• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Театр Бүгін, 09:40

«Абай» спектаклімен ашылды

30 рет
көрсетілді

«Астана Опера» XIII театр маусымын М.Әуезовтің либреттосына А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсымен ашты. 6-7 қыркүйекте опера солистері, хор, балет және миманс әртістері, симфониялық оркестр музыканттары театрдың бас дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алан Бөрібаевтың жетекшілігімен өнер көрсетті.

«Астана Операның» жаңа театр маусымының ашылуы – ұжым үшін ғана емес, барша көрермен үшін де үлкен мереке. Бұл елордалықтар мен қала қонақтарының сүйікті театр атмосферасына қайта бойлайтын, әртістермен сағынысып қауышатын керемет сәт.

– Шығармашылық ұжымымыз жаңа театр маусымына тың идея­лармен және көрермендер аудиториясының сұранысына сай ауқымды жобалармен қа­дам басқалы тұр. Бұл ғаламат премьера­лармен, сан алуан фес­тивальдармен, мазмұнды гас­трольдермен, опералық және балеттік қойылымдармен есте қалатын кезең болмақ. Біздің маңызды бастамаларымызды жүзеге асыруға Мәдениет және ақпарат министрлігі үлкен қолдау білдіріп жатқанын атап өткім келеді. Сонымен, осы күзде сахнамызда опера өнерінің жауһары Дж.Вердидің «Риголетто» операсының көптен күткен премьерасын ұсынамыз, ал жылдың соңында алғаш рет көрермендерге Тілеуғазы Бейсембектің либреттосына С.Әбдінұров пен Ә.Әбдінұровтың «Қыпшақ қызы Аппақ» спектак­лін таныстырмақшымыз. Бұдан бөлек, дарынды жастарымызды қолдауға, өңірлердегі және шетелдегі әріптестерімізбен мәдени қарым-қатынасты нығай­туға бағытталған жобаларымыз әрі қарай жемісті жалғасын табады. Мен «Астана Операның» көрермендеріне дайындаған тосынсыйларының азғантай бөлігіне ғана тоқталып өттім. Ұжы­мымызға жаңа маусымда шалқар шабыт пен толағай табыс тілей отырып, барлық өнер сүйер қауымды театрымыздың елеулі жетістіктерінің куәсі болуға шақырамын, – деп атап өтті «Астана Опера» директоры Александр Совостьянов.

 «Астана Операның» жаңа XIII театр маусымы әйгілі «Абай» ұлттық операсымен ашылғаны кездейсоқтық емес. Бір жағынан бұл Абай Құнанбайұлының рухына құрмет болса, екінші жағынан ақынның 180 жылдық тойын мерекелеу, сонымен қатар осы қыркүйекте «Абай» операсының елордалық театр сахнасында қойылғанына 10 жыл толады. 2015 жылы қыркүйекте осынау ұлттық классика жауһары дирижер Алан Бөрібаев пен әлемге әйгілі режиссер Джанкарло дель Монаконың жаңа қойылымында көрерменге алғаш ұсынылды. Араға үш жыл салып театр осы еңбегі үшін Қазақ­стан Республикасының мәдениет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлығына ие болды. 

«Абай» операсы – ұлттық опера өнері жетістіктерінің бірі саналады. Былтыр ұжым осы операны «Музыканы көру» халықаралық фестивалі аясында Мәскеудегі Үлкен театр сахнасында зор табыспен ұсынған. Әр жылдары ұлттық жауһар Италияда, Өзбекстанда шырқалып, шетел­дік көрермендердің осынау мәңгілік туындыға деген сүйіс­пеншілігін оятты.

Ұлы Абайдың парасаттылық пен даналыққа толы бейнесі арқылы қазақ халқының болмысы бейнеленген спектакль ешкімді бейжай қалдырмайды. Қойылым махаббат, жақсылық пен зұлымдықтың күресі тура­лы баяндап қана қоймайды, халқымыздың философиялық ой-толғамдарын және мәдениеті мен өнерінің бірегей дәстүрлерін ашады. Операның осы ұлттық бояуының біртуар шеберлер Эцио Фриджерио мен «Оскар» сыйлығының лауреаты Франка Скуарчапино жасаған тамаша сценографиямен және костюмдермен жарасымды үйлесім табуы шымылдық ашылған сәттен бастап соңғы көріністеріне дейін көрермендерді Абай өмір сүрген дәуір атмосферасына бойлатады. Еске сала кетейік, режиссердің кеңесшісі – Қазақстанның Халық әртісі Есмұқан Обаев, бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов.

Түрлі күндері спектакль кейіп­­­кер­­лерінің бейнелерін «Астана Операның» дарынды әртістері жүзеге асырады. Осы жолы Абай партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Жанат Шыбықбаев пен Талғат Мұсабаев да­йындапты. Айдарды Рамзат Балакишиев пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайрат­кері Жан Тапин орындады. Ажар – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Салтанат Ахметова және Назым Сағынтай, Әзім – Бейімбет Таңарықов, Жиренше – Алтынбек Әбілда, Талғат Ғалеев. Қарлығаштың бейнесін Салтанат Мұратбекова мен Татьяна Вицинская сомдайды. Көкбай – Дінмұхамед Көшкінбаев пен Сұлтан Бақытжан. Сырттанның рөлінде – Болат Есімханов пен Шыңғыс Расылхан. Нарымбетті Артур Ғабдиев пен Нұрсұлтан Әнуарбек, ал Месті Әлихан Зейнолла таныстырады.