Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII cъезіне қатысу үшін Астанаға келген мәртебелі меймандармен кездесу өткізді.
Президент алдымен Мәскеу және бүкіл Ресей патриархы Кириллмен кездесті.
Онда Мемлекет басшысы бұл кездесу Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықты тереңдету жолындағы тағы бір маңызды қадам екенін атап өтті.
– Ең алдымен, съезге арнайы келгеніңіз үшін ризашылығымды білдіремін. Сіздің бұл жиынға қатысуыңыз, шын мәнінде, форумның табысты өту тұрғысынан маңызды. Біз сізді құрметтейміз. Өзіңізге мәлім, Қазақстан мен Ресей – стратегиялық серіктес, одақтас елдер, – деді Президент.
Патриарх Кирилл Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлық танытқаны үшін алғыс айтып, Орыс православие шіркеуінің миссиясы халықтар арасындағы бейбітшілік пен өзара түсіністікті нығайту екенін мәлімдеді.
– Қасиетті Қазақстанға келу мені әрдайым қуантады. Бұл – біздің достас еліміз. Ғасырлар бойы қатар өмір сүріп келеміз. Қазір мемлекеттеріміз бөлек болғанымен, достық, өзара қолдау және ынтымақтастық тінін берік жалғап отырмыз, – деді Мәскеу Патриархатының басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы рухани байланыстарды нығайтуға қосқан үлесі үшін әрі айрықша құрмет белгісі ретінде Мәскеу және бүкіл Ресей патриархы Кириллді «Алтын Қыран» орденімен марапаттады.
* * *
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезі алаңында Қасым-Жомарт Тоқаев Израильдің бас ашкеназ раввині Кальман Бермен, Израильдің бас сефард раввині Давид Йосефпен, Американың ірі еврей ұйымдары президенттері конференциясы атқарушы төрағасының орынбасары Малькольм Хонлайнмен кездесті.
Мемлекет басшысының айтуынша, меймандардың форумға қатысуы елдер арасындағы мәдени-рухани байланыстарды нығайтуға әзір екенін көрсетеді.
Президент еліміздің халқы әлемнің негізгі діндерін ұстанатынын айтты. Олардың арасында иудаизмнің орны ерекше. Ал еврей ұйымдары қоғамның ажырамас бөлігі ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясын дамытуға және нығайтуға зор үлес қосып келеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев ашкеназ және сефард раввинаттарының көшбасшылары адамзатқа ортақ құндылықтарды ілгерілету жолындағы дінаралық диалогке белсенді атсалыса беретініне сенім білдірді.
* * *
Мемлекет басшысы Иерусалим Патриархы III Феофилмен кездесті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Иерусалим Патриархына ілтипат білдіріп, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне ұдайы қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін алғыс айтты. Президент Патриархтың жарқын үндеуі мен мазмұнды ұсыныстары Астана дінаралық форумының рөлін нығайтуға зор үлес қосқанын атап өтті.
Президент қазіргі заманда дін айрықша рөл атқаратынына тоқталып, бейбітшілікті сақтау және дінаралық қарым-қатынас мәдениетін ілгерілетуде дін қайраткерлеріне үлкен жауапкершілік жүктелгенін мәлімдеді.
Мемлекет басшысы православ діні Қазақстанның рухани өмірінде маңызды орын алатынын атап өтіп, оның ағартушылық, бітімгерлік және қоғамдық миссиясының құндылығына назар аударды.
* * *
Президент БҰҰ Бас хатшысының Өркениеттер альянсы жөніндегі жоғары өкілі Мигель Анхель Моратиносты қабылдады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Мигель Анхель Моратиносты Біріккен Ұлттар Ұйымының ислам фобиясымен күрес жөніндегі арнаулы өкілі болып тағайындалуымен құттықтады.
Мемлекет басшысы еліміз өркениеттер, мәдениеттер және діндер арасындағы өзара түсіністік пен құрметті ілгерілетудің негізгі алаңы саналатын БҰҰ Өркениеттер альянсымен ынтымақтастыққа баса мән беретінін жеткізді.
Президент Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізуге тұрақты қолдау білдіріп келе жатқан, сондай-ақ форум аясында Қазақстан тарапымен бірлесіп діни нысандарды қорғау мәселелесі бойынша арнайы сессия ұйымдастырған альянстың қызметін жоғары бағалады.
БҰҰ Бас хатшысының жоғары өкілі Қазақстанда жүзеге асырылған реформалардың маңызын атап өтіп, съезд қорытындысы бейбітшілікті, келісім мен дінаралық диалогті нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Мигель Анхель Моратиносты дінаралық диалогке қосқан үлесі үшін Астана халықаралық сыйлығын иеленуімен құттықтады.
* * *
Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік даошылар федерациясының төрағасы Ли Гуанфу, Қытай буддашылар қауымдастығы төрағасының орынбасары Цзин Бо және ҚХР Дін істері жөніндегі бас басқармасының әкімшілік департаменті бастығының орынбасары Сунь Вэй бастаған делегацияны қабылдады.
Президент жаһандық өркениетаралық диалогті дамытуда Қытайдың сындарлы рөл атқаратынын, сондай-ақ бұған Төраға Си Цзиньпин зор үлес қосқанын атап өтті. Мемлекет басшысы бейбітшілік пен үйлесім идеясын ілгерілетуде будда және дао ілімдерінің орны ерекше екенін айтты. Сонымен қатар екі елдің дін ісіне жауапты мемлекеттік органдары арасындағы ынтымақтастықтың маңызына тоқталды.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев бірлескен жұмыс Қазақстан мен Қытайдың мәңгі стратегиялық серіктестігін нығайтуға, өзара сенімді дамытуға, бейбітшілік пен келісімнің ортақ құндылықтарын дәріптеуге ықпал ететініне сенім білдірді.
* * *
Президент Кавказ мұсылмандары басқармасының төрағасы Шейх-уль-ислам Аллашүкір Пашазадені қабылдады.
Президент дінаралық диалогті ілгерілету, мемлекеттер арасындағы сенімді нығайту мәселелерінде Қазақстан мен Әзербайжанның ұстанымдары ортақ екеніне тоқталды.
Мемлекет басшысы дінаралық түсіністікке септігін тигізетін өзара ықпалдастық екі елдің ұзақмерзімді серіктестігін бекіте түсетініне сенім білдірді.
* * *
Мемлекет басшысы БАӘ ислам және уақыптар істері жөніндегі бас басқармасының төрағасы Омар Хабтур әл-Дареймен кездесті.
Президент мейманға ілтипат танытып, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезіне қатысқаны үшін ризашылық білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Омар Хабтур әл-Дарей әлемдегі рухани ахуал мәселелері жөнінде пікір алмасып, дінаралық диалогті дамытудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ түрлі конфессиялар арасында өзара түсіністік пен үйлесімді нығайтуға бағытталған бірлескен күш-жігердің өзектілігіне тоқталды.