• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
ЖОЛДАУ Бүгін, 08:33

Тарихи серпіліс кезеңі

20 рет
көрсетілді

Қазақ – ұлы көштен қалмай, көшбасшы болуға лайық ұлт. Ұлы дала халқы – бағзы заманнан-ақ өркениетке ұмтылған, тіршілігінің өзегіне үйлесімділік пен ақыл-парасатты тоғыстырған ұлт. Еуропа елдері әлі варварлық дәуірде өмір сүріп жатқанда ата-бабаларымыз ұлан-ғайыр жерге ие болып қана қоймай, табиғатпен үндес, көшпелі болса да, сауатты әрі жүйелі қоғам құрып, мал шаруашылығын жетік меңгерген.

Киіз үй сол замандағы нағыз инженерлік өнердің үлгісі болса, қазақтың тұрмысы табиғатқа бейімделудің үздік моделі еді. Ел ішінде қалың қауым өмір сүріп, елдігін сақтап отырды. Алайда бертін келе техника мен технология дәуірі басталғанда біз сол көштен қалып қойдық. Еуропа өндіріс пен өнертабысқа бет бұрып, зауыт-фабрикалар тұрғызып, ғылым мен техниканы дамыта бастағанда біз табиғи өмір салтын сақтап қалдық. Осылайша, отырықшы елдер ілгері­­леп, біз тұтынушы күйге түстік.

Дегенмен бұл – мәңгілік үкім емес. Қазақ халқы – өнер­тап­­қыштыққа, жаңашыл­дыққа қабі­летті ха­лық. Бүгінгі таңда жас ғалым­да­ры­­мыз ауыл шаруа­шы­лығында, IT, эне­ргетика, био­технология сынды маңызды салаларда тың жобалар ұсы­нып, әлемдік деңгейде мойындалып жүр. Бұл – серпілістің бас­тамасы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жол­дауында ерекше мән берген бағыт­тар­дың бірі цифрлық даму, инновация және ғылымды қолдау бол­ды. Президенттің Жолдауы – жай ғана жыл сайынғы дәстүрлі баян­дама емес, ел дамуының стра­­тегия­лық бағдары. Онда көтерілген цифрландыру, жасанды интеллект, деректерді басқа­ру, ауыл­­ды дамыту, ұлттық кадр даяр­­лау сын­ды бас­тамалар – бола­шақ­тың кілті.

Қазір – қазақ елі үшін тарихи серпіліс кезеңі. Біз осы сәтті пайдалана алсақ, өз өнер­тап­қышта­рымызға, ғалым­дарымызға, жаста­­ры­мызға жағдай жасап, инновация­ны өндіріске енгізе алсақ, ертең тұтынушы емес, технология өндіру­ші елге айнала аламыз.

Кешегі ұлы көшпелі өрке­ниет­тің заңды жалғасы ретінде бізге енді жаңа көшке – цифрлық көшіне ілесуіміз қажет. Ең бас­­ты­сы, қазақ бала­сының бойында қарым-қабілет, білім мен білік, қауқар мен күш бар. Президент Жол­дауында көрсе­тілген межелер осы мүм­­кін­­­­дік­ті жүзеге асыруға жол ашады.

 

Ерлан СЫДЫҚОВ,

академик