандай болмады. Дания, Албаниядан озғанымызбен, ойда-жоқта Арменияға жол бердік. Соның салдарынан Қап тауының қырандары «Еуро-2026» додасына бірден жолдама алды. Енді біздің жігіттерге тағы бір іріктеу сынынан өтуге тура келеді.
15–24 қыркүйек аралығында ұйымдастырылатын плей-офф сайыстарында еліміздің футзалшылары Италияға қарсы ойнайды. Бізден бөлек, осы межеге Грузия, Бельгия, Босния мен Герцеговина, Румыния, Словакия, Мажарстан құрамалары жетті. Сол күндері олар да құрлықтың басты додасының жолдамасын сарапқа салады. Ал өз топтарында бірінші орын алған Украина, Беларусь, Польша, Словения, Хорватия, Армения, Португалия, Испания, Чехия, Франция алға қойған жоспарларын күні бұрын ойдағыдай жүзеге асырып, қазір «Еуро-2026» додасына еш алаңсыз даярланып жатыр.
Плей-оффта елімізге қарсылас атанған команда жайында біз не білеміз? Италия құрамасы әлем чемпионатына жеті рет қатысып, үш рет олжалы болды. 2004 жылы Апеннин түбегінің түлектері финалда ғана испандықтарға есе жіберді (1:2). 2008, 2012 жылдардағы әлемдік додада қола медаль иеленді. Бразилиядағы жарыстың жартылай финалында Испанияға (2:3) жол беріп, үшінші орын үшін тартыста Ресейді (2:1) жеңді. Таиландтағы турнирдің шешуші тұсында тағы сол Пиреней түбегінің тарландарынан (1:4) ұтылып, Колумбияны (3:0) қапы қалдырды.
Біздің жігіттер де қара жаяу емес. Жерлестеріміз әу баста Азия чемпионатында екі рет, кейіннен Еуропа біріншілігінде бір мәрте жүлдегерлер қатарынан көрінді. 2021 жылғы әлемдік додада төртінші орынға табан тіреді. Осы орайда, италиялықтардың 2018, 2022 жылдардағы «Еуроның» топтық турнирлерінде сүрінгенін де естен шығармайық. Еліміз құрамасы сол жарыстардың екеуінде де плей-оффта бақ сынады. Словенияда отандастарымыз төртінші орын алса, Нидерландта ширек финалға дейін жетті. Сонымен қатар италиялықтардың кейінгі екі әлем чемпионатынан сырт қалғанын да айта кеткен жөн. Еліміз соның екеуіне де қатысты. 2021 жылы Литвада төртінші сатыға жайғассақ, 2024 жылы Ташкентте үздік сегіз команданың қатарына қосылдық. Міне, осы жағдайдың барлығын қаперге ала отырып, футзалшыларымыздың италиялықтарды жарты жолға қалдырып, қарт құрлықтың басты доп додасының жолдамасын иеленуге күш-жігері жетеді деп топшылауға болады.