Елімізде заңсыз иемденілген активтерді қайтарып, оларды әлеуметтік нысандар салуға бағыттау ісі жалғасып келеді. Соның аясында Арнаулы мемлекеттік қордан Абай облысына денсаулық сақтау саласын дамытуға 5,6 млрд теңге қарастырылған. Қаржы өңірдің медициналық инфрақұрылымын жетілдіруге және қызмет көрсету сапасын көтеруге жұмсалады, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Жобалар азаматтарды уақтылы және сапалы медициналық қызметтермен қамту аясын кеңейтуге мүмкіндік бермек.Бұған дейін Арнаулы мемлекеттік қордан Семей қаласында 100 орындық медициналық-әлеуметтік психоневрология мекемесін салуға 2,6 млрд теңге бөлінген болатын», делінген хабарламада.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында денсаулық сақтау саласын жаңғыртуға ерекше көңіл бөлініп жатқанын айтқан еді. Қазір ел көлемінде ауылдық фельдшерлік-акушерлік пункттерден бастап ірі ауруханаларға дейін кезең-кезеңімен жаңартылып келеді. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 540 жаңа нысан салынған.