Пойызға отырдық. Жолаушы көршілерім орындарына жайғасып жатыр. Әлі екі орын бос. Міне, олардың да иелері келді. Бірі – бойы тым пәкене, иығы қушиыңқыраған. Реңі әжептәуір. Қой көзі ойнақшыған, жүзі жылы, шашы тықыр, жас шамасы қырықтан едәуір асқан жігіт. Екіншісі – ұзын бойлы, мойны жуан, иықты, аяқ-қолы балғадай, ұзын етек көйлек киген, басына қызғылтсары, жылтырақты орамал тартқан, сығырайыңқыраған қара көзді, жалпая біткен мұрны дөңгелек жүзіне жарасыңқы, маңдайы кең, сыртқы пошымы егер еркекше киінсе ер-азаматқа ұқсап қалары даусыз, жасы әлгі жігітпен қарайлас қарапайым келіншек. Бойларына қарап ерлі-зайыптыға ұқсатпадым. Бұлардың сөмкелерін көтерісіп, шығарып салуға келген бойлары теректей, жаурындары қақпақтай екі бозбала олармен құшақтаса қоштасты да, бізге де сәтті сапар тілеп шығып кетті.
Жайғасып болған соң өзара жай-жапсар сұрастық. Менің бастапқы жорамалым дұрыс болмады, әлгі тапал жігіт пен ірі денелі келіншек ерлі-зайыпты екен. Сол арада бойларының айырмашылығы ерекше ерлі-зайыптының қалай қосылғандығы туралы сұрақ қызығушылығымызды тудырмай қоймады. Ойымыз соған бөліне берді. Салған жерден тиісті сауалды көлденең тарта қоюға болады, бірақ жігіттің намысына тиіп кету қаупі ерік бермеді. Сөйтіп отырғанымызда мәселе өздігінен шешіліп сала берді...
Сапарлас тәпелтек жігіт сөзшең, әзіл-қалжыңға қара жаяу емес екен. Әлдене деп өзін жеңіл қағытпақ болған, бізбен қатар жайғасқан көрші жігітті сөзбен түйреп, адымын аштырмай тастады да, іле орағыта келіп, өзінің қалай үйленгені туралы әңгімені бастап жіберді.
– Ұзынды-қысқалы келіншегіміз екеуміздің қалай үйленгеніміз туралы сұрақ біз барған бейтаныс, жаңа ортада жұрттың көмейін тесіп жібере жаздайды. Мұны бірден сезе қоямын да, ол байғұстарға жаным ашып, әңгіме ауанын аудара келіп, әлгі сұрақтың жауабын беремін, – деді де, күле отырып, – міне, қазір осы жерде де әйгілі сауалдың жауабын алсақ деген зәрулік іштеріңізге сыймай бара жатыр... Жә, айтып берейін. Маған әбден жаттанды болып қалған ғой бұл...».
Жігіт әңгімені келістіре, түрлендіре айтқанда разы боласың. Келіншегі күйеуінің сөзіне жымиып қойып, үнсіз тыңдап отыра береді екен.
«...Күйгенде бойдың келтелігінен күйдік. Отбасымызда, қала берді бүкіл әулетімізде бойы ортадан жоғары ешкім жоқ. Бұрын да болмаған деседі. Орта бойлы болудың өзі де жақсы. Бірақ бұл шамадағылар да біздің әулетте сирек. Бойдың келте болғанын анау айтты кемдік көрмейсің, дегенмен, аздап торықпай қоймайсың, мазаланасың. Әскерге алынбадым, құрбы-құрдастың кекету-мұқатуын да аз естімедім. Отау құратын жасқа жеттік. Үйлену қажеттігін жиі еске салатын жеңгелерім «ананың қызы жақсы, мынаның қызы жақсы» дегенді айтып, жол сілтейді. Бұлардың барлығының бойлары орта не ортадан төмен. Жанкүйерлерімнің талғамына кінә қоя алмаймын, қайтсін, қыз таңдағанда көңіліме қарап, менің бой-шамамды есепке алмасқа лаждары жоқ қой. Бірақ олар бойым пәс болғаныммен арманым биік, ойым өзгеше екенін, талғамым басқа екенін білмейді. Шындап жар таңдау шаруасы жүректі мазалай бастағалы «қалай да бойы биік, еңселі қызға үйленемін» деп өзді-өзіме қойған шартымды ешкімге айта қоймағанмын. Бұл ой маған ұрпағымды ойлағандықтан туындаған еді. Өйткені «тең-теңімен, тезек қабымен» деген сөз қанша жерден иектесе де «алып – анадан...» ұғымы санамды байлап-матап, өз дәргейіне көндіріп алған. «Балаларым ірі денелі болуы керек. Осы үшін күресуім керек. Сол үшін денелі, бойшаң қызға қол созу шарт. Тоқтам осы». Болашақ серігімді табудағы басты өлшемдердің ішіндегі ең маңыздыларының бірі – әйелімнің бойы ұзын, еңселі болуы. Осы ойымды іске асыруға барынша кірістім. Жол болар емес...
