• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Мирас Бүгін, 08:05

Шідер

20 рет
көрсетілді

Қазір де көзге қораш емес, көнерген сөзге айналғанымен, шідер қазақтың ескі тұрмысына әбден сіңісті әбзел емес пе? Ол кездің көлігі жылқы, мінісі ат. Атқа мінгенде таққа мінгендей қазақ баласының сезімін айтып болмайсыз. Тізгінді ұстап, үзеңгіге аяқ іліктірген аттылы адамға қонар жерге жеткенде керегі шідер не арқан. Сондықтан бұларды жортуылшы ертоқыммен бірге қанжығасынан тастамайды.

Түскен жерінен ат арқандай қоятын қазық табыла қоюы неғайбыл. Көбіне шідерлеп жібереді. Алдыңғы екі аяғын тұсаулап, сол тұсаудан артқы аяқтың шідерлігіне өреленетін шідердің неше түрі бар. Көбіне қайыстан жасалады. Абай «шідерлігі жуандау, бота тірсек» деп суреттейді ғой аттың сынында. Шідерлігі көбіне мінер жақ аяғына айтылатын сияқты. Қамшылар жағынан шідерлей қоймайтын сияқты сезіледі. Шідерлеп жіберген ат алысқа ұзай қоймайды, асса екі-үш шақырымды айналып оттайды да жүреді. Атақты Иманжүсіп:  

«Шідерімді шыңғыртып атқа салдым, Иманжүсіп атымды хатқа жаз­­­дым» дейді Ерейментау жырында. Біз­дің жақтың домбыра ұстаған­дары­ның аузынан «үшбұтағын шідердің атқа сал­дым» деп естіп едік бала күнім­де. Шідер аттың үш аяғын бірдей тұ­сайды да, жалғыз-ақ аяғы бос қалады ғой. Білуімізше, мініс аттарын болмаса, бәйге атты шідерлей қоймайды. Себебі олай етсе, аяғын ­шатастыратын мінез тауып сүрінуі ықтимал. Аяғын шалыс басқанда, жіліншігін ұрып алуы мүмкін дегендей кем-кетіктері көп деген ойдамыз. Бәйге атты көбіне бос жіберіп еркелетіп ұстайтын үлкендер. Тіпті, көк­парға да салмайтын. Солай аялаған соң шідермен матауы, әрине ақылға сыя бермейді.

Атақты Біржан салдың шідер туралы өлеңдері тұтас бір оқиғалар жиын­ты­ғынан тұратын ұзақ әңгіме. «Замана бұлбұлдары» кітабында Ахмет Жұбанов әдемі-ақ кестелеп, жырдың күйіндей қылып баяндап жеткізеді. Расын да Біржан шідерінің ұрланғанын Ләйлім шырақтан көрген сияқты. Оны тере берсек, ұзақ бір мақалаға жүк. 

Өткенде ақын Бағдат Мүбәрактің «сағыныш шідерледі шерге мені» деп басталатын өлеңіне көзім түсіп кетіп, айран-асыр күй кештім. Қалай дәл берген. Қазақ танымында сөйлеу деген осы шығар. Мұны ұғу үшін атқа мініп өмір сүру өз алдына, шідердегі аттың қанша ұзап жайыларын білу және шідері үзіліп, атын таппай әлекке түсу сияқты әрекеттердің бәрінен өтуі керек қой адам. Ал Шідертінің жыры басқа әңгіме.