Президент Жолдауда қоршаған ортаға жанашырлықпен әрі жауапкершілікпен қарау ұлттық идеологияның өзегі болуы керек деген еді. Сондай-ақ ол осы жұмысқа атсалысып жүрген азаматтарға, әсіресе жастарға ризашылығын білдірді. Табиғатты қорғауда іркілмей, көпке үлгі болғандардың қатарында «Жаңа адамдар» қозғалысының белсенділері де бар. Олар экологиялық мәселелерді шешуде креативті тәсілге ден қойған.
Мәселен, азаматтық топ белсенділері жүргізген кезекті рейд барысында Астананың Есіл ауданында рұқсат етілмеген ірі қоқыс полигонын анықтайды. Ізінше жергілікті тұрғындармен тілдесіп, әкімдік уәде берсе де, бұл аумақтың бір жылдан аса уақыт тазаланбағанына көз жеткізеді. Жағдайға бейжай қарамаған «Жаңа адамдар» қозғалысының жастары жауапты тұлғалардың назарын аудару үшін ерекше тәсілге жүгінеді. Олар қоқыс үйіндісінен Есіл ауданы әкімі орынбасарының портретін жасап, арт-инсталляцияны әлеуметтік желіге жариялайды. Артынша жоба көшбасшысы Бауыржан Аманов шенеунікке «Астаналықтар сізді қоқыс алаңымен еске алғанын қаламайтыныңызды және заңсыз үйіндіні жою үшін нақты шаралар қабылдайтыныңызға сенімді», деп үндеу қалдырады. Бұл – жастардың немқұрайдылық пен әрекетсіздікке қарсы азаматтық қарсылығы еді.
Тағы бірде белсенділер жас дизайнерлердің қолдауымен заңсыз алаңдардан жиналған қалдықтардан «треш» стиліндегі киімдер топтамасын жасап шығарады. Кейін оның алғашқы көрсетілімін «BI Group» компаниясына тиесілі «Jetisu» тұрғын үйі кешенінің жанындағы қоқыс үйіндісінің дәл үстінде өткізеді. «Trash Fashion Day» сән көрсетілімінің арнайы фотосессиясын Астана әкімдігінің ғимараты алдында ұйымдастырады. Бұл ерекше перформанс экологиялық проблеманы тікелей билікке ашық жеткізудің тәсілі болды.
Осыдан екі ай бұрын да бір топ белсенді қала ішіндегі 8,6 гектарға татитын заңсыз полигонды ұзақ уақыт бойы құрылыс компаниясы назарынан тыс қалдырып жүргенін байқайды. Сөйтіп, қоқысты осы аумаққа тасымалдаған жүк көліктерінің жүргізушілерімен және жергілікті тұрғындармен әңгімелесіп, рейд жүргізіп, заңсыздықтарды бейнежазбаға таспалап, жағдайды жіті бақылайды. Нәтижесінде, алаңға «Нұр Астана құрылыс» компаниясы жауапты екенін анықтайды. Жастар рұқсат етілмеген аумақтағы қалдықтарды «NAK-тың қоқысы – NAK кеңсесіне «Өз қоқыс алаңдарыңды өздерің тазалаңдар!» деген үндеу жазылған сөмкелермен компания кеңсесіне велосипедпен жеткізеді.
Осылайша, қоғам жанашырлары ұстанымдарын ашық айтып, «Нұр Астана құрылыс» холдингінің басқарушысымен сөйлеседі. Компания өкілі қоқыс алаңын биыл қазан айында жоюға уәде берді.
«БАҚ беттеріндегі дерекке сүйенсек, қазіргі таңда бір ғана Астана қаласында 500-ден аса заңсыз қоқыс алаңы бар. Кей отандастарымыз шіріп, иісі қолқаны қабатын осы тұрмыстық қалдықтардың маңында өмір сүріп жатыр. Алайда рұқсат етілмеген үйінділердің кейбірін тазалау 2028 жылға қарай жоспарланып отыр. Демек жаңағы тұрғындар кемінде үш жыл қоқыс жанында тұрады деген сөз. Сондықтан қозғалыс аясындағы «AntiTrash» жобасы жауаптыларды қоқыс үйінділерін жою бойынша өз міндетін орындауға үгіттейді. Бұл ретте команда есік жағалап шағым жазып, түрлі мекемеге хат жолдап сабылып жүрген жоқ. Белсенділеріміз креативті тәсілмен шешуді құп көреді. Мұның бәрі қоғамда азаматтық жауапкершілік пен экологиялық сананы қалыптастыруды көздейді. Бірақ тазалық мәдениетін терең орнықтыру үшін әр адам қоқыс үйінділері өздігінен жоғалады деп үміттеніп, қол қусырып отырмауы қажет. Жауапкершілік алып, жан-жақты белсенді әрекет ету керек. Осыдан кейін ғана ұжымдық экологиялық мәдениет терең орнығады», дейді қозғалыс ұйымдастырушысы Алпамыс Әбілов.
