• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Тағзым Бүгін, 08:17

Мырза төре тағылымы

60 рет
көрсетілді

Жеңістің 80 жылдығына орай Түркістан облысы Жетісай ауданы Ақниет ауылындағы аллеяға мәрмәрдан ескерткіш қойылған. Аудан жұртшылығы соңғы уақытта осы алаңқайда елдік мәдени-тағылымды шаралар өткізіп жүр. Таяуда осы жерде Түркістан тәуелсіздігі үшін күрескен есіл ер, Алаш қозғалысы мен «Жас бұхаралықтар» қозғалысының қайраткері, 1920 жылдары 400 мыңға жуық қазақ тұрған тарихи Бұхара республикасында үкімет мүшесі болған тұлға, 1924–1925 жылдары Орталық Азия республикаларының шекарасын айқындау комиссиясы мүшелерінің бірі Мырза Наурызбайұлының туғанына 125 жыл толуына арналған мәдени-ғылыми іс-шарасы ұйымдастырылды. Оған Алматы мен Астанадан келген зиялы қауым өкілдері, қайраткер М.Наурызбайұлының ұрпақтары, аудан жұртшылығы қатысты.

Салтанатты іс-шара мемо­риал­дық тақтаға гүл шоқтарын қою­дан бас­талды. Жетісай ауда­­ны­ның әкімі Серік Мамытов құт­тықтау сөз сөйлеп, аталған тұлғаның тарихтағы орны мен өңір­дің әлеуметтік-мәдени табыстарын атап өтті. Жергілікті жұртшылық «Мырза төре» атап кеткен М.Наурызбайұлы қайраткерлігін, еңбекқорлығын, шығар­машылығын жас буынға насихаттаудың маңызы зор. Мәселен, қуғын-сүргіннен соң 1953 жылы туған жеріне оралып, Оңтүстік Қазақ­стан облысының Киров (қазіргі Жетісай) ­ауданы Фрунзе кеңшарын (қазіргі Ақ­ниет ауылы) басқаруы, жастарды оқуға жібе­руі, еңсесі түскен елдің рухын ­көте­руі – айрықша өнеге. Қырғызстандағы табанды еңбегі, Қазығұрт пен Шардарадағы кәсіби, ардагерлік жолы ұмытылмақ емес. Ең кереметі, ол кісі ешқашан кеуде қақпаған. Негізгі қызметінен бөлек бар ықыласын 50 жастан кейін сүйген перзенттерінің тәрбиесіне арнаған.

Мақтаарал ауданының құрметті азаматы, заң саласының ардагері Мырзақұл Ертаев, Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов, Шардара ауданы әкімінің міндетін атқарушы Бейсенбай Төребе­ков, Шардара ауданы мен Түркістан облы­сының құрметті азаматы, Шардара аудан­дық ардагерлер кеңесінің төр­ағасы Тоқсанбай Бердібеков, Мақтаарал ауданы ардагерлер кеңесінің мүшесі, «Ахан ата» аллеясы мен мемориалдық кешеннің құрылтайшысы Құрбан Жұманазар тарихи тұлғалардың, соның ішінде Мыр­за Наурызбайұлының ел үшін аса жауапты 1920–1950 жылдардағы өжеттігін, қағи­датшылдығын, көрегендігін атап өтті. Мемлекет басшысы идеясы негізінде Ақ­ниет ауылында ашылған «Келешек мек­тебі» («Жайлы мектеп») ұлт қайрат­кері, Алаш білімпаздар съезінің төралқа мүшесі болған Мырза Наурызбайұлы есімін алуға лайықты екенін дәйектеді.

