«World Happiness Report – 2025» дерегіне сәйкес, Қазақстан Азия елдері арасында үшінші орынға шығып, аймақтағы ең бақытты мемлекеттердің бірі ретінде танылды, деп хабарлайды Egemen.kz TEMPO.CO басылымына сілтеме жасап.
Баяндаманың мәліметінше, Қазақстан әлеуметтік қолдау, таңдау еркіндігі және жемқорлықты қабылдау деңгейі бойынша жоғары көрсеткіштерге ие. Бұл елде оң өзгерістердің жүріп жатқанын және экономикалық өсімнің халықтың өмір сапасын жақсартумен қатар жүретінін айғақтайды.
Жан-жақты талдау нәтижесі бойынша «World Happiness Report» 2025 жылы Азиядағы ең бақытты он елді анықтады:
Тайвань
Сингапур
Қазақстан
Вьетнам
Таиланд
Жапония
Филиппин
Оңтүстік Корея
Малайзия
Қытай
Оңтүстік-Шығыс Азия елдері аймақтағы «бақыт көрсеткішінде» айқын өсімге жетіп отыр. Сингапур екінші орынға сырғығанымен, жоғары өмір сүру деңгейі мен тиімді мемлекеттік басқаруымен ерекшеленеді. Вьетнам мен Таиландта қауымдастық сезімі мен мәдени әралуандық халықтың көңіл-күйін көтеруге ықпал етсе, Филиппин мен Малайзия да алғашқы ондыққа еніп, тұрақты әлеуметтік-мәдени құндылықтарын көрсетті.
Ал Жапония мен Оңтүстік Корея «ең бақытты елдер» тізімінде қалғанымен, олардың позициясы төмендеген. Сарапшылар мұны қоғамдағы жекелену үрдісімен, соның ішінде бірге тамақтану дәстүрінің сиреуінен және адамдар арасындағы қарым-қатынастың әлсіреуінен көреді.