Елімізде парламенттік құрылымның партиялық негізде қалыптасуы әлеуметтік-саяси тұрақтылықтың негізі ретінде маңызды. Дегенмен Қазақстан транзиттік даму кезеңінде болғандықтан, оның үстіне саяси институттар мен азаматтардың демократиялық мәдениеті әлі толық қалыптасып үлгермегендіктен, партияларға мүше емес азаматтар құқықтарының қорғалу мәселесі – өзекті және назар аударуды талап ететін тақырып.
Осы контексте Президент Қасым Жомарт Тоқаевтың партиялық негізде парламент құру үшін алдымен қоғаммен жүйелі әрі жан-жақты диалог орнатудың қажеттігін атап өтуі – орынды шешім. Яғни азаматтардың ерік-жігеріне негізделген саяси таңдау мүмкіндігін қамтамасыз ету – саяси жүйенің тұрақтылығы мен демократиялық дамудың кепілі.
Депутаттар саны туралы нақты шешім қабылдау әлі ерте, мұны уақыт көрсетеді. Дегенмен басқа мемлекеттердің тәжірибесіне қарасақ, мысалы, Қырғызстанда 300-ге жуық депутат бар. Сондықтан елімізде өңірлік бөлініс пен партиялар санын ескере отырып, депутаттар саны 200-ден кем болмауға тиіс.
Мемлекет басшысының Жасанды интеллект және технологиялық даму министрлігін құру туралы бастамасы – уақтылы көтерілген және стратегиялық тұрғыдан өте маңызды шешім. Қазір әлем елдері жаппай цифрлық трансформация кезеңінен өтіп жатыр. Мемлекеттік басқару жүйесі, экономиканың стратегиялық салалары, ұлттық қауіпсіздік пен инфрақұрылым – барлығы дерлік цифрлық платформалар негізінде жүзеге асырыла бастады. Осындай жағдайда елімізде арнайы министрлік құру ашықтықты қамтамасыз етуге, адам факторына тәуелділікті азайтуға, жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге және тиімді басқару тетіктерін енгізуге айтарлықтай үлес қосады.
Әрі Президент сөзінде үш негізгі бағыт ерекшеленді. Біріншісі – үш жылдың ішінде цифрлық мемлекет құру қажеттігі. Яғни қазіргі заманның талаптарына сай өркениет көшінен қалмас үшін цифрландыру аса маңызды. Екіншіден, Президент экономиканың барлық саласына жасанды интеллектіні енгізуді атап өтті. Өнер мен мәдениетке дейін әр саланы цифрлық технологиялармен байланыстыру мемлекеттік басқару тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Үшіншісі – партиялық жүйе аясында парламенттік реформаны жүргізу, жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін пайдалана отырып, заң шығаруды жеделдету және ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық өзгеріс.
Дегенмен цифрландырумен қатар, цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі де қатар жүруі қажет. Онлайн алаяқтық, жеке деректердің ұрлануы, мемлекеттік ақпараттық жүйелерге шабуыл жасау сынды қауіп артып келеді. Бұл бағыттарда жүйелі жұмыс жүргізілмесе, еліміздің технологиялық және ақпараттық қауіпсіздігіне қатер төнуі ықтимал. Сол себепті цифрлық инфрақұрылымды дамытумен қатар, киберқауіпсіздік жүйесін жетілдіру және заңнамалық тұрғыдан бекіту – кезек күттірмейтін міндет.
Осылайша, мемлекеттің тұрақты дамуы үшін партиялық жүйені жетілдіру, депутаттар санын оптимизациялау, цифрлық технологияларды тиімді пайдалану және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету маңызды бағыттар ретінде алға қойылуға тиіс.
Ермұрат БАПИ,
Мәжіліс депутаты