Алаштың арда азаматын 1990 жылдан бері зерттеп жүрген бүгінгі Ұлт­тық құрылтай мүшесі, ҰҒА академигі, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы: «Түркістан өңірі М.Наурызбайұлын тану мен танытуды қолға алғаны қуантады. Ол Бұхарада, Қырғызстанда неге жүр? Тарыдай ша­шылған ұлтына, тілдес ағайынға қамқор болып жүрді. Бүгінгідей тыныш заман болса, әрине, бар қабілетін, деңгейін өз елінде жарқыратып көрсетер еді. Қазір Өзбекстанда жәдитшілдік жиі айтылып жүр. Бұл пікірде, істе жаңғырудың ХХ ғасыр басындағы нұсқасы ғой. Қазақ­тың Мырзасы, міне, осы қозғалыстың ішін­де жүрген. 1924 жылы Орынбордағы Білімпаздар съезінде А.Байтұрсын­ұлы, Ә.Бөкейхан, Х.Досмұхамедұлы, т.б. тұлғалармен төралқада қатар отыруы М.Наурызбайұлының деңгейін, сапасын көрсетеді. Ол – көшбасшы, ол – батыр тұл­ға. Біздің «Egemen Qazaqstan» газетінің ­бас­тауы «Еңбекші қазақта» Бұхара қазақтары­­ның тағдыр-талайы, оқуға, бірлікке, ағару­ға ұмтылысы туралы қаншама мақала жаз­­ған. Ал Орталық Азия республикалар терри­ториясын ме­желеу комиссиясындағы ақылы, кәсі­билігі, көрегендігі – Қазақстанның ел мен жер тұтастығының рәмізі. Сонау Бұхара­дан қазақ жеріне жетіп, өсіп-өнген жұрт­шылықтың ұрпағы ғана емес, тұтас Алаш баласы осыны ұмытпағаны жөн», деді.

Ұлттық қауіпсіздік саласының генера­лы, Парламент Мәжілісі VI шақырылы­мы­ның депутаты, профессор, Оңтүстік Қа­зақ­стан облысының құрметті азаматы Ержан Исақұлов: «Тарихтың бұралаң кезе­ңінде елін, ұлтын ойлаған қаһарман тұлғалар шығады. Мен Мырза Наурызбайұлы өмірі мен қайраткерлігін Оңтүстік Қазақстан об­лыс­тық партия комитетінің архивінде сақ­талған әрқайсысы 300 беттік екі том құжат­тан, Мәскеу архивінде хатталған бір том­дық құжаттан танып-білдім. Расын­да, ол кісі өз саласын жетік білген маман болған. Қырғызстанда Мемлекеттік бақы­лау саласында қызмет істеп жүріп, сол ел үшін маңызды бастамалар көтерген. Үкі­мет қаржысын үнемдеу мен ұқсатудың жо­лын көрсеткен. Мырзекеңнің бір кезде «ха­лық жауларымен» байланыста бол­ған «айыбы» қыр соңынан қалмаған. Бірақ оны білігін сыйлаған әріптестері құт­қа­рып жіберген деп санаймын. Соған қара­май тергелген, абақты көрген. Қазақта «Кемел жігіт кешірімді» деген сөз бар. Ол қинал­ған кезіндегі қорлық-зорлық үшін кек сақ­тамады. Жақсылықтан үміттенді. Тіпті отбасы бақытын кеш көргені де Мыр­зекеңнің шыдамдылығы, төзімділігі дер едім. Рухы шат болсын!», деп өз ойын түйіндеді.

Игі іс-шара тарих пен отаншылдықты асқақ­татқан Жетісай өнерпаздарының ән-күйі­мен көркемделіп отырды. Салтанат со­ңында ұлттық дәстүрге сай қаһарман қай­раткер, марқұм майдангер, ардагер тұл­ға­лар аруағына құран бағышталып, өңір жұрт­шылығына, жастарына ақ бата берілді.

Мәдени-танымдық шараны қорыт­қан қайраткердің перзенті Ботагөз Мыр­за­қызы әкесі М.Наурызбайұлының бүкіл ұрпақ­тары аты­нан облыс, аудан, ауыл әкімдігіне, ардагер­леріне, зиялыларына ризашы­лығын білдірді.

 

Жаңабай СЕЙДУӘЛИЕВ,

журналист