Футболдан еліміз Премьер-лигасының 23-туры мынадай нәтижелермен аяқталды: «Атырау» – «Тобыл» 1:0, «Қызылжар» – «Оқжетпес» 3:1, «Ордабасы» – «Жеңіс» 2:1, «Тұран» – «Ұлытау» 1:1, «Қайрат» – «Ақтөбе» 1:0, «Астана» – «Елімай» 3:3. Соңғы кездесудегі жеңісінен кейін «Қайрат» жарыс кестесінде жеке-дара көш бастап тұр. Алматылықтардың қоржынында 49 ұпай бар. Екінші орындағы «Астананың» басты қарсыластарынан екі ұпайы кем. Үшінші сатыға жайғасқан «Тобылда» 44 ұпай. Алайда қостанайлықтар өзге клубтардан бір ойын кем өткізген.
АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өткен кәсіпқой бокс кешінде аса ауыр салмақта сынға түскен Иван Дычко (15-0, 14 КО) америкалық Джермейн Франклиннен (23-2, 15 КО) ұпай санымен ұтылды. Бұл – отандасымыздың спорттық мансабындағы алғашқы жеңілісі. Жарыстың басты жекпе-жегінде АҚШ-тың дүлдүлі Терренс Кроуфорд (42-0, 31 КО) Мексиканың мақтанышы Сауль «Канело» Альваресті жеңіп, екінші орта салмақтағы (63-3-2, 39 КО) әлемнің абсолютті чемпионы атанды.
Парижде ұйымдастырылған «Шақыру кубогінде» еліміздің гимнасты Нариман Құрбанов алтын тұғырға көтерілді. Ол «ат» жаттығуында 15,066 ұпай жинап, жеңіске жетті. Күміс, қола медальдарды армениялық Гамлет Манукян (14,800 ұпай) мен италиялық Габриэле Таргетта (14,733) иеленді. Еліміздің тағы бір спортшысы Зейнолла Ыдырысов төртінші орынды қанағат тұтты.
Теннисшілердің әлемдік рейтингі жаңартылды. АТР тізімінде испаниялық Карлос Алькарас алдына жан салар емес. Оны италиялық Янник Синнер мен германиялық Александр Зверев өкшелеп келеді. Еліміздің бірінші ракеткасы Александр Бублик 19-орында тұр. Александр Шевченко – 96, Бейбіт Жұқаев – 207, Дмитрий Попко – 219, Тимофей Скатов – 235, Михаил Кукушкин – 259-орындарда. Әйелдер арасындағы үздік үштік – беларусьтік Арина Соболенко, польшалық Ига Швентек, америкалық Коко Гауфф. Еліміздің беткеұстары Елена Рыбакина ТОП-10-дықты түйіндеді. WTA рейтингінде Юлия Путинцева – 61, Зарина Диас – 233, Жібек Құламбаева 302-сатыға табан тіреді.