Президент Жолдауында көтерілген мәселелер өте ауқымды. Алдағы жылдары еліміз дамудың жаңа сатысына көтерілуге тиіс. Ол үшін бес негізгі бағыт айқындалды.
Біріншіден, жаңа инвестициялық кезең басталады. Яғни елге миллиардтаған доллар қаржы тартып, оны нақты өндірістерге салуымыз керек. Инвестиция болмаса, жаңа зауыттар да, жаңа жұмыс орындары да ашылмайды. Екіншіден, «Alatau City» жобасы қолға алынады. Бұл – жай ғана құрылыс емес, тұтас экономикалық аймақ, инновациялық қала. Мұнда жаңа технологиялар, цифрлық шешімдер, өндірістер шоғырланады. Демек бұл жоба елдің технологиялық болашағы үшін маңызды. Үшіншіден, инфляциямен күрес күшейеді. Халық үшін ең өзекті мәселенің бірі осы. Бағаның тұрақсыздығы тұрмыс сапасына әсер етеді. Сондықтан мемлекет негізгі әлеуметтік тауарлар мен қызметтердің қымбаттауына жол бермеу үшін кешенді шараларды қолға алмақ. Төртіншіден, импортқа тәуелділікті азайту маңызды болып тұр. Қазір біз тұтынатын тауардың басым бөлігі шетелден келеді. Ал оны өзімізде өндіретін болсақ, ақша елімізде қалады, жұмыс орындары ашылады. Бұл – кез келген мемлекеттің экономикалық тәуелсіздігі үшін басты шарт. Бесіншіден, экономиканы ырықтандыру және кәсіпкерлікті дамыту өзекті мәселеге айналып тұр. Яғни бизнеске кедергі келтіретін артық құжаттар мен рұқсаттарды қысқартып, кәсіпкерлерге еркіндік беру маңызды дер едім. Шағын және орта бизнес күшеймей, ел экономикасы алға жылжымайды.
Президент атап өткендей, басты мақсат – 2029 жылға қарай ішкі жалпы өнімді екі есе арттыру. Бұған қолжеткізу үшін жоғары инвестициялық белсенділік қажет. Мемлекет осыны қамтамасыз етуге белсене кіріседі. Басым бағыттар да айқындалып отыр. Мәселен, автомобиль жасау, теміржол машиналарын шығару, химия және мұнай-химия өнеркәсібі, сирек металдарды игеру, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бағытына тың серпін беруіміз керек. Бұл салалардың барлығы еңбек өнімділігі жоғары және әлемдік бәсекеге төтеп бере алады. Егер біз осы салаларды жүйелі түрде дамытсақ, ел экономикасының тұрақтылығы артып қана қоймай, жаңа сапаға көтеріледі.
Қазір ел алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі – инвестиция тарту ісін жаңа деңгейге шығару. Бұл бағытта нақты қадамдар жасалып жатыр. Ең алдымен, салалық министрліктер әкімдіктермен бірге жұмыс істеп, қай өңірде қандай жобаға сұраныс бар, қай салаға қанша инвестиция қажет, соның бәрін ескеріп, жобалардың нақты тізімін жасайды. Мұны жай жоспар емес, нақты «инвестицияға тапсырыс» деп атауға болады. Оның жалпы көлемі 5 трлн теңгеден асады деп болжанып отыр. Бұл жобаларды талдау, құрылымдау және инвесторларды тарту ісін «Бәйтерек» холдингі үйлестіреді. Сонымен қатар Ұлттық банкпен бірлесіп жаңа бағдарлама әзірленбек. Оның аясында жоғары технологиялық салаларға 1 млрд долларға дейін инвестиция тарту көзделіп отыр. Мұнда Ұлттық қор мен екінші деңгейлі банктердің қаражаты бағытталады. Бұдан бөлек, «Банктер туралы» жаңа заң жобасы дайындалады. Ол финтехтің дамуына, цифрлық активтердің айналымына жол ашып қана қоймай, банктердің бос қаражатын нақты секторға бағыттауға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы 10 күннің ішінде инвестициялық саясатты қайта қарау бойынша шараларды әзірлеуді тапсырды. Кейіннен осы негізде сапалы инвестиция тартуға басымдық беретін түбегейлі жаңартылған іс-қимыл жоспары дайындалмақ. Ал іскерлік белсенділікті арттыру үшін жақын күндері Алатау қаласына ерекше мәртебе беру туралы Жарлық жобасы Президент Әкімшілігіне ұсынылады. Бұл шешім қаланы инновациялар мен инвестициялар орталығына айналдыруға бағытталған. Алатау қаласы ерекше мәртебеге ие болған соң, оның қалай жұмыс істейтіні нақты ережелер арқылы айқындалады. Арнайы Жарлық қабылданғаннан кейін, жеке заң күшіне енгенге дейін қалаға уақытша басқару тетігі енгізіледі. Бұл құжатта қаржылық модель, басқарудың ерекше режімі, криптовалюта қолдану мүмкіндігі, «Smart City» технологияларын енгізу, сондай-ақ халықаралық стандарттар бойынша жобалау мен құрылыс жүргізу қарастырылады. Мұның бәрі Алатау қаласын инновациялар орталығына айналдырып қана қоймай, экологиялық тұрақтылықты арттыруға, жаңа инвестициялар тартуға мүмкіндік береді.
