1 қыркүйектегі мәлімет бойынша Қазақстан аумағында жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен 15 054 шетел азаматы еңбек етіп жүр, деп жазады Egemen.kz.
Елімізде басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 561 рұқсат (бірінші санат), құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін шетел жұмыс күшін тартуға 2 348 рұқсат берілген (екінші санат). Тартылған шетел жұмыс күшінің негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға тиесілі. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 3 099 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 4 015 адам тартылған.
Қазір елімізде 1 909 жұмыс беруші шетел жұмыс күшін (ШЖК) пайдаланады. Оларда 341 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 96 пайызын құрайды.
Экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп құрылыс саласында – 4 929 адам, ауыл, орман және балық шаруашылығы – 3 140 адам, тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу – 1 240 адам, өңдеу өнеркәсібі – 1 122 адам жұмыс істейді.
Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер арасында Қытай (5 545 адам), Өзбекстан (2 696 адам), Түркия (1 076 адам), Үндістан (1 052 адам) бар.