• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Тарих Бүгін, 07:50

Әйгілі әншінің Торғайға сапары

30 рет
көрсетілді

Бала күнімізде шалғай ауылдарға дейін республика көлеміне танымал әншілер келіп, өнер көрсететін. Біз ұсынып отырған сурет – соның бір дәлелі. Бұл фотоны маған туысқан ағам жіберді. Оның тарихы да қызық.

1975 жылы қазақтың аяул­ы қызы, әйгілі әнші, Халық қаһарманы Роза Бағланова Торғай өлкесін аралап, концерт қояды. Сонда КСРО халық әртісінің жолы біздің ауылға да (Қостанай облысы Амангелді ауданы Қабырға ауылы) түседі. Ауыл азаматтары алыстан ат терлетіп келген әншіні алдынан шығып, құдадай күтіп алады. Бұл туралы қазір жасы жетпіс­ті алқымдаған Ғалымжан Құда­баев ақсақал айтып берді.

«Бізге ол кісі көрші «Абай» кеңшарынан келді. Ауыл басшылары Қожабай деген жерде киіз үй тігіп, қарсы алды. Мен ол кезде поштада істеймін. Жа­сым жиырмаға келген жігіт­пін. Роза апамызды алдынан шығып, гүлмен күтіп алдық. Мал сойылды. Барынша құр­мет көрсетілді. Қасында екі-үш-ақ адам бар. Сол жылдары ұжым­шар орталығына электр жүйесі енді тартылып жатқан еді. Сондықтан жарық үйлерге мотормен берілетін. Алдымен ол кісі кешкұрым далада концерт қойды. Оған ауылдың барлық тұрғыны тайлы-тұяғы қалмай келді. Тұп-тұнық аспан. Шілденің мақпал кеші. Дала сахнасында әнші бұлақтай сыңғырлаған әсем даусымен халық әндерінен бастап, ел ішіне кең тараған «Ақ маңдайлым», «Әдемі», «Ах, Самара-городок»-ты тамылжыта шырқады. Тың­дармандардың құлақ құры­шын қандырды. Жасы үлкен қариялар оған дән риза болып, батасын берді. Келесі күні клубта қойды. Оған кеңшардағы төрт бөлімшенің барлық адамы жиналды. Бізден кейін Роза апамыз Үрпек ауылына кетті», деді ол.

Ғалымжан ағамыздың айтуынша, сол жылдары ауылға біртуар композитор, Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиев «Отырар» оркестрімен, «Яш­лык» тобы және т.б. бел­гілі әнші­лер де келіп, өнер көр­сетіпті. Мұның шет жағасын біз де көрдік. Мектепте оқып жүр­генде ауылға Роза Рым­баева, Мақпал Жүнісова, Ақжол Мейірбеков, Нағима Есқалиева секілді есімдері елі­мізге мәлім өнерпаздар келген еді. Қазір мұндай жағдай өте сирек.

Енді суретке тоқталайық. Бүгінде Роза Бағланованы орта-ға алып түскен азамат­тар­­дың ешбірі өмірде жоқ. Олар­­­дың бәрі де аудан, ауыл көле­­мін­де лауазымды қыз­мет ат­қар­ған тұлғалар. Алайда бұл жәдігер айтулы әншінің ел адам­дарымен түскен бейнесі арқылы сол уақыттың тынысын сезіндіреді.

Соңғы жаңалықтар