Криптовалюта қоры дегеніміз – әлемдегі негізгі цифрлық активтерді сатып алып, олардан арнайы қаржылық резерв қалыптастыру. Қазір биткоин, эфир, айткойн, тонкойн сияқты танымал койндарды сатып алу арқылы белгілі бір қор құру жоспарланып отыр.
Бұл қордың басты мақсаты – криптовалюталардың бағасы өскен кезде ел қазынасына қосымша табыс түсіру әрі Қазақстанның қаржылық тұрақтылығын күшейту. Мұндай қор жаңа қаржы құралы ретінде экономиканың дамуына серпін бермек.
Әлемдік тәжірибеге қарасақ, мұндай бастамалар қазірдің өзінде кеңінен дамып келеді. АҚШ, Қытай, Еуропаның бірқатар мемлекеттері криптовалюта қорларын қалыптастырып, оларды экономикалық саясаттың маңызды бөлігіне айналдырды. Бұл елдерде криптовалюталардың құны артқан сайын қорлардың табысы да көбейіп, бюджетке қосымша қаржы түседі. Біздің ел де осы үдерістен шет қалмауға тиіс. Қордың көлемі әзірге талқыланып жатыр, бір миллиард долларға ма, екі миллиард долларға ма, әлі нақты шешім қабылданған жоқ. Сондай-ақ қай криптовалютаға басымдық берілетіні де әлі анықталады.
Бұл бастама Alatau City жобасымен тікелей байланысты. Alatau City еліміз үшін инновациялық серпіліс әкелетін, технологиялық сынақтар мен тәжірибелер жүргізуге арналған арнайы аймақ болады. Мұнда жаңа идеяларды сынап көруге мүмкіндік туады: ұшатын таксилер, пицца жеткізетін дрондар, жасанды интеллектіге негізделген басқару жүйелері, үйден үйге жалғасатын канат жолдары сияқты шешімдер осы жерде жүзеге асуы мүмкін. Алматы мен Астанада мұндай жобаларды іске асыру қиын, себебі бұл қалаларда халық тығыз орналасқан, инфрақұрылым бұрыннан қалыптасқан. Ал Alatau City жаңа кеңістік ретінде барлық инновациялық бастаманы сынап көруге жол ашады.
Болашақта Alatau City толыққанды «ақылды қалаға» айналуы ықтимал. Мұнда жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін әкімшілік басқару жүйесі орнатылып, инновациялық стартаптар мен тәжірибелік сынақ алаңдары дамуы мүмкін. Арнайы реттеушілік аймақ құрылса, әлемдік стартаптар мен технологиялық инвесторлар Қазақстанға қызығушылық танытады. Жоба жүзеге асқан жағдайда елімізге түрлі инженерлер, IT-мамандар, ғалымдар келіп, өз идеяларын іске асыруға мүмкіндік алады. Бұл елімізді өңірлік технологиялық хабқа айналдыруға жол ашады.
Сондай-ақ Президент Жолдауында атап өтілгендей, еліміздің жаңа экономикалық бағыты цифрландыру мен инновацияға негізделуге тиіс. Криптовалюта қоры мен Alatau City осы стратегияның бір бөлігіне айналуы мүмкін. Бұл жобалар ел экономикасына жаңа инвестициялар тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, технологиялық прогресті жеделдетуге және Қазақстанның халықаралық деңгейдегі беделін арттыруға ықпал етеді.
Мұндай қадамдар елімізді жаңа экономикалық дәуірге жетелейді. Криптовалюта қоры – қаржылық тұрақтылықты арттыратын құрал ғана емес, сонымен қатар елімізді инновациялық технологиялардың орталығына айналдыруға бағытталған үлкен мүмкіндік.
Айбар ОЛЖАЕВ,
экономист