• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Пікір Бүгін, 08:58

ЖИ дәуірінде де адамгершілік маңызды

10 рет
көрсетілді

Қазіргі қо­ғамда жасанды интел­лектінің жедел дамуы көптеген мүм­кіндікпен қатар, күр­делі этикалық, рухани және дүниетаным­дық сұрақтарды да ал­ға тар­тып отыр. Қазақ­­стан Прези­денті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасан­ды интел­лектінің этикалық дамуын қадаға­лайтын арнайы комиссия құру туралы ұсынысы – аса маңызды әрі дер кезінде көтерілген бастама.

Өйткені жасанды интеллект техникалық құрал ғана емес, біртіндеп адамзаттың ойлау жүйесіне, дүниетанымына әсер ететін күшке айналып келеді. Бүгінде бұл мәселе жастармен қатар ересек буынды да алаңдатып отыр. Өзім де интернетті белсенді пайдаланамын және жасанды интеллектімен жұмыс істеуге бірнеше рет талпынып көрдім. Егер кез келген технологияны дұрыс пайдаланса, жақсы көмекші құрал бола алады.

Алайда көбіне аяттарға қатысты сұрау салсақ, бұрмалайтын немесе қосып жіберетін тұстары болады. Құранды жатқа білетін адам ретінде мұндай бұрмалаушылықты бірден байқайсың. Бұл, әрине, ойландырады әрі алаңдаушылық тудырады. Осы ретте жасанды интеллект жұмысын нақты реттеп, регламенттеген жөн.

Ислам шариғаты мен басқа да дәстүрлі дін­дер­де моральдық-этикалық нормалар ға­сыр­­лар бойы қалыптасқан. Бұл норма­лар – өз­гер­мейтін және рухани негізге сүйене­тін қағи­далар. Әлемдік және дәстүрлі діндер көш­бас­шыларының съезі секілді бас қосатын алаң­дарда осы мәселелерді көтеріп, ортақ ада­ми құндылықтарды сақтауға ұмтылуы­мыз қажет. Дін өкілдері мен рухани көшбас­шы­лар­дың бұл мәселеге араласуы, өз ұстанымын біл­діруі – уақыт талабы. Себебі барлық діннің түп-тамырында жақсылық, әділет, мейірім, адал­дық секілді ортақ моральдық ережелер жатыр.

Ал жасанды интеллектіні дамыту барысында осы рухани-этикалық қағидаларды ескерусіз қалдыру адамзат үшін қауіпті салдарға алып келуі мүмкін. Меніңше, құрылатын комиссия ЖИ технологиясының дамуын адамгершілік пен жауапкершілік аясында қалыптастыруға өз үлесін қосады.

 

Камил САМИГУЛЛИН,

Татарстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Татарстан Республикасының мүфтиі