• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
ЖОЛДАУ Бүгін, 08:40

Түбегейлі жаңғыру уақыты

20 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Жолдауда осындай мерзім белгіледі. Қазақстан осы уақыт ішінде тиісті инфрақұрылымы бар нағыз Цифрлық мемлекет ретінде қалыптасады. Бүгінде бұл істің берік негізі қаланғанын атап өткен жөн. Өйткені жаппай цифрландыру кейінгі жылдары Президент реформаларының басты бағыттарының біріне айналды.

Еліміз – қазірдің өзінде электрондық үкіметтің даму индексі бойын­ша әлемдегі 30 елдің қатарында. Мем­лекеттік қызметтің 90 пайыздан астамы онлайн көрсетіледі (былтыр 50 млн қызмет). Қолма-қол ақшасыз төлемнің 70 пайыздан астамы мобильді қосымша арқылы жүзеге асады. 2024 жылы қолма-қол ақшасыз төлемдер айналымы 120 трлн теңгеден асты. «Аstana Hub» өңірдегі ең ірі IT-экожүйеге айналды. Цифрлық білім беру платформалары іске қосылды. 2020 жылдан бері 500 мыңнан аса азамат цифрлық құзырет курсы арқылы білімін жетілдірді. Заңды күші бар цифрлық құжаттар енгізілді. Аймақтағы алғашқы супер­компьютердің іске қосылғаны да маңызды жаңалық болғаны анық.

Жаңа кезеңдегі тапсырмалар одан да маңызды. Президент жаппай цифр­ландыру енді бір мекеменің ғана емес, бүкіл мемлекеттік аппараттың міндеті екенін қадап айтты. Алдағы трансформацияның ауқымын баға­лау үшін Президенттің жаңа бас­тамаларының тізбесін және онда қамтылған салалардың аясын қарау жеткілікті: қаржы секторында – мемлекеттік цифрлық активтердің қорын іске қосу, финтехті дамыту және киберқауіптерден қорғау; ауыл шаруашылығында – жер ресурстарына спутниктік мониторинг жүргізу және цифрлық карта жасау; құрылыста және ТКШ-да – құрылыстың барлық кезеңін есепке алу мен жоспарлауға арналған ұлттық цифрлық платформа; көлік-логистикада – «Smart Cargo» және ЖИ базасында тасымалдауды басқару жүйесін енгізу; денсаулық сақтауда – медициналық қызметтердің сапасын бақылаудың жаңа құралдарын пайдалану; білім беруде – Al-Sana бағдарламасын және «Qazaq Digital Mektebi» жобасын іске қосу, оқушылар мен педагогтерді ЖИ-мен жұмыс істеуге дайындау.

Цифрлық трансформацияны және Жолдаудың басқа да бағыттарын қолдау үшін алдағы кезеңде Парламентте бірқатар жаңа заң қабылдануға тиіс. Олардың қатарында Цифрлық кодекс, финтех пен цифрлық активтерді дамытуға бағытталған Банктер туралы жаңа заң, саланың ашық және тұрақты дамуының негізін қалайтын Құрылыс кодексі бар. Жоспарда – Мемлекеттік мүлік туралы заңды жаңарту, жаңа Салық кодексі арқылы салықтық әкім­ші­лендіруді жетілдіру және оларды цифрлық жүйеге ауыстыру арқылы жер қатынастарын оңайлату жөніндегі түзетулер бар. Бір сөзбен айтқанда, депутаттық корпус пен Үкіметтің және салалық сарапшылардың алдында ауқымды бірлескен жұмыс күтіп тұр.

Жолдауда сонымен қатар сарапшылар ортасында қызу талқыға түскен тағы бір бастама – жоғары өкілді органның реформасы туралы айтылды. Қазақ парламентаризмінің бұдан былайғы даму келбетін белгілеуге кемінде бір жыл уақыт беріліп отыр. Бұл мәселе 2027 жылы референдумға шығарылады.

Болашақ пікірталас үдерісінің өзі де, түпкілікті шешім қабылдау сипаты да демократия идеяларын ілгерілету мен азаматтардың ел үшін маңызды шешімдер қабылдауға тікелей қатысу мәдениетін нығайтуға деген Мемлекет басшысының нық шешімін көрсетеді.

Қазіргі құрамның осы уақыт ішіндегі басты міндеті – болашақ Цифрлық ел үшін құқықтық базаны қамтамасыз ету. Депутаттар бұл жұмысты бастап та кетті.

 

Максим СПОТКАЙ,

Парламент Сенаты аппаратының басшысы