• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 08:55

Түркі мемлекеттері ұйымы елдерінің үкімет басшылары кездесті

10 рет
көрсетілді

Премьер-министр Олжас Бектенов Бішкекте Қырғыз Республикасы Президенті Садыр Жапаровтың Түркі мем­лекеттері ұйымына мүше елдер делегациялары басшыларымен ұжымдық кездесуіне және ТМҰ-ға мүше мемлекет­тер­дің үкімет басшылары­ның\вице-президентінің кездесуіне қатысты.

Қырғыз Президентімен ұжымдық кездесу барысында өңірлік интеграцияны, сауда-экономикалық қатынастарды дамыту, транзиттік әлеуетті тиімді пайдалану және тағы да басқа мәселелерге назар аударылды.

ТМҰ елдерінің үкімет басшылары мен вице-президентінің кездесуіне Түркия Республикасының вице-президенті Джевдет Йылмаз, Қырғыз Республикасы Министрлер Кабинетінің төрағасы – Прези­дент әкімшілігінің басшысы  Адылбек Касымалиев, Әзербайжан Респуб­ликасының Премьер-министрі Әли Идаят оғлы Асадов, Өзбекстан Республикасының Премьер-министрі Абдулла Арипов, ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Өміралиев қатысты.

Қатысушылар экономика, сау­да, инвестициялар, көлік, цифрландыру, энергетика, ауыл шаруашылығы салаларындағы өзара іс-қимыл туралы пікір алмасты. Ұйым шеңберінде көпжақ­ты ынтымақтастықты нығайту­ға бағытталған тетіктерді жетілдіру мәселелері талқыланды.

Қазақстан Премьер-министрі сөзінде Мемлекеттер басшылары­ның сындарлы саясаты Ұйым­ның стратегиялық негізін қалауға бағытталған маңызды бастамаларды жүйелі түрде жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Түркі мемлекеттерінің ұйымы қысқа уақыт ішінде беделді құрылымға айналды және өзінің әлем алдындағы мәртебесін көтерді. Бүгінгі кездесу нәтижелері түркі мемлекеттері ара­сындағы бауырластық әрі серіктес­тік қарым-қатынастардың одан әрі дамуына тың серпін беріп, халық­тарымыздың мүддесіне қызмет етеді деп сенемін», деді Олжас Бектенов.

Жиында Түркі елдерінің сауда-өнеркәсіп палаталары одағы, Түркі инвестициялық қоры, Үйлестіру комитеті, «Жасыл» қаржы жөніндегі кеңес және тағы да басқа осы сияқты институттардың қызметін тиімді пайдаланудың маңыздылығы айтылды.

Көлік-логистикалық байланыс­тарды нығайтуға, кедендік рәсімдерді цифр­ландыру қарқынын жеделдетуге және порттар мен теміржолдар­ды, оның қатарында Транскаспий халықаралық көлік бағытының инфрақұрылымын жаңғыртуға баса назар аударылды.

Сонымен қатар ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыс­тар саласындағы өзара іс-қимылдың, жасанды интеллект, киберқауіпсіздік және тағы да басқалары бойынша бірлескен зерттеу орталықтарын құру жайы сөз болды.