• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Заң мен Тәртіп 19 Қыркүйек, 2025

Авторлық құқық жүйесі талқыланды

10 рет
көрсетілді

Қазір ақпарат айдынындағы мәтін, фотосурет, бейнематериалдар көз ілеспес жылдамдықпен жаһанға жайылады. Бұл жағдай журналистер мен редакциялардың алдына авторлық құқықты сақтау жауапкершілігін жүктейді. Сондықтан заңгер, PhD Рамазан Көкжал «Қазақ газеттері» серіктестігің шаңырағына келіп «Журналистикадағы авторлық құқық» тақырыбында БАҚ өкілдеріне дәріс оқыды.

Интеллектуалдық меншік құқығы – адамның ой еңбегінің нәтижесін қорғайтын заңды құрал. Ол проза мен компьютерлік бағдарламалардан бастап, сурет, кино, музыка сияқты шығармаларға қолданылады. Сонымен қатар киім дизайны мен дәрі-дәрмектер де осы құқықтың аясында қорғалады. Тіпті генетикалық түрлендірілген жануарлар мен өсімдіктер де интеллектуалдық меншіктің нысанына жатады.

Сарапшы Рамазан Көкжалдың айтуынша, журналист авторлық құқық нормаларын білуге міндетті. 

«Журналистикада авторлық құқықты сақтау, ең бірінші кезекте шығармашылық еңбектің қадірін мойындау. Әрбір фото, мәтін немесе бейнематериал – автордың интеллектуалдық меншігі. Егер ол рұқсатсыз пайдаланылса, бұл заң бұзу ғана емес, кәсіби адалдыққа қарсы қадам болады. Мұндай әрекет редакцияның да беделін түсіріп, тіпті сотқа дейін апаруы мүмкін», дейді ол. 

Заңгер еліміздің БАҚ жүйесіндегі қоғамдық резонанс туғызған кейінгі оқиғалардан мысал келтірді. Ақпараттың растығын сараптау, оны заң шеңберінде жариялау шарттарын түсіндірді. Айтуынша, авторлық құқық туынды жарияланған сәттен бастап автоматты түрде күшіне енеді. 

«Фотограф әлеуметтік желіге сурет жүктеген күннен бастап ол заңмен қорғалады. Сондықтан кез келген басылым осындай материалды қолданғысы келсе, міндетті түрде автордың рұқсатын алып, келісімшарт жасасуы қажет. Автордың аты-жөнін көрсетпей жариялау – тікелей құқық бұзушылық», деп ескертті Р. Көкжал. 

Расында, көп жағдайда жауапкершілік редакцияның мойнында болады. Себебі журналист мақаланы қызметтік міндетін атқарып жүріп жазса, оның мүліктік құқығы редакцияға тиесілі. Сотта көбіне редакция жауап береді. Бұл талапты елемеу қаржылық шығын әкелумен қатар, қоғам алдындағы сенімге де нұқсан келтіреді.

Рамазан Көкжал «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» заңы бойынша фото, мәтін, бейнематериал – барлығы авторлық құқықпен қорғалатынын айтады.

«Көпшіліктің ойынша, авторлық құқықты қорғау үшін арнайы тіркеу қажет. Шын мәнінде олай емес. Заң бойынша, туындыны жасаған сәттен бастап авторлық құқық автоматты түрде пайда болады. Тіпті әлеуметтік желіге жарияланған фото да толықтай қорғалады», дейді заңгер.