• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Парламент Бүгін, 21:24

ЕО сарапшысы Қазақстанның ЖИ заңын жоғары бағалады

20 рет
көрсетілді

Мәжілістегі Парламенттік тыңдалымда Дүниежүзілік экономикалық форумның сарапшысы Хенрик фон Шейл Қазақстанның цифрландыру саласындағы қадамдарын жоғары бағалады. Ол «Жасанды интеллект туралы» қабылданған заңды азаматтар мен мемлекетті қорғауға бағытталған алғашқы қадам деп атап өтті, деп жазады Egemen.kz.

Еуропада жасанды интеллект саласындағы заңнамалар авторларының бірі саналатын Хенрик фон Шейл соңғы жылдары Қазақстан экономика саласында айтарлықтай жетістікке жетіп, мемлекет пен қоғам арасындағы байланыстарды нығайтқанын атап өтті.

– Бұл – мақтануға тұрарлық жағдай. Алдағы он жылда жасанды интеллект Қазақстанды түбегейлі өзгертеді. Сіздердің осы салаға қазірден бастап ерекше көңіл бөліп жатқандарыңыз өте құптарлық. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі ЖИ заңнамаларын зерттей келе, Қазақстан тәжірибесі мені таңғалдырғанын айта аламын. Себебі сіздер Еуропалық Одақтың ең озық тәжірибесін қолдана отырып, тәуекелдерді бағалай алдыңыздар. Нарықтың ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз ету жолдарын ойластырдыңыздар және ең бастысы – адам құқықтарын қорғауды басты назарға қойдыңыздар, – деді сарапшы.

Тыңдалым барысында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің міндетін атқарушы Жаслан Мәдиев, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева, IT-компаниялардың өкілдері мен сарапшылар сөз сөйледі.

Парламенттік тыңдалым аясында жасанды интеллект, цифрлық технологиялар және инновациялар саласындағы жобалар көрмесі өтті. Онда мемлекеттік органдар мен IT-компаниялар 20-дан астам жаңашылдықпен таныстырды. Жобалар мемлекеттік қызметтер мен құқық қорғау жүйесінен бастап, медицина, білім, логистика және құрылысқа дейінгі түрлі бағыттарды қамтыды.