• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Жеңіл атлетика Бүгін, 07:58

Желаяқтар Жапонияда жарысады

20 рет
көрсетілді

13–21 қыркүйек аралығында Жапонияның бас шаһары Токиода жеңіл атлетикадан әлем чемпионатының жалауы желбірейді. Жарыста 49 жүлде жиынтығы сарапқа салынады. Бақ сынаушылар қатарында еліміздің спортшылары да бар.

Кеңес одағы кезеңінде еліміздің жеңіл атлеттері мықты болғанын барша жұрт жақсы біледі. Спорттың осы түрін серік еткен отандастарымыздың байрақты бәсекелерден олжасыз оралған кездері сирек. Өзгелерді айт­пағанда, қазақтың қос тарланы, әйгілі желаяқтар Ғұсман Қосанов пен Әмин Тұяқовтың желдей ескен кездері әлі де егде тартқан жанкүйерлердің жадында.

Әлем чемпионаттарына келер болсақ, бұл жарыстың шымылдығы 1983 жылы Хельсинкиде түрілді. Суо­ми елінде ұйымдастырылған дү­бір­лі додада КСРО құрамасы 4х100 эстафеталық сайыста қола медальді иеленді. Команда сапында қарағандылық Владимир Муравьев та өнер көрсетті.

1987 жылғы әлемдік доданы Рим қабылдады. «Мәңгілік қалада» Муравьевтің қанжығасы қайта майланды. Содан төрт жыл бұрын эстафетада жеңіп алған қоласын ол осы жолы күміске алмастырды. Қы­зылжарлық марафоншы Зоя Иванова күміс алса, үш қарғып секіруде шым­кенттік Олег Сакиркин қолаға қол созды.

Тәуелсіз еліміздің қоржынына алғашқы жүлдені сырықпен секіруші Григорий Егоров салды. 1993 жылы Штутгардта өткен әлем чемпионатында шымкенттік саңлақ 5 метр 90 сантиметрлік межені бағындырды. Жерлесіміз тек Украинаның даңқты спортшысы Сергей Бубкадан қалып қойды. Әлемдік рекордты 35 мәрте жаңартқан жампоз Егоровтан 10 сантиметрге биік секірді.

1995 жылы Гетеборгта 100 метр­ге кедергілер арқылы жүгірген Ольга Шишигина күміспен күптелді. Ал­матылық ару АҚШ-тың аты аңызға ай­налған желаяғы Гейл Диверстен ғана қалып қойды. 1997 жылы Афи­надан, 1999 жылы Севильядан қоржынымыз бос қайтты. 2001 жылы Эдмонтонда Шишигина үшінші орынды қанағат тұтты. Бұл жолы жерлесіміз қос америкалық жұлдыз – Анджанет Киркленд пен Гейл Диверстен оза алмады. 2003 жылы Сен-Дени мен 2007 жылы Осакада онсайысшы Дмитрий Карповтың асығы алшысынан түсті. Қарағандының жампозы жоғарыда аталған жа­рыс­тың екеуінде де қола медальді қор­жынға салды.

2011–2017 жылдар аралығында үш қарғып секіруші Ольга Рыпакова атой салды. Тэгуде ол украиналық Ольга Саладуханы алға жіберіп, күміспен күптелді. Жарыста Өскеменнің тума­­сы 14,89 метрлік нәтиже көрсет­ті. Бейжің мен Лондонда ол қо­ла­ға қол созды. Одан бөлек, Рыпако­ва­ның қоржынында Олимпия ойын­дарының толық жүлде жиынтығы бар. Жабық ғимараттағы әлем чемпионатында да жерлесіміз дәл сондай көрсеткішке қол жеткізді. Сондай-ақ Азия ойындарында төрт рет топ жарып, көптеген аса ірі халықаралық жарыстарда дараланды. Бір сөзбен айтсақ, Ольганың есімі отандық жеңіл атлетика тарихындағы ең табысты спортшы ретінде тарихта қалды.

2022 жылы Кенияның бірнеше спортшысы еліміздің азаматтығын алып, дүбірлі додаларда біздің елдің атынан сынға түсе бастады. Солардың арасынан Нора Джеруто озып шығып, үкілеген үмітімізді ақтады. Сол жылы АҚШ-тың Юджин қаласында ұйымдастырылған әлем чемпионатында 3000 метрге кедергілер арқылы жүгірген «қара маржан» алтыннан алқа тақты. Нораның нәтижесі – 8.53,02. Осылайша, бас жүлдені олжалап қана қоймай әлемдік рекордты да жаңартты.

2023 жылы Будапешттегі бәсекеде жеңіл атлеттеріміз тағы да жерге қаратты. Мажарстанның астанасында шымылдығы түрілген кейінгі әлем чемпионаты АҚШ құрамасының айқын жеңісімен аяқталды.

Санаулы күндерден кейін Жапо­нияда жалауы желбірейтін жарыс­та еліміздің бес жеңіл атлеті өнер көрсетеді. Олар – Нора Джеруто (3000 метрге кедергілер арқылы жүгіру), Дейзи Джемпкемей (3000 метрге кедергілер арқылы жүгіру, 10 000 метрге жүгіру), Ясмина Тоқсанбаева (спорттық жүріс, 20 шақырым), Галина Якушева (спорттық жүріс, 35 шақырым), Полина Репина (спорт­тық жүріс, 35 шақырым). Міне, осы бес спортшымыздың ең бол­мағанда біреуі жеңіс тұғырына көтерілсе, соның өзі үлкен олжа болмақ.