• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Тұлға Бүгін, 08:35

Парасат қайнары

30 рет
көрсетілді

Қай қаламгер болсын, ол ең алдымен – өз дәуірінің, өз ортасының перзенті. Ол жазған шығарма арқауы да сол замана шындығы. Халқының мәдени-рухани өмірінің болмысын сол уақыт үрдісімен бағалайды, келер ұрпақ өзіне керегін өткен күннің шындығынан алады.

Ебіней Арыстанұлы замана ағымын аңдап, түбінде тарихтың ақиқаты ашыларын сезген сұңғыла адамның бірі болды. Оның қоғамдық көзқарасы мен азаматтық ұстанымының қандай екенін публицистикалық туындыларын оқып, зерделеген жан жақсы аңғарады. Көрнекті тұлғаның өмірі мен шығармашылығы туралы замандастарының айтқан ой-пікірі де соған дәлел. Айталық, ғалыммен жақын араласқан қарағандылық қарт қаламгер Жайық Бектұров естелігінде оны терең тебіреніспен еске алады. «Көбіне ғалым жолы да, ақын жолы да тақтайдай тегіс бола бермейтіні белгілі. Тасы өрге домалап, атағы шығып, жұртшылық аузына қарап келе жатқан оқымысты, әдебиетші-сыншы, аудармашы, публицист Е.А.Бөкетовті көре алмай етектен тартқан, аяқтан шалған қу-сұмдар да болмай қалған жоқ», дейді ол.

Сондай-ақ медицина ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым ака­демиясының корреспондент мүшесі Ғабдолла Құлқыбаев Ебіней Арыстанұлы туралы жазған «Әдебиетші» атты есте­лігінде: «Академик-жазушының эписто­лярлық мұрасы да аса бай. Еліміздің көптеген белгілі қайраткер, ғалым, жазушылармен жазысқан хаттары соның куәсі. Ол кісі Ғ.Мүсірепов, Ә.Тәжібаев, Ә.Нұрпейісов, К.Салықов, Ж.Бектұров тәрізді қазақ қаламгерлерімен және В.Кожевников, С.Никитин, А.Брагин сынды орыс ақын-жазушыларымен тығыз шығармашылық байланыста болды. Зерттеген, зерделеген кісі осы кісілермен жазысқан хаттарының ішінен қаншама ой, пікір маржандарын теріп алар еді», деп жазады.

Айтулы ғалым мұрасының басты бай­ламы – ұрпақты парасаттылыққа, адамдыққа тәрбиелеу, білім мен ғылымды меңгеріп, туған еліне қалтқысыз қызмет етуге баулу. Сонымен қатар қоршаған орта мен рухани құндылықтардың қасиетін бағалау. Содан кейін оның шы­ғар­маларында үнемі қолданып, қисын­ды дәлелдермен тұжырымдап жү­ре­тін пікірі ғылым мен әдебиеттің шығар­машылығы туыстығы жайындағы көзқарасы.

1975 жылы 22 наурызда «Лениншіл жас» газетінде басылым тілшісі Ақселеу Сейдімбектің Е.Бөкетовпен «Жиырма деген жасында...» сұхбаты жарияланды. Мұнда көрнекті тұлғаның азаматтық болмысы мен қоғамдық көз­қарасы, ғалымдық зерде-зейіні барынша ашыл­ған.

Әсіресе сол кезеңнің жастары туралы айтқан келелі пікірі, бүгінге дейін маңызын жоймағаны аңғарылады.

«Ата-бабадан «ақылгөй шал» деген сөз қалған. Адам есейген сайын жобасы ақылгөй келеді де, сол ақылгөйлігімен жастардың құлағын кеміреді. Меніңше, мұндай ақылгөйліктің керегі жоқ. ­ Біздің жастар белгілі бір айқын-аян қағида­ларды құлағына құя берерліктей ойсыз, пікір­сіз, тұрлаусыз жастар емес қой», дейді ғалым.

Ебіней Арыстанұлы өскелең ұрпақ, жастар туралы, олардың қоғамдағы алар орны, үлесі, мақсат-мүддесінің ерек­шелігі жайындағы келелі пікірлерін үнемі жазып жүрген. Публицистикалық шығармаларының дені жастарды пара­саттылық пен білімге, адамгершілік сияқты асыл қасиеттерге баулуға арнал­ған. Мүмкін, бұл қасиет ұзақ жылдар іргелі оқу орнына басшылық қызмет еткендіктен немесе өзінің өмірден көрген, бастан кешкен «соқтықпалы, соқпақты» тағдырынан туындаса керек.