Инфляция мәселесі – ел үшін ең өзекті тақырыптың бірі. Тарифтік саясатпен қатар іске асырылып жатқан инфляцияны бақылау шаралары қайта қаралады. Мақсат – ішкі нарықтық теңгерімді ұстау, өнім ағынын дұрыс реттеу және тапшылыққа жол бермеу. Осы тұрғыдан алғанда, инвестицияларға «тапсырыс беру» тетігі ерекше маңызға ие. Ол ел ішінде көптеген шағын өндірістің ашылуына жағдай жасап, нарықты отандық өнімдермен толықтыруға ықпал етеді. Экономиканың тұрақты өсуі де басты міндет болып отыр. Биылғы қаңтар-шілде айларында өсім 6,3%-ға жетті. Енді жыл соңына дейін осы қарқыннан таймау – негізгі мақсат. Бұл жолда Үкімет пен Ұлттық банк бірлесіп жұмыс істейді. Жақын арадағы ортақ міндет – инфляцияны 5–6% деңгейіне дейін түсіру.
Сонымен қатар ішкі нарықта тапшылық туындамас үшін тарифтік емес реттеу шаралары қолданылады. Бұл отандық компанияларды шикізатпен қамтамасыз етіп, қайта өңдеу көлемін арттыруға бағытталған. Азық-түлік өндірушілерге сауда орындарындағы сөрелердің 30%-ы деңгейінде басымдық берілді. Ал мемлекеттік қолдау алатын сауда орындары үшін талап қатаңырақ: азық-түлік сөрелерінің кемінде 50%-ы, азық-түлік емес тауар сөрелерінің 20%-ы отандық өндірушілерге арналуға тиіс.
Елімізде өндірілген тауарлардың өтімділігін арттыру үшін дүкендерде «Қазақстанда жасалған» деген арнайы маңдайшалар қойылады. Олар көрнекі жерге орналастырылады, сатып алушыға бірден көзге түсетіндей болуға тиіс. Бұл қадам жергілікті өнімге деген сенімді күшейтіп, отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған. Экономиканы ырықтандыру жұмыстары да жалғасады. Бұл дегеніміз – кәсіпкерлік жолындағы артық кедергілерді жою. Заңнаманы жеңілдетіп, әкімшілік тосқауылдарды қысқарту арқылы бизнестің тынысы ашылады. Осы мақсатта арнайы жаңа құрылым – «Реттеушілік интеллект орталығы» құрылады. Ол жасанды интеллект технологияларын қолданып, заңнаманы тексеріп, қажетсіз талаптарды қысқартып, нақты әрі тиімді етіп қайта құрады. Бұл орталық реттеудің заманауи алаңына айналады. Мемлекеттік мүлік туралы заң да қайта қаралады. Негізгі мақсат – экономикадағы мемлекеттің үлесін азайту. Яғни мемлекет бизнеске артық араласпауы керек, жаңа кәсіпорын құруға тек ерекше жағдайда ғана қатысуға тиіс. Бұл бәсекенің әділ жүруіне мүмкіндік береді. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар да өңірлік дамудың катализаторы болып, жергілікті жерлерде жаңа өндірістердің ашылуына, жұмыс орындарының көбеюіне жағдай жасауға тиіс.
Салық саласында да өзгерістер бар. «Салық төлеушіні сүйемелдеу» деген жаңа жүйе заң жүзінде бекітілді. Енді салық төлеушілер үшін ыңғайлы электрондық сервис іске қосылады. Мысалы, жасанды интеллект арқылы тексерістер жүргізіліп, әртүрлі анықтаманы алу жеңілдейді. Бұл кәсіпкерлер мен қарапайым азаматтардың уақытын үнемдеп, ашықтықты арттырады. Үкімет осының бәрін жүзеге асыру үшін нақты мерзімдер мен тетіктерді айқындап қойды. Бір сөзбен айтқанда, Мемлекет басшысының Жолдауда айтылған тапсырмалары жүйелі түрде орындалып, әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жұмыстары жалғаса береді.
Ерлан САҒЫНАЕВ,
Ұлттық экономика вице-министрі