• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Пікір Бүгін, 08:37

Цифрлық елге айналу мүмкіндігі

30 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында «Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылады. Үш жыл ішінде Қазақ­стан цифрлық ел болуы керек» деп айтты.

Елімізде Жа­­санды интеллект және цифр­лық даму министр­лігін құру бастамасы – уақыт талабынан туған өте орынды шешім. Бүгінде жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар экономиканың, ғылым­ның, білімнің, басқару жүйеле­рі­нің дамуында негізгі қозғаушы күшке айналды. Әлемдік тәжі­рибе көрсеткендей, мұндай стратегиялық саланы үйлесті­ріп отыратын дербес мемлекеттік орган елдің инно­вациялық әле­уе­тін арттырады.

«Үш жыл ішінде Қазақстан цифрлық ел болуы керек» де­ген мақсат – қоғамды жұмыл­дыратын, болашаққа нақты бағдар беретін амбициялық міндет. Алайда оны жүзеге асы­руға тек инфрақұрылым мен техникалық шешімдер жеткіліксіз. Ең бастысы – адами капитал. Халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру, мектептен бастап университетке дейінгі деңгейде жасанды интеллект негіздерін оқыту, ғалымдар мен стартаптарға жағдай жасау аса маңызды. Бұл ретте студенттер, магистрант­тар, докто­рант­тар арасында жасанды ин­тел­­лект сала­сын­­дағы дағ­ды­ларды жан-жақты дамытуға, ұлттық экономиканың әлеуе­тін ашуға бағытталған «AI-Sana» инновациялық жеделдету бағ­дарламасы жүзеге асып жатыр. Осы жобаның аясын­да біздің университет студент­теріне «Cousera» онлайн платформасынан 1000 лицензия берілді.

«AI-Sana» сондай-ақ профес­сор-оқытушылар құрамының біліктілігін арттыруға бағыт­талған бағдарлама. «AI-Sana» бағдарламасындағы жасанды интеллект бағыты бойынша Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті – Астана қаласындағы негізгі жоғары оқу орны.

Университетіміздегі барлық білім беру бағдарламаларының студенттеріне жасанды интеллект негіздерін оқыту үшін, кө­ле­мі 36 сағат «AI Bootcamp: Жасан­ды интеллект негіздері бойынша интенсивті курс» атты жаппай ашық онлайн курс әзірленіп, жүзеге асырылып жатыр. Курс соңында сертификат беріледі.

Сонымен қатар деректердің қауіпсіздігі, этикалық нормаларды сақтау, ұлттық тілдік ресурстарды цифрландыру сияқты бағыттарға ерекше назар аударылып отыр. Егер осы қадамдар кешенді түрде жүзеге асса, жақын арада цифрлық елге айналамыз деген сенімдемін.

 

Бибігүл РАЗАХОВА,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Жасанды интеллект технологиялары кафедрасының меңгерушісі