Бір күні мынаны (жанында отырған әйелін иегімен нұсқап) көрші ауылда өткен тойда көрдім. Барлық қызық дәл сол сәтте басталды. Бойы биіктерге қалай көрінетінін білмеймін, мен сияқты пәкенелер үшін бейне бір алып дерсің. Денесі ірі. Би үстінде қасына тақап барып, бой «салғыластырып» қарасам, мәссаған, басым иығына әзер жетеді. Вальске шақыру түгілі бұралаңдаған жай биге тарту ыңғайсыз, күлкіге қаласың. Би кезінде айналсоқтап жүріп реңін көрдім, әп-әдемі-ақ. Мұрны жалпақтау демесең, бет-жүзінде селтиіп, кертиіп тұрған ештеңе жоқ. Бір мұрынның жағдайы ештеңе етпес. Тойдан кейін әлгі алып қыз естен кетсеші. «Өзімнен аздап ірілеу, бойшаңдау болса сол да жетеді» деп жүрген шақшадай басымды тойда кездескен ірі қыз шарадай етті. Жар таңдау талабы күшейді. Бұған дейін көз тігіп, сөз салып көндіре алмай жүрген бойшаң бойжеткендерге көңіл шаппай қалды. «Ақыры дене-бітімі ірісін іздеген екенсің, анау-мынау демей тойда кездескен алыпты ал» деген ішкі ойым жүрекке қадалып тұрып алды. Содан бар күшімді мына келіншегімді қолға түсіруге жұмсауға кірістім. Аз айт, көп айт, бұл мақсатқа жету үшін не істемедім? Қармақ та салдым, құрық та создым, қақпан да құрдым, шалма да лақтырдым, қылбырау да дайындадым, ештеңе шықпады. Бар кедергі – менің шағындығым, қыздың ірілігі. Қыздың айтуынша, екеуміз қосылсақ, қатар жүру ұят, ерсі, ыңғайсыз, біртүрлі болады екен, жұрттың күлкісіне қалатын көрінеміз. Бұған мен көнемін бе? Қыз жанына жолатпайды, менсінбейді. Араға салған адамдарға жөнді жауап бермейді. Бұл қадамымды естіген жақындарымның барлығы қолдады. Райымнан қайтарғысы келгендерге құлақ аспадым. Алып қыз алынбас қамалға айналды. Тығырыққа тірелдім. Енді қайттім? Басым қатты. Ретін келтіріп, жолдас жігіттердің көмегімен басып алып қашу ойға келгенмен, батылдық жетпеді. Не өзің мертігесің, не сотталып кетуің мүмкін. Қош, сонымен бір күні бар сырымды білетін сыныптасым үйге келді. Көзі жайнап тұр. «Бүгін аудан орталығында ғашығыңды көрдім. Біраз әңгімелестік. Жолың болып тұр. Мә, мынаны оқы» деп бір парақ бүктеулі қағазды қолыма ұстатты. Қағазда: «Ұрпағының қамын ойлаған адам жаман болмас, ойыңнан айнып қалмасаң құда түсіп, сырға тағып алып кет», деп жазылыпты. Көңілім жадырап сала берді. Құдайдың кеңшілігі ғой бұл. Үйлендік, жарасымды жұп болдық, кекеткен де, келемеждеген де табылды, бірақ оның бәрі артта қалды, қазір ел-жұрт, ағайын қызыға қарайды. Жар іздеудегі еңбегім жанды, санасы сау, армандары да, еңселері де биік ұл да, қыз да сүйдім Құдай қолдап», деді жігіт көзі жайнап, мақтаныш сезіммен.
Беріле тыңдап отырған жанымдағы кісі әңгіме аяқталғанда «Міне, бұл нағыз революция!» деді аса разы көңілмен...
Сол сәтте менің көз алдымнан әлгі ерлі-зайыптыны шығарып салған бойлары теректей, жаурындары қақпақтай екі бозбала кетпей қойды.