Елімізде 25 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында өткен жоспардан тыс тексерістердің нәтижесінде авиацияның жалпы мақсаттағы жеті әуе кемесінің пайдаланылуы тоқтатылды. Бұл туралы Көлік министрлігі хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
Ведомство мәліметінше, инспекция барысында 31 жеңіл моторлы әуе кемесі тексеріліп, бірқатар заңбұзушылықтар анықталған. Тексерістер кейінгі уақытта жиілеп кеткен авиациялық оқиғаларға байланысты күшейтілді.
Министрлік заңсыз әуе рейстеріне бақылауды да арттырған. Инспекциялар енді тек азаматтардың шағымдары бойынша ғана емес, әлеуметтік желілердегі мониторинг арқылы да жүргізіледі.
Әсіресе Instagram, TikTok және Telegram желілерінде жарнамаланатын эксклюзивті, шолу рейстеріне ерекше назар аудармақ. Көбіне мұндай әуе сапарлары арнайы рұқсатсыз жүзеге асатыны анықталды.