Қызылжар өңірінің диқандары биылғы орақта тамаша нәтижеге жетіп отыр. Кейбір озық шаруашылықтар арпаны гектарынан 40,5, бидайды 41,5 центнерден алған. Мәселен, жылына 10 мың гектар жерге егін салатын «Новомихайловский-2003» ЖШС басшылығының айтуынша, мұндай жетістікке барлық агротехникалық шараны жіті атқарғандықтан жеткен.
«Қазір барлық алқаптың 50 пайызына жуығын бастырып болдық. Орақты 4 тамызда бастаған едік. Алдымен бұршақ пен жасымықты жинап алдық. Бұлар қазір үлкен сұранысқа ие, бағалары да жақсы. Былтыр арпаның өнімділігі гектарына 30 центнер болған, биыл міне, 40,5 центнерге жетті. Бидай да былтырғыдан 4 центнерге жоғары. Минералды тыңайтқыштарды уақытында жеткізіп, жаз күндері жасалатын агротехникалық шараларды да мезгілінде орындадық. Оның үстіне, Үкіметтің берген көмегінің арқасында жаппай озық техникаларға қолжеткіздік. Мысалы, биыл жасанды интеллект жүйесі орнатылған екі комбаин сатып алдық. Сапасы өте жақсы, кабиналарының жайлылығы да керемет», дейді шаруашылық басшысы Вячеслав Щеголев.
Оның сөзінше, министрлік көктемгі дала мен күзгі орақ жұмысына едәуір арзандатылған дизель отын беріпті. Оның да көмегі орасан. «Кең Дала-2» арқылы қаржыландыру 2,5 есе артып, 104,4 млрд теңгеге жеткен. 37 млрд теңгесі «Солтүстік» ӘКК» АҚ арқылы берілсе, қалғанын «ҚазАгроҚаржы» АҚ бөліпті. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы биыл орташа гектар түсімі 16,5 центнерден айналады деп болжайды.
Бүгінге дейін облыс көлемінде 1 млн 100 мың гектардай жердің астығы алынды.
Солтүстік Қазақстан облысы