• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 07:48

Екіжақты кездесулер

10 рет
көрсетілді

Парламент Сенатының төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев «Діндер диалогі: болашақ жолындағы синергия» тақырыбына арналған VIII съезд аясында қатысушылармен екіжақты кездесулер өткізді.

Сенат спикері мәртебелі меймандарға ілтипат білдіріп, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің миссиясы жаһандық сын-қатерлер жағдайында халықтар, мәдениет­тер және діндер арасын­дағы қарым-қатынасты жолға қою­ға табан тірейтінін айтты. Сондай-ақ ол форум идеяларын жан-жақты қолдағаны және көз­дел­ген мақсаттарға қол жет­кізуге елеулі үлес қосқаны үшін қатысу­шыларға ризашылық білдірді.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық қауіп­сіз­діктің берік жүйесін қалып­тастыру мәселесіне әрдайым баса мән береді. Қазіргі таңда әлем геосаяси шиеленістермен, әлеуметтік-экономикалық, эко­ло­гиялық және климаттық қиындықтармен, сондай-ақ басқа да сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Осы күрделі кезеңде рухани дипломатия бүгінгі проб­лемаларды шешудің тиімді жолдарын табатын маңызды тетігі бола алады. Сондықтан жаһан­дық сын-қатерлерді еңсеру үшін дін көшбасшыларының жасампаз рөлі айрықша мәнге ие және осы жолда күш біріктірудің маңызы зор, – деді М.Әшімбаев.

Қасиетті Иерусалимнің және бүкіл Палестинаның, Арабияның, Сирияның аса қасиетті Патриархы III Феофилмен кез­десу­де съезд хатшылығы мен Иерусалим Патриархаты ара­сын­дағы іс-қимылды арттыру мәселесі сөз болды. Сондай-ақ бірлескен жобаларды, оның ішінде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі аясында өткен Діни нысандарды қорғау жөніндегі арнайы сессияда айтылған ұсыныстарды іске асыру барысы талқыланды.

Ал Бас Ашкенази раввині Кальман Бермен және Бас Сефард раввині Дэвид Йосеф­пен сұхбат кезінде Мәулен Әшімбаев Қазақстан олардың әлемде конфессияаралық және дінаралық диалогті дамытуға арналған съезге белсенді қа­тысуын жоғары бағалайтынын айтты. Кездесуде Қазақстан мен Израиль арасындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері де қозғалды.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Ватиканның Қасиетті тағының Дінаралық диалог бо­йынша дикастерия префектісі Кардинал Джордж Джейкоб Кувакадпен кездесіп, Рим Папасы Францисктің 2022 жылғы тарихи сапарына және оның ислам мен христиан әлемін жақындастыруға қосқан үлесіне ерекше тоқталды. Сенат төрағасы Қазақстан Понти­фик ресми сапармен келген және бейбітшілік пен көпұлтты үйлесімділікке назар аударып, «адамдар бір-бірін тыңдайтын, бір-бірін құрметтейтін кездесулер мен диалог мекені» деп атаған санаулы елдердің бірі екеніне тоқталды.

Мәртебелі меймандар өз кезе­гінде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі жаһандық ауқымда бүкіл әлем үшін аса өзекті дінаралық диалог идеяларын дәріптеу ісінде маңызды рөл атқаратынын айтты. Сондай-ақ олар айтарлықтай беделге ие рухани көшбасшылар толеранттылыққа, жақсылық пен әділетке шақырып, геосаяси және басқа да қақтығыстарды бейбіт жолмен шешуге ықпал етуі керек деген пікірді қолдайтындарын жеткізді.