Қарағанды облысында жолаушылар пойызы мен жеңіл автокөлік соқтығысып, үш адам мерт болды. Қаза тапқандардың екеуі — бір отбасының мүшелері, деп жазады Egemen.kz.
Қайғылы оқиға 17 қыркүйек күні сағат 00:54 шамасында Ақадыр – Қарағанды учаскесіндегі Жарық-Дария теміржол өткелінде болған. Mazda көлігі өткелден өтпек болған кезде пойыздың астына түскен.
Пойыз сағатына 92 км жылдамдықпен келе жатқан. Машинист жеңіл көлікті байқап, шұғыл тежегішті басқанымен, соқтығысудың алдын алу мүмкін болмапты.
- Қайғылы оқиға 17 қыркүйек сағат 00:54-те Ақадыр – Қарағанды учаскесі Жарық-Дария аралығындағы теміржол өткелінде орын алды.Апат салдарынан автокөлік жүргізушісі мен екі жолаушы ауыр жарақаттан қаза тапты-деп хабарлады «Қазақстан Темір Жолы» компаниясы.
Қазір аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Жыл басынан бері елімізде пойыздардың 972 рет шұғыл тежеуіне тура келген.Оның ішінде 211 жағдай адамдармен, ал 725 оқиға үй жануарларымен байланысты. Белгіленбеген жерден өткені үшін 29 350 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Теміржол құрамымен байланысты жол-көлік апаттарынан 41 адам зардап шеккен, олардың жартысына жуығы қаза тапқан. Құрбандар арасында кәмелетке толмаған балалар да бар.
Мамандардың айтуынша, апаттардың негізгі себебі — қауіпсіздік ережелерін елемеу. Көп жағдайда адамдар рұқсат етілмеген жерден өтіп, тіпті мас күйінде теміржолға шығып, өз өмірін қатерге тігеді.
Жалпы ел аумағында жол-көлік апаттарының да күрт өсуі байқалады. Биыл олардың саны 42%-ке артқан. Жыл басынан бері 22,5 мыңнан астам апат тіркеліп, 32 мыңнан аса адам жарақат алды. Жүгенсіз жүргізушілердің әрекетінен 1446 адам қаза тапқан, оның ішінде 209 бала бар.