• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Тұлға Бүгін, 08:20

Өнегелі өмір иесі

60 рет
көрсетілді

«Таулар алыстаған сайын биіктейді», деп халқымыз бекер айтпаған. Дүниеден өтсе де биіктігімен, қиындыққа мойы­майтын қайсар­лы­ғы­мен, айналасындағы ұсақтықты байқамайтын ірілігімен ел есінен өшпеген азаматтар бар. Сондай тұлғаның бірі – биыл туғанына 100 жыл толған соғыс және еңбек ардагері, Абай облысы Үржар ауданы­ның дамуына саналы ғұмырын арнаған Зекен (Зейнолла) Әділбеков.

Еліміз­дегі маңызды істерді шешу осын­дай жандардың қолына тиген­де қоғамда береке мен ынты­мақ жарасымын табады. Зекен Уалханұлының сынаққа толы өмірі мен еңбек жолы осыны көр­сетеді. Ол өмір сүрген заман оңай болған жоқ. Ұжымдастыру дәуірі, аштық, қуғын-сүргін, екінші дүниежүзілік соғыс және соғыстан кейінгі ауыр жылдардың салмағы осы ұрпақтың мойнына түсті.

«Жақсыдан жақсы туар жар­қыл­даған» дегендей, Зекен ағаның атасы Әділбек Әйімұлы, әкесі Уалхан да өз заманында Ақсуат өңірінде болыс болып, елге қамқорлығымен танылған.

Алайда текті әулеттің ұрпағын «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұран дәуірлеген зұлмат кезеңнің оты шарпыды. Уалханның үлкен ұлы Қабас «әкеңнің байлығын тауып бер» деген ОГПУ жандайшаптарының қолынан қаза тапса, Семейде оқы­ған сауатты екінші ұлы Талғатбек мектепте мұғалім болып жүрген жерінен жалған жаламен ұсталып, он бір жылға сотталды. Бұл аз бол­ғандай, отызыншы жылдардың басында Уалхан ата­­мыздың қызы Мәкеннің күйеуін атып тас­тады.

1926 жылы бір жасында әке­ден айырылған баласын ертіп, ана­сы Әлиза Ақсуаттан Үржар ауданындағы төркініне көшеді. Зекен ағамыз «Өмірімнің шын­дығы» атты естелігінде Көлденең ауы­лына көшіп барғанда анасы екеуі бас­пана іздеп, жеті үй ауыстырғанын, соңында нағашысы Зәуренбек қолына көшіріп алғанын, сегіз жасынан бастап «Свободный путь» ұжымшарында жер жыртып, жылқы бағып, ауыр жұмыс істегенін айтады.

Алайда бала күнінен тағдыр­дың түрлі теперішін көрген жас өрен қиындыққа мойымай өсті. 1942 жылы жасы он сегізге толмаса да өз еркімен майданға аттанды. Фрунзедегі жаяу әскер училищесінде оқып, 1943 жылы Харьков маңында алғаш ұрысқа қатысады. Осы жерде кескілескен қанды шай­қас­тардың бел ортасын­да жүріп, бірнеше рет жарақат алды. 1944 жылдың маусымында  әуе де­санты бригадасы Карель май­да­­нында қайта жасақталып, жауынгер З.Әділбеков барлау взво­­ды­на, кейін барлау полкіне ауыс­тырылды. Ресей, Украина, Белоруссия, Венгрия сияқты бірқатар елді жаудан азат етеді. Осы шайқастардың бірінде қатты жараланып, елге оралды. Соғыс жылдары елдің де жағдайы ауыр еді. Сондықтан жарақаты толық жазылмаса да еңбекке араласты. Ауылдағы егіншілер бригадасында жұмыс істеді. Білім­­ді, көзі ашық жас бірден көз­ге түсті. Сөйтіп, оны сол жыл­дардағы Семей облыстық комсомол комитетінің бірінші хат­шысы Рукавишникованың ұсы­нысымен ұжымшардың бас­тауыш комсомол ұйымының хатшысы етіп тағайындады. Одан кейін Үржар аудандық комсомол комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болды. Ал, 1952 жылы партия мүшелігіне өтіп, Үржар аудандық партия ұйы­­мы­ның нұсқаушысы қыз­ме­тіне қа­былданды. Екі жылдан­ кейін бөлім мең­герушілігіне жо­ғарылады.

