Астанада өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне қатысу – мен үшін үлкен мәртебе. Бұл іс-шара әлемдік деңгейдегі ең ауқымды платформаға айналып, онда дін және дәстүр көшбасшылары бірлесе отырып, кең ауқымды диалог жүргізіп, өзара тиімді ынтымақтастық пен сенімді қарым-қатынас қалыптастыруға мүмкіндік алды. Осының барлығы Қазақстанның көркем өлкесінде жүзеге асып отыр.
Бұл жиынның маңызы қазіргі жаһандық сын-қатерлер жағдайында одан әрі арта түседі. Өйткені әртүрлі діндер мен дәстүрлердің, этностардың және әлеуметтік топтардың өкілдерін бір арнаға тоғыстырып, сындарлы диалог жүргізуге ықпал етеді. Ашықтық пен өзара түсіністікке негізделген осындай орта әлемдік тұрақтылық пен бейбітшілікті нығайтуға ерекше үлес қосады.
Қазақстанның геосаяси және мәдени тұрғыдан бұл миссияны орындауға өте қолайлы орналасқаны айқын. Елдің саяси тұрақтылығы, көпэтносты және әртүрлі діни құрылымдардың бірегей үйлесімі Қазақстанға халықаралық диалогті дамытуға ерекше жағдай туғызып отыр. Мұндай әлеуметтік-мәдени әртүрлілік бірлік пен өзара түсіністікті нығайтуға ықпал етіп, түрлі конфессиялар мен этностар арасындағы тиімді қарым-қатынасты қалыптастыруға мүмкіндік береді. Осы тұрғыда Қазақстан әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының кездесуіне тамаша алаң болып отыр. Меніңше, бұл мейлінше өзара түсіністікті, ынтымақтастықты нығайтуға қызмет етеді.
Сонымен қатар қазіргі жаһандық қауымдастық алдында тұрған күрделі мәселелер – экстремизмнің, дінаралық кикілжіңдердің және гуманитарлық дағдарыстардың алдын алу мен шешу жолында осы съез секілді диалог алаңдарының рөлі ерекше маңызды. Бұл платформа арқылы діни көшбасшылар ғана емес, сондай-ақ саяси, әлеуметтік және мәдени салалардың өкілдерін біріктіріп, нақты әрекеттер мен бірлескен стратегиялар қалыптастыра аламыз.
Мұхаммед ЭЛЬСАНОУСИ,
Діни және дәстүрлі бітімгерлер желісінің атқарушы директоры