• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Еңбек Бүгін, 08:28

Жастарға жұмыссыздық сылтау емес

30 рет
көрсетілді

Бүгінгі буын­ның арасында бей­нет­тен қашпайтын­дар да бар екен. Осыдан 6 жыл бұрын Сырдария ауданында 15 жұмыссыз жас бірігіп брига­да құрға­нын естігенбіз. Әуел­гіде «Басы таудай, аяғы қыл­дай шаруаның бірі болар. Жарна­масы жарқылда­ған бастаманың аңдысын аңдиық» деген де ой бол­ғаны рас.

Сол жылы ауылдан белсеніп шыққан 15 жас гектарлап бау-бақша егіп, әжептәуір табыс тауыпты. Келесі жылы қатары көбейіп, дән сепкен алқаптары да ұлғая түсіпті. Бүгінде осы еңбек бригадалары қатарында жұмыссыз, NEET санатындағы, пробация есебінде тұратын 200-ге жуық жас жұмыс істейді. Талапты жастарға мемлекет тарапынан қолдау да көрсетіліп келеді. Мәселен, егіндік жер беріліп, оны демеушілік есебінен жыртып, егін алқабын қоршау мен жанар-жағармаймен қам­тамасыз етілген.

Аудандағы Аманкелді ауы­лында да 2023 жылы осындай бригада құрылыпты. Осы күні ауылдың 10 баласы қауын-қарбыз, асқабақ, жүгері мен картоп егіп, өнімдерін жинап жатыр. Жаз бойғы еңбегінің жемісін күзде өтетін жәрмеңкелерде саудаға шығарады. Талапшыл жастарға ауыл әкімдігі тарапынан егіндік жер, аяқсу жағынан қолдау бар. Дария деңгейі төмендегелі бері оларға сорғы беріліп, егінін суаруға жағдай жасалып келеді.

Ауылдық округ әкімі ап­паратының әдіскері, жастар ісі жөніндегі маман Бексұлтан Серікбаевтың айтуынша, жастар қыста да жұмыссыз қал­майды. Қоғамдық негіздегі жұ­мыстардан бөлек, біразы жалданбалы кәсіпке көшеді. Көктем шыға бау-бақшаның қамына қайта кіріседі.

«Осы ауылда көп жылдан бері егін егілмей келген. 2021 жылдан бастап қана ауыл әкімдігінің бастамасымен егін шаруашылығы­мен айналысуға қадам жасалды. Алғашқыда 30 үй бастаса, қазір олардың қатары 100 отбасынан асты. Осылардың ішінде жас­тар бригадасының орны бөлек. Қатарына үлгі болып, еңбектен қашпаған жас­тар үшін жұмыссыздық сыл­тау емес екенін дәлелдеп келеді. Рүстембек Әубәкіров, Ғалым­жан Жанахметов, Шарапат Әбдікәрімов, Мейірхан Ишан­бек секілді жастардың еңбегі көпке үлгі. Олардың қатары жылдан-жылға артып жатқаны да қуантады», дейді Б.Серікбаев.

Аманкелдімен қатар іргелес Айдарлы ауылының жастары да – «қыстың қамын жазда ойлайтындардың» қатарында. Алғашында 6 жігіттен құралған топ қатары жыл санап толығып келеді. Маусым кезінде ала таң­нан жұмысқа кірісетін олар бақша­ны арамшөптен отап, суара­ды, түбін бірлейді.

Аудан жастарының басын қосқан осындай бригадалар бүгінде осы екі елді мекеннен бөлек Жетікөл, Бес­арық, Шіркейлі, А.Тоқмаған­­бе­тов ауылдарында жүйелі түрде ұйымдастырылған. Жобаға қа­тысқан 150-ге жуық жас 60 гектар жерге картоп пен бақша өнімдерін егіп, мол өнім жинап отыр.

Жалпы, кейінгі жылдары Сыр өңірінде жастардың белсенділігі байқалып келеді. Мысалы, Жаңа­қорғандағы «Жаңарған Жаңақорған жастары» еріктілер тобындағылардың қатары бүгінде 300-ден асыпты. Кәсіпкерлер мен белсенді жас­тар мүше болған еріктілер тобы мен аудан тұрғындары бірігіп, мұқтаж отбасыларға жаңа үй кілтін табыстауды дәстүрге айналдырған.

Спорттық іс-шаралар ұйым­дастырып, қайырымдылық, руханият, білім бағытында жұмыс істейтін еріктілер тобы 6 жыл ішінде 13 отбасына үй сыйлапты. Осындай үздік үлгі Қазалы жастарына да тән. Олар да қиын­дық­та қалған талай жерлесте­ріне қолұшын созып, бірнеше мәрте асар әдісімен баспана салып берді.

 

Қызылорда