Халқымыз «Ауыл – ат байлар алтын қазық» деп айтады. Ра­сында, ауыл біздің киелі алтын­ тамырымыз. Шын мәнінде, Зекен Уалханұлы туған жері – қа­зіргі Абай облысы Үржар ауданы­ның­ өркендеуіне қомақты үлес қосты. Әсіресе Қытаймен шекара­лас шал­ғайдағы өңірдің ауыл ша­руа­шылығы саласын дамыту­ға бел­се­не еңбек етті. 1962 жылы Үржар аудан­дық партия ко­ми­теті­нің бірін­ші хатшылы­ғы­на­ Н.Е.Мо­розов сайланып, ол ұйым­дастыру бөлімінің мең­геру­шісі З.У.Әділ­бековке шаруа­шы­лығы артта қалған Калинин ұжымшарының жағдайын тек­серіп, анықтама жазуды тапсыра­ды. Оның дайын­даған анық­тама­сы­на бірін­ші хатшы бұрыштама соғып, аудандық атқару комитетінің төрағасына «ұжымшарда жиналыс өткізіп, төрағаға Әділбеков жолдас­ты ұсыныңыз» деген тапсырма береді. Осылайша, жоғары білімді Зекен ағаның еңбек жолының жаңа кезеңі басталды. Бұған дейін аталған шаруа­шылықта жергілікті халық­тан ешкім басшылыққа тағайын­далмаған. Жалпы, 1954 жылға дейін Үржар ауданында қазақ­тар­дың саны 15 пайызды ғана құраған. Бұл көрсеткіш Қытайдан қандастарымыз орала бастаған соң өзгерді.

Жалын атқан жас жігітті шаруа­­­­шылығы тұралаған ұжым­шар­­дағы қиын­дық қорқыта алмады. Ол үлкен лауазым иелері­нің алдын­да да әділ жолдан тай­ған емес. «Қара қылды қақ жар­ғандай» шындықты айта білді. Бір жағынан, жалаң сынаушы емес, үнемі түйткілді мәселені бір­ден шешудің қисынды жолын ұсын­ды. Сондықтан оның пікірі тың­далып, жоғары басшылық тарапынан жиі қолдау тапты. Оның мысалы – ауыл еңбеккерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында нысандар салу үшін Калинин ұжымшар орталығын Некрасовкадан «Бірінші май» ауы­лына көшіру туралы мәселені сол кездегі облыстық партия комитетінің бірінші хатшысына тайсалмай айта білді. Нәти­жесінде, аталған мәселе аудандық пар­тия комитетінің бюросында қара­лып, ұсыныс қабылданды. Үш-төрт жыл­дың ішінде Зекеннің жетек­шілігі­мен жатақхана, тұр­ғын үйлер, 300 орындық Мәдениет үйі, орта мектеп, монша, машина-трактор шеберханасы, механикаландырылған мал қора салынды. Көп кешікпей шаруа­шылық алдыңғы қатарға шығып, табысы артып, миллионер атанды.

