Жақын уақытта Ақсу электр стансасында халықаралық стандарттарға сәйкес келетін гибридті сүзгілер пайда болады. ERG және қытайлық Fujian Longking Co., Ltd компаниялары арасында энергетика саласы үшінмаңызды келісімге қол қойылды.
Ақсу энергетиктері Орталық Азиядағы алғашқы инновациялық сүзгілер орнатуды ойға алды.Гибридті сүзгі екі бөліктен тұрады: электрлік және жеңдік (қап сүзгілері). Алдымен кәсіпорыннан шығатын шаң-тозаң электрлі секцияда тазартылып, кейін жеңдік сүзгілер арқылы толық сүзілетін болады. Бұл – қазіргі таңда қолданыстағы ең озық технологиялардың бірі, халықаралық талаптарға толық жауап береді.
«Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында: «Табиғатты ластамайтынына кепілдік беретін озық технологияларды қолдана отырып, көмір энергетикасын дамытуға ерекше назар аудару қажет» деп атап өтті. Бүгін қол қойылған келісім дәл осы міндетке сай келеді. Бұл – ERG акционерлері бекіткен Экологиялық стратегияның жүйелі жалғасы.2023 жылы Қазақстанда алғаш болып «Қазақстан алюминийі» АҚ-ның ЖЭО қазандығына жеңдік сүзгі технологиясын енгіздік. Сондай-ақ алюминий зауытында гибридті сүзгілерді орнатып, ауа сапасын жақсартуға үлес қостық. Ондағы 15 сүзгінің 6-ауын жаңа сүзгілерге ауыстырдық. Тіпті сүзгілерді тазарту жұмыстарын онлайн түрде эфирден тамашалауға болады. Біз жабдықтарды емес, технологияларды сатып алып жатырмыз. Бұл - біздің ұзақ мерзімге бағытталған экологиялық страгегиямыздың бір тармағы ғана. Келешекте желден қуат алатын 150 МВт-тық турбиналар салу да жоспарда тұр», деп әңгімеледі ERG-дің Қазақстандағы бас директоры Серік Шахажанов.
«ЕЭК» АҚ бас директоры Дүйсен Мерғалиевтің айтуынша, Fujian Longking Co., Ltd компаниясымен жасалған келісімшартқа сәйкес, Ақсу электр стансасындағы №4 және №7 энергия блогына үш гибридті сүзгі орнатылады. Бұл сүзгілер Орталық Азияда алғаш рет энергия өндіруші кәсіпорындарда қолданылады. ERG бұл жобаға 13 млрд теңгеден астам қаржы құйып, қатты шығарындылардың үлесін ең озық әлемдік стандарттарға сай деңгейге дейін азайтуды көздеп отыр.
«Бір сүзгі шамамен 6 мың тонна қалдықты тұтып қалады. Сонда жылына 18 мың тоннаға дейін қалдық ауаға шығарылмайды деген сөз. №4 блоктағы сүзгіні 2026-2028 жылдары орнату жоспарланған. Ал реконструкциядан өтіп жатқан № 7 блокқа екі сүзгі қойылады. Ондағы сүзгілерді де 2028 жылға дейін орнату жоспарланған. Мұндай озық технологиялық жабдықтар ТМД елдері арасында алғаш рет қойылғалы отыр. Longking компаниясы мұндай құралдарды осы уақытқа дейін 600-ден астам кәсіпорынға орнатқан. Стансамыздағы қазіргі істеп тұрған сүзгілерді 40 жылдан астам уақыт пайдаланып келеміз. Ал жаңа сүзгілердің пайдалану мерзімі де сондай болып қалады деп шамалаймыз», деді ол.
Айта кетерлігі, Longking компаниясының қоршаған ортаны қорғау технологияларымен айналысқанына 50 жылдан асқан. Компания ERG-мен бірлесе отырып, Қазақстан энергетикасында алғаш рет гибридті сүзгілерді енгізуге ниеттенген.
«Біздің технологиямыз Қытайда мемлекеттік сыйлыққа ие болған. Инновациялық технологияларымыз бұған дейін энергетикадақолданылған дәстүрлі технологиялар шеше алмаған мәселелердің шешімін тапты. Бұл жобада ERG мұржадан шығу кезіндегі шаң-тозаңның үлесі небәрі 20 миллиграм болуы керек деген талап қойып отыр.Бұл аталған компанияның экологиялық жауапкершілікті толық сезініп отырғанының көрінісі деп қабылдадық. Қазақстанда көмір генерациясы әлі де энергия теңгерімінде маңызды орынға ие екенін байқаймыз. Ал Ақсу электр стансасындағы жоба – біздің технологияларымызды Орталық Азияда қолданудың жаңа кезеңі әрі көмір энергетикасын «жасыл» арнаға бұрудың айқын үлгісі болмақ. Longking пен ERG серіктестігі арқасында Орталық Азия энергетикасына үлгі болатын жоба жүзеге асады деген сенімдеміз. Гибридті сүзгілер екі бөліктен тұрады. Электрлі сүзгілерде түтін мұржасындағы шаң-тозаңның 80 пайызы ұсталып қалса, жеңдік сүзгілер қалған қалдықтарды барынша тұтып қалады», деп түсіндірді Fujian Longking компаниясының бас директоры Хуан Вэй.
ERG компаниясы 2030 жылға дейін жүзеге асатын экологиялық стратегиясында өндіріс орындарындағы қатты қалдықтардың үлесін 56 пайызға, өндірістік шығарындылардың үлесін 30 пайызға дейін азайтуды көздеп отыр. Аталған бағытта осы уақытқа дейін 70-тен астам жоба жүзеге асып, 81 млрд теңге қаржы жұмсалған. Компания, әсіресе өндіріс орындарында автоматтандырылған мониторинг жүйелерін орнатудан көпке үлгі болуда. 2019 жылы Павлодардағы алюминий зауытында әлгіндей заманға сай автоматтандырылған құрал-жабдықтар қойылып, кәсіпорындағы экологиялық көрсеткіштер облыс орталығындағы үлкен экрандар арқылы жұртшылыққа ашық көрсетіліп келеді. Компания экологиялық бағыттағы құрал-жабдықтары мен технологияларын үнемі жаңғырту үстінде. Еліміздегі нормативтерге сәйкес, қолжетімді ең жақсы технологиялар әр 8 жыл сайын қарастырылыпотыратынын ұмытпауымыз керек.
Гибридті сүзгілер тау-кен – металлургия саласында өзінің тиімділігін байқатып отыр. Орташа алғанда ол қатты қалдықтарды 15 пайызға азайта алады. Ал ERG-дің экология жөніндегі менеджері Дмитрий Суханов атап көрсеткендей, Павлодар алюмиий зауытында бұл көрсеткіш 22 пайызды бағындырған. Аталған сүзгілердің қалдықтардан тазарту көрсеткіші 99,9 пайызға дейін жетеді. Ендеше жаңа үлгідегі құралдардың экологиялық нәтижесі аса жоғары деп бағалауға болады. Еуропалық биік стандарттарға негізделген жаңа сүзгілердің арқасында компания алға қойып отырған экологиялық стратегиясын жемісті түрде жалғастыра беретініне дау жоқ.