Қалай десек те жастарға жас деп қа­рамай, өзімен тең адамша тілдесіп, сырласқан. Архивтегі кейбір қолжаз­баларын оқығанда, жастар мәселесіне соншалықты көңіл бөлгендігі ерекше аңғарылады. Әсіресе «Жоғары оқу орнына түскендерге есік ашар лекция» деп аталатын қолжазбасы үлкен жүректі ғалымның азаматтық кішпейілдігін танытады. Бірнеше жерін сызып, үстінен түзей отырып жазған, осынау қолжазба ғалым-публицистің шығармашылық табандылығын, тазалығын, әрі жазуға үлкен жауапкершілікпен қарайтын еңбекқорлығын көрсетеді. Әрі өзінің әдебиетке жақын екенін, оны сүйетінін паш етеді. Мәселен: «Сіздер өмірдің ше­шімін өздеріңіз шешуге жаңа ғана қадам басқан балдырғансыздар. Бұл кезең ең қызық кезең, ізденіс, толғаныс кезеңі, арман кезеңі, құлаштап талпыну кезеңі, мұның бәрі – поэзия. Олай болса, мен лекциямды поэзиядан, Тұманбай Молда­ғалиевтің бір әдемі өлеңінен бастағым келіп тұр», деп ақынның бес шумақтан тұратын жастар туралы өлеңін келтірген.

«Жиырма жаста жетпеген арманыма,

Жиырма жаста бармаған тауларыма,

Жиырма жаста жүрмеген жолдарыма,

Бүгін жете алам ба, жүре алам ба,

Барша бақыт тілеймін бар адамға», дей келіп, «Мен осы бір тебіреністі, нәзік сезімге толы өлеңнің шумақтарын әдейі келтіріп отырмын. Бұл өлеңнің мағынасына қарағанда, адам бар ісін жиырма жастан бастап, жиырма жаста қамтып қалуы керек секілді, олай болмаса адамның қалған өмірі өкініше толы болмақ сияқты. Ақынның осы сөздерінде терең сыр, мол шындық жатыр», деп ой толғайды. 18–20 жасында студенттік жолға түскен жастарға оқуға түскендегі бірде-бір мақсат-өмірге, елге керекті жақсы маман болып шығу керектігін айтады.

Біртуар тұлғаның баспасөздегі қоз­ғаған көкейкесті тақырыбы – ғылым мен техника, өндіріс мәселесі. Осы бағыттағы ғалымның публицистикалық мұрасын зерделей отырып, қоғамдық көзқарасы мен ғылыми ой-пікірінің сонылығын аңғарамыз. Мысалы: «Өйткені «ғылыми-техникалық революция және адам» деген аса күрделі проблема сол уақыттың көкейкесті мәсе­лелерінің бірі еді. Бү­гінгі күрделі өмірімізді де онсыз елестету қиын. Озық ойлы адамзатты қатты толғандырып отырған осы мәселеге қатысты қазақ қаламгерлері әлі толымды сөз, толғамды жауап айтқан жоқ. Осынау күрделі тақырып кей шығармаларда ұшқын беріп өткенмен, арнайы зерттеу обьектісіне айналмауы, айтыла қалғанда да ғасырымыз алға тартқан жоғары деңгейде сөз етілмеуі қынжылтады. Жа­зылып жүрген қай тақырыпты алсаңыз да, бәрінен де зымыран заман өзгерісін бүкіл сана-сезіммен сезінген, басынан кешіп жатқан күрделі бейнелерді аз көреміз. Әлде біздің замандастарымызға ғылыми-техникалық революция әлі толық әсер етіп, тереңдей бойлап сіңісе қойған жоқ па?», деген пікірінің маңызы әлі қуатын жойған емес.

Е.Бөкетов публицистикасының негізгі арқауының бірі дәстүр, тағылым аясында өрбиді. Бұл тұрғыда қаламгер көптеген мақала мен баяндамалар жаз­ғаны мәлім. Жастардың оқу-білімге құш­тарлығын ояту, тәлімді, тәрбиелі, мәдениетті болып қалыптасуына ықпал ететін, уәлі сөздері мен дәйекті пікір­лерін публицистикалық туындыларынан анық байқаймыз. Айталық, «Ағадан ақыл, ініден ілтипат», «Қараша үйден Қарағанды университетіне дейін», «Жас замандас келбеті», «Арманшыл болғанға не жетсін», «Сыйлас, сырлас, көмектес», «Парасат – білім бұлағы», «Ғылым көкжиегін көксесек» атты мақа­­лалары өскелең ұрпақ бойындағы жақсы қасиеттер мен парасаттылықтың қалып­тасуына ықпал ететін дүниелер.

Жастар тақырыбындағы қай мақала­сында болсын көтерер өзекті мәселенің бірі өскелең ұрпақты жат қасиеттерден, менмендіктен, тәкәппарлықтан, мансап­қорлық пен көрсеқызарлықтан сақтан­дырып, ғылым, білімнің қоғамға тигізер пайдасының қаншалықты салмақты екенін ескертеді.

Публицистке тән болмыспен өл­шер болсақ, ғалымның осылайша тол­ғануын қайраткерлік, азаматтық тұлғадағы таным-түйсігі, өздік санадан ұлттық санаға ұлас­қан биік парасаты деп бағалар едік. Жастар жөніндегі публицистикалық шығармаларындағы авторға тән өзгеше­лік пен оның білікті педагогтік-психо­логиялық қабілетінің тереңдігін көреміз.

