Гуманитарлық білім IT саласына қадам басуға еш кедергі емес. Қазіргі заманауи білім беру бағдарламалары мамандықты ауыстыруға, көзқарасты кеңейтуге, тіпті өмірді жаңа парақтан бастауға мүмкіндік береді. Әсіресе мұндай мүмкіндік IT саласында ерекше сұранысқа ие. Соның айқын мысалы – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен «Astana Hub» бірлесіп іске асырып отырған «Tech Orda» бағдарламасы.
Бағдарлама аясында әрбір студентке еліміздегі жеке IT-мектептерде оқуға 500 мың теңгеге дейінгі грант беріледі. Бұл жай ғана қолдау емес, болашағы зор салада кәсіби мансап құруға нақты мүмкіндік. «Tech Orda»-ның мақсаты – цифрлық экономика талаптарына бейімделген курстар арқылы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы адами капиталды дамыту. Жыл сайын мыңдаған азамат осы мүмкіндікті пайдаланып, IT-саласына қадам басып келеді.
Биыл бағдарламаға 80 IT-мектеп аккредитациядан өтіп, 160 түрлі курс ұсынды. Олардың қатарында веб-әзірлеу, 3D-дизайн, AR/VR қолданбалары, операциялық жүйелерді әзірлеу, киберқауіпсіздік, IoT (заттар интернеті), «Big Data», мобильді қосымшалар мен «GameDev» бағыттары бар. Сонымен қатар «Agile», өнім менеджменті және жасанды интеллект салалары басым бағыт ретінде айқындалған.
«Tech Orda» бағдарламасы мыңдаған азамат үшін шынайы әлеуметтік баспалдаққа айналды. Бүгінде елдің әр өңірінен келген жастар, тіпті бастапқы дайындығы болмаса да, қысқа мерзім ішінде заманауи IT-құзыреттерді меңгеріп, мықты компанияларда жұмысқа орналасып жатыр. Өткен жылы 35 мыңнан астам өтінім қабылдадық, ал арнайы ағымдар аясында алғаш рет 1000 педагогті оқыттық. Бұл бағдарламаның кең ауқымда дамып келе жатқанын, оған деген сенімнің артқанын көрсетеді. Көптеген қатысушы үшін «Tech Orda» тек мамандық ауыстыру мүмкіндігі ғана емес, елдің цифрлық трансформациясына үлес қосуға жасалған саналы қадам болды», деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жасұлан Мәдиев.
Былтыр бағдарлама аясында 3 465 грант бөлінді, оның 2 465-і негізгі ағымға, ал 1 000 грант мұғалімдерге арналған арнайы бағыттар бойынша бөлінді (оның 300-і мектеп мұғалімдеріне, 700-і жоғары оқу орындарының оқытушыларына).
«Tech Orda» бағдарламасына қатысып, өмірін түбегейлі өзгерткен жандар баршылық. Мәселен, Аруна Сабыр саясаттанушы мамандығы бойынша білім алған, мемлекеттік басқару саласында магистратураны тәмамдап, бірнеше жыл университетте қызмет еткен. Дегенмен IT саласын меңгеруге деген ықыласы бәрінен басым түскен.
«Бұған дейін түрлі онлайн-курстарға қатысып көрдім, бірақ көбін соңына дейін жеткізбейтінмін. «Tech Orda» бағдарламасы жүйелілігімен, менторлардың қолдауымен және грант арқылы оқу мүмкіндігімен баурап алды. Қазір менің өмірім түбегейлі өзгерді, «backend PHP» -әзірлеуші болып жұмыс істеймін. Бұл бағдарлама болмаса, мұндай қадамға барар ма едім, білмеймін», дейді ол.
Бүгінде Аруна «Meteoro Ai» компаниясында еңбек етіп, IT саласында сенімді мансап жолын жалғастырып келеді.
Ал Әлия Рақышева SDU-дың экономика мамандығы бойынша түлегі. Бұған дейін «KPMG» компаниясында салық кеңесшісі болып істеген. Кейін «Data Science» саласына бет бұруды шешіп, «Tech Orda» бағдарламасы туралы естиді.
«Маған IT-мектептерді таңдау мүмкіндігі мен оқу ақысының толықтай грант есебінен жабылатыны ұнады. «Data Science» бойынша білімімді нығайтып, оны нақты тәжірибеде қолдануды қаладым. Ең пайдалысы – қарапайым деректерді түсінікті метрикаға және бизнеске қажетті ұсыныстарға айналдыруды үйрендім», деді Әлия.
Бағдарлама барысында ол командалық жобаларға қатысып, топпен жұмыс істеу бойынша тәжірибе жинады. Бағдарламаны аяқтаған соң, Әлия «Freedom Insurance» компаниясына «Junior Data Scientist» ретінде жұмысқа орналасты.
Ал Баяшат Тоқмұхамбет KBTU-дың 4-курс студенті болып жүріп, «Tech Orda» туралы достарынан естіген. Оның айтуынша, бағдарламаның басты артықшылығы – тегін оқу мүмкіндігі.
«IT-мектептегі орта бізді әрдайым ынталандырып отырды. Алты айдың соңында EPAM компаниясындағы тәжірибеге дайындала бастадым, көп ұзамай халықаралық жобаға тағылымдамадан өтуге қабылдандым. Бұл бағдарлама тек білім беріп қана қойған жоқ, жаңа достар сыйлады, ортамды кеңейтті», дейді ол.
Қазір Баяшат EPAM «Solutions» компаниясында «Junior Software Engineer» қызметін атқарады. Оның «GitHub» платформасында «shanyrak.kz» пен «Fox Paper» жобалары бар.
Аруна, Әлия және Баяшаттың оқиғалары «Tech Orda» бағдарламасының көмегімен жаңа өмір бастаған жүздеген түлектің қол жеткізген жетістігінің бір бөлігі ғана. Бағдарлама азаматтарға жаңа мамандық меңгеріп, сұранысқа ие жұмыс табуға, IT саласында дамуға жол ашып отыр. Өйткені «Tech Orda» – жеке IT-мектептерде білім алуға берілетін мемлекеттік ваучер. Бұл бағдарлама ең сұранысқа ие IT-бағыттарды тегін меңгеруге, бар болғаны 6 айда жаңа мамандық иесі атануға, өзіңізге ыңғайлы оқу форматын таңдауға және тәжірибеден өтіп, жұмыс табуға жол ашады.
Қазіргі таңда тізімде 79 мектеп пен 159 курс ұсынылған. Бірден бес курсқа өтініш беруге болады, бірақ грант тек бір курсқа беріледі.
Статистикаға сүйенсек, «Tech Orda» түлектерінің 88%-ы жұмысқа орналасқан, олардың орташа жалақысы 505 000 теңгені құрайды. Бүгінде бағдарлама түлектері «Kaspi.kz», «Halyk Bank», «KPMG», «Ernst & Young», «Теңізшевройл», «ҚазМұнайГаз», «Freedom Finance», «Kcell», «Air Astana», «Kolesa Group» сынды жетекші компанияларда қызмет атқарып жатыр.