26–28 қыркүйек күндері Түркістанда Asia Triathlon Cup Turkestan 2025 жарысы өтті. Түркі дүниесінің рухани астанасында ұйымдастырылған додаға Азиямен қоса Еуропаның мықты триатлеттері жиналды. Барлығы 12 елдің спортшылары бақ сынады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жарыс бірнеше санат бойынша өткізілді:
Elite – 1,5 км жүзу + 40 км велоэтап + 10 км жүгіру;
Junior – 750 м жүзу + 20 км велоэтап + 5 км жүгіру;
Age Group – стандартты қашықтық.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерElite Men: алтын мен қола Ресей спортшыларына бұйырса, күміс жүлдені қазақстандық Дарын Қонысбаев жеңіп алды.
Elite Women: Ресейден Татьяна Баскакова чемпион атанды. Жапониялық Минори Икено күміс, Беларусь өкілі Алина Синевич қола жүлде иеленді.
Junior Men: тұғырдың үш орнын да қазақстандықтар бағындырды. Бірінші орын – Елмурат Қанай, екінші – Арсений Шевченко, үшінші – Никита Дубовицкий.
Junior Women: алтынды Аида Ким (Қазақстан) жеңіп алса, күміс қырғызстандық Ралина Артықходжаеваға бұйырды. Үшінші орынға тағы бір қазақстандық спортшы Рамина Агабаева көтерілді.
Жарыс барысында қазақстандық атлеттер жоғары деңгейде өнер көрсетіп, Олимпиада рейтингінде ұпай жинау мүмкіндігін арттырды.
Сонымен қатар, Age Group санатында еліміздің 93 спортшысы мен бір командасы бақ сынады. Ең жас қатысушы – 2007 жылы туған жасөспірім болса, ең тәжірибелі спортшы – 1964 жылғы триатлет.
Жарысқа аты аңызға айналған спортшы, алты дүркін Ironman әлем чемпионы Марк Аллен арнайы келіп, қатысушыларға сәттілік тілеп, шабыт берді.