Құрылғанына үш жылға жуықтаған қозғалыстың бұдан өзге де әлеуметтік бастамалары бар. Соның бірі – «124» жобасы. Мақсаты – әлеуметтік желілерде жалған профиль арқылы балаларға төнетін қауіптің алдын алу, анонимді түрде әрекет ететін әлеуетті педофилдерді анықтап, әшкерелеу. Жоба аясында топ мүшелері кәмелетке толмаған бала ретінде күдіктілермен хат алмасып, олардың ниетін анықтап, кейін кездесуге шақырып, белгіленген орында бір топ белсенді қарсы алады.
Ал «Тұмар» жобасы қыз-келіншектерге қатысты харассмент пен зорлық-зомбылық фактілерін жария етуді мақсат етеді. Бастама аясында белсенділер акциялар мен пикеттер ұйымдастырып, қылмыскерлердің есімдерін ашық жариялайды. Сондай-ақ жәбірленушілердің бұл жағдайды мейлінше жеңіл еңсеруі үшін өз оқиғасымен бөлісуіне мүмкіндік беріледі.
«Заң» жобасы кәмелетке толмағандарға алкоголь сату фактілерін анықтауға бағытталған. Белсенділер жасөспірімдердің қатысуымен рейд жүргізіп, заң бұзған кәсіпкерлерге ескерту жасап, айыппұл салуға ықпал етеді. Ал заңсыз әрекетін жалғастырған дүкендерге қатысты пикет, наразылық акцияларын өткізіп, жұмысын тоқтатуға тырысады. Қажет жағдайда оларды лицензиясынан да айыруға күш салады. Бұл – жастардың заң үстемдігін орнатуға деген батыл қадамы.
Қозғалыстың қоғамда жауапкершілік пен бедел мәдениетін мақсат еткен «Тілге сақтық» жобасы да бар. Бір топ белсенді танымал тұлғалардың зиянды, әдептен тыс пікір айтқанын немесе әрекет жасағанын көпшіліктің назарына ұсынады. Кейін олардан ашық кешірім сұрауын талап етеді. Мұндай акциялар, пикеттер мен перформанс арқылы жастар ел алдындағы жауапкершілік маңызын көрсетуді көздейді.
«Заң мен тәртіп қағидатын орнықтыру мақсатындағы тағы бірқатар жобамыз бар. «Жоқ» жобасы – тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы бастама. Үнсіздік құрбаны болған жандарды қолдап, ақпараттық кампаниялар мен акциялар арқылы қоғам назарын аударуды мақсат еттік. Жоба аясында психологиялық және құқықтық көмек те көрсетіледі. «Вандализм OFF» ортақ кеңістікке деген жауапкершілікті қалыптастыруды көздейді. Белсенділер вандализмнің салдарымен емес, себебімен күреседі. «Халық қаһары» – жауапты тұлғалардың біліксіздігі мен немқұрайдылығын әшкерелейтін жоба. Қоғам өкілдері ай сайын ең бейқам қызметкерлерге дауыс беріп, оған антипремия ретінде аяқталмаған LRT тіреуішінің макеті табысталады. Бұл – азаматтық бақылаудың жаңа формасы. Аталған бастамалар еліміздің әр өңірінде орналасқан кеңселеріміздің көмегімен жүзеге асады. Бүгінде қозғалыста барлығы 10 мыңнан аса белсенді бар», дейді А.Әбілов.
Түйіндесек, «Жаңа адамдар» қозғалысының бастамалары жай белсенділік емес, қоғамдағы күрделі түйткілдерге нақты жауап екенін көрсетеді. Әрі олар үнсіз қалмай, жауаптылардан әрекет күтпей, керісінше, креатив пен азаматтық ұстанымды үйлестіре отырып, бастамашылық жасайды. Қоғамда жаңа құндылықтар жүйесін қалыптастыруды көздеп, оңтайлы шешім ұсынады. Осылайша, бұл қозғалыс бір жағынан бүгінгі жастардың экология, әділет, заң үстемдігі мен адам құқығына деген көзқарасының өзгергенін, бүгінгі ұрпақтың жаңа болмысын айғақтайды.