Сондай-ақ ғалымның публицис­тикалық мұраларының ішінде әдебиет пен өнер мәселесі ерекше орын алады. Бойында сан қырлы таланттың қасиеті шоғырланған тұлғаның бұл салада кеңірек қалам тербеуіне, әрине, оның әдебиетшілдігі – өнерді сүйетіндігі себеп болғаны белгілі. Бұл мәселені сөз етпес бұрын публицист Е.Бөкетовтің сол кезеңдегі рухани ортасына зер сала кеткен орынды. Бозбала Бөкетовтің әдебиет пен өнерге деген алып-ұшқан арманын, тағдыр жолы жаратылыстану ғылымның соқпағына түсірді. «Ұлы Отан соғысы бітісімен жоғары оқу орнына түскен біздердің өзіміз көбіне мамандық таңдағанымыз жоқ. Мен, мысалы, инженер-металлург болам деп орта мектепте бірде-бір ойлағаным жоқ», деп жазады ол. Ал «Арманшыл болғанға не жетсін» атты мақаласында: «Әрине, сүйген мамандық деген әдемі ұғым. Бірақ бір ұғатын нәрсе бар: ол – еңбек бар жерде жеміс барлығы. Сүйген мамандық дегеніміз – еңбекті белшеңнен сіңірген мамандық, маңдай терің мен жаныңның жалыны жұмсалған мамандық. Еңбек сіңірген жерде сүю де, күю де болады, сол еңбек жұмсалған мамандыққа шын жан-тәніңмен берілу де туады», деп толғаныпты.

Е.Бөкетовтің публицистикалық туын­дыларын оқығанда тілі мен жазу машығына сүйсінесіз. Шоқан туралы қолжазбасын оқып, пікір айтқан белгілі сөз зергері Ақселеу Сей­дімбек: «Тіліңізге сүйсіндім», депті. Шынында да, ғалым публицистикасындағы ой тасқыны, көркем тілмен келісті өріліп оқырманын тұңғиыққа тартқан иірімдей бірден үйіріп ала жөнелетінін біз қаламгердің сөзден қамшы өрген шеберлігі деп танимыз. Ғалым тілінің шешендігі, көсіліп жазып кеткендегі терең білімі мен тағылымы мол ғибраты оқыған жанды бейжай қалдырмайды. Әсіресе студент-жастарға арналған баяндама дәрістеріндегі тілдің тартымдылығы өте ерекше. «Мен бұл әңгімемді «Ашық лекция» деп атамақпын», деп басталатын «Алғашқы сабақ» атты дәріс-мақаласының тілдік жүйесі оймен өріліп, сөзбен төгіліп тұрған ақ өлең үлгісін еске түсіреді. Оның шығармаларындағы тіл мен ой тазалығы сақталуының өзіндік құпиясы бар. Ол құпия кілті қалам­гердің екі тілде еркін жазып, екі тілде ойлана алуында жатыр. Әсілі, екі тілде жазатын қаламгер басқаларға қара­ғанда шы­ғармаларына өте сақтықпен, жауапкер­шілікпен қарайтындығы табиғи құбылыс.

Жалпы, Ебіней Арыстанұлының қаламгерлік шеберлігі мен шешенге тән қасиетінің бастау бұлақ, нәр алар көзін оның табиғи болмысынан, сонау балалық дәуренінен іздеген дұрыс болар еді. Бала Ебіней жас кезінен Шығыстың қисса-дастандарын жаттап, ауыз әдебиетінің нәрімен сусындап өскендігі белгілі. Ананың сүтімен, бесіктің әлдиімен тұл бойына дарыған тума талант, қаршадайынан сөзге жүйрік, ойға алғыр Ебінейге тән қасиет. Сондығынан болар алғашқы ұстазы Августа Иустиновнаның шәкіртіне деген ұстаздық махаббаты ерекше еді. Білікті мұғалімнің ұзақ жылғы өмір жолында әлдеқалай кезіккен панасыз қазақ баласы Ебінейді аяуы, оған жаны ашып, айрықша көз қырын салуы, бір жағынан, оның алғырлығы мен білімге құштарлығы зейіндігінен еді. Шығыс шығармаларының інжу-маржанымен көз ашып, көкірегі оянған жеткіншекті Еуропа әдебиетіне ынтасын оятқан осы ұстазы-тұғын.

Ерен тұлға өмір сүрген дәуір кеңес өкіметінің өсіп-өркендеу уақытымен тұспа-тұс келді. Ана тіліміздің өгейлікке ұшырап, орыс тілінің үстемдік алуы, ұлттық өнер мен әдебиетке барынша кері әсерін тигізіп бақты.

Өзге ұлт өкілдері көп қоныстанған солтүстік өңірде туып, балалық шағынан орысша білім алған ардақты азаматтың туған халқының салт-дәстүрін, тілі мен мәдениетін жетік білуі оның өз ұлтына деген шексіз сүйіспеншілігін аңғартады. Аса көрнекті ғалымның қай шығармасында болсын ұлттық рух, ұлттық парасат биік тұрады.

 

Қойлыбай АСАН,

филология ғылымдарының докторы, профессор