• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 09:07

Ішкі саясаттың маңызды мәселелері талқыланды

20 рет
көрсетілді

Ақордада Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалы­ғымен биылғы Жолдаудың қорытындысына арналған дәстүрлі кеңес өтті. Оған Үкімет мүшелері, Президент Әкім­шілігі құрылымдық бөлімшелерінің жетекшілері, облыс­тар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің орын­­басарлары, өңірлік басқармалардың басшылары қатысты.

Жиында Мемлекет басшысы­ның бастамаларын іске асыру, этносаралық, конфессияаралық келісімді нығайту, қоғамдық бірлестіктермен, сарапшылармен өзара іс-қимыл, ақпарат, отбасы және жастар саясаты мәселелері қаралды.

«Президент жаңа ұлттық стратегияны ұсынды. Ол – ауқымды цифрлық трансформация және жасанды интеллектіні енгізу. Осы арқылы Қазақстан бола­шақта технологиялық тұрғыда дамыған ел ретінде танылуды көздеп отыр», деп Мем­ле­кеттік кеңесші биылғы Жолдаудың негізгі идеясын айқындап көрсетті.

Сондай-ақ Ерлан Қарин ішкі саяси жұмыстың негізгі басымдықтарына тоқталды.

«Жаңа сапалы ұлтты дамыту­дың маңызды шартының бірі – жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру. Оған жауап­кершілік мәдениетін ілгерілету, жасампаздыққа негізделген құндылықтарды орнықтыру, «Заң және тәртіп» қағидатын бекіту жатады», деді Е.Қарин.

Бұдан бөлек, Мемлекеттік кеңесші: «Түрлі әлеуметтік са­уал­намалар қоғамның президент­­тік реформаларды жоғары дең­гей­де қолдайтынын тұрақты түрде көрсетіп келеді. Алайда салалық мемлекеттік органдар әрдайым ақпараттық алаңға мониторинг жасап, азаматтар­дың өзекті сұранымдарына талдау жүргізіп отыруға тиіс. Бұл ретте объективті сұранымдарды түрлі алыпқашпа әңгімелер мен манипуляциялардан ажырата білу маңызды. Бірінші жағдайда диалог арқылы бірлескен тиімді шешімдерді іздестіру керек, ал екінші жағдайда заң аясында фейктер мен жалған ақпараттың жолын кесу маңызды», деді.

Кеңес қорытындысы бо­йынша жауапты мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар беріліп, ішкі саясат саласында жаңа тәсілдерді жедел енгізудің маңыздылығы атап өтілді.