Кеңестік кезеңде кеңшар директорын Орталық партия комитеті  мақұлдап, ауыл шар­уа­­шылығы министрінің бұй­ры­ғымен тағайын­далатын. З.Әділбековтің іскер­лік, ұйымдас­­ты­рушылық қасиеттеріне тәнті болған басшы­лық оны 1968 жылы 60 мыңнан астам қой, 5 мың ірі қара мал, 100 мың гектар жері бар «Бақты» кең­шарын (Мақаншы ауданында орна­лас­қан) басқаруға жібереді. Бақтыда да оған дейін директорлыққа қазақ азама­­тынан ешкім тағайындалмаған. Атал­ған кеңшар республика бойынша ірі шаруашылық бол­ға­нына қарамастан, шығынға батқан. Оның үстіне әскерилер «шекарадағы тәртіп» деп, шекара маңынан астық оруға, шөп шабуға рұқсат бермейді. Кеңшар директоры Зекен Әділбеков алғашқы күннен осы проблеманы шешуге кірісті. Соның арқасында көп жыл бойы қордаланған мәселелер оң шешімін тапты. Осында қызмет атқарған жылдары асыл азаматтың жаңашыл­ды­ғы жарқырап көрінді. Оның ұсынысымен кеңшар екіге бөлініп, «Бақты» және «Погра­ничный» кеңшарлары құ­рыл­ды. Нәтижесінде, жаңа кеңшардың орталығы Ақшоқы ауы­лында қыруар жұмыс ат­қарыл­ды: әлеуметтік нысандар бой көтеріп, ұзындығы 35 шақырым тас жол салынды. З.Әділбековтің «Бақтыдағы» он жылдық еңбегі екі рет «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен бағаланды. Кейін Науалыдағы Ленин атындағы ұжым­шарды басқарды. Екі жыл ішінде шаруа­шылықтағы барлық жұмысты ретке кел­тіріп, аудан көлемінде озат ұжым­­шар­ға айналдырды.

Халқымызда «Ағаштан жеміс күт­сең бұтағын сындырма, адам­нан үміт күтсең көңілін қалдыр­ма» деген дана сөз бар. Осы қа­ғи­даны басшылыққа алған Зекен аға әрдайым жас буынды тәр­бие­леуге баса мән берді. Ол жас маман­дардың мансаптық жоғарылауына қолай­лы жағдай жасады, ауыл жастарына жоға­ры оқу орындарына түсуге жолдама берді. Диплом алып келген мамандар­ды қызметке орналас­тырды. Зекен Уалханұлының қамқорлығын көрген жас­тар кейін шаруашылық басшылары ре­тін­де алдыңғы толқын ағаларының жолын жалғады.

Қай жерде қызмет жасаса да еңбек­кер­­лерге көшбасшы тұлға бола білген майдангер құрметті демалысқа шықса да, өмірлік ұстанымынан таймай қоғамдық жұмыстарға белсенді атсалысты. Зекен Уалханұлы жетекшілік еткен жылдары Алматыдағы Алмалы аудандық ардагерлер кеңесі жергілікті билікке қазыналы қарттарымыздың мұң-мұқтажын жет­кізіп, түйінді мәселелердің шешілуіне мұрындық болған танымал қоғамдық ұйымға айналды. Ол бірнеше рет қалалық ардагерлер кеңесінің президиуымына мүшелікке сайланды. Республикалық ардагерлер кеңесінің IV-VI съезіне қатысып, ардагерлерді ұйымдастыру кеңесіне мүше болды. Жоғары дәрежедегі зейнеткер Зекен Әділбеков мемлекет алдындағы еңбегі мен белсенді қоғамдық қызметі үшін «Достық» орденімен, жиырмаға жуық медальмен марапатталды. «Үржар ауда­нының құрметті азаматы» атанды. Тұлғаның мұратқа жетуі деген осы!

Қазақта «Текті туған жігіттің жары өзіне лайық, керуен бас­тар жігіттің нары өзіне лайық» деген сөз бар. Зекен ағамыз асыл жары Сахариямен 1953 жылы отбасын құрып, бір жылдан кейін тұңғышы Салтанат өмірге келді. 1956 жылы мамырда ұлы Дәурен дүние есігін ашты. Бүгінде балаларының бәрі де елге танымал азаматтар. Айталық, Салтанаты мен Зинаты адам өмірінің арашасы дәрігерлік мамандықты таң­даса, ұлы Дәурен Зекенұлы – экономика ғылымдарының докторы. Ол егемендіктің алғашқы жылдары Жоғарғы Кеңес депутаты болса, кейін Парламент Сенатының депутаттығына сайланды. Елге аянбай еңбек етіп жүрген азаматтың бірі. Одан кейінгі баласы Думан қаржы саласында абыройлы қызмет істеді. Ұлағатты жандардың немерелері де бүгінде түрлі салада жемісті жұмыс атқарып жүр.

 

Әмірхан РАХЫМЖАНОВ,

саяси ғылымдар